Ақмолада полицейге пара алғаны үшін 5 миллионға жуық айыппұл салынды

айыппұл
Фото: liter.kz

Ақмола. 30 маусым. 7kun.kz — Ақмола облысында жол-патрульдік полициясының қызметкеріне пара алғаны үшін ірі көлемде айыппұл салынды. Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Полицейге ауыр жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылды.

«Ақмола облысы Бұланды аудандық сотында Ақмола облыстық ІІД жол-патрульдік полициясының қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Материалдарға қарағанда жол-патрульдік полиция қызметкері Макинск қаласында Ж. есімді адамнан оны мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін 80 000 теңге пара алған», — деп мәлімдеді сот өкілдері.

Сот үкімімен полицей ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі бойынша («Пара алу») айыпты деп танылды. Оған 4 800 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан және арнайы атағынан өмір бойына айырылды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Дереккөз: tengrinews.kz