Ақтауда автоматтандырылған дәріхана ашылды

1391

Ақтау. 22 қаңтар. 7kun.kz — Маңғыстау облысының Ақтау қаласында алғашқы автоматтандырылған дәріхана ашылды. Жоба «Астана Innovations» АҚ қолдауымен жүзеге асырылған деп хабарлайды Mangystau Online ақпарат орталығы.

«Бүгінде Қазақстанда шағын және орта бизнеске көп көңіл бөлінеді. Әсіресе, инновациялық технологиялардың орны ерекше. Біздің «Дәріхана роботы» жобамыз — AsterLabsolutions (Қазақстан) мен TecnilabGroup (Италия) компанияларының бірлесуімен жүзеге асырылды. Бұған Германияның бизнес-сарапшылары да қатысты», — PHARMA PLUS AKTAU дәріханасының басшысы Гүлнар Мусина.

Оның айтуынша, бұл дәріхананың артықшылығы — қызмет көрсету жылдамдығында. TwinTec дәріхана роботы — автоматталған іздеу жүйесі. Яғни, шағын қойма десе де болады. Роботтың мәліметтер қорында 1000 шақты препараттардың аты сақтаулы. Жалпы роботтың жадына 10 000 дәрінің атын сақтауға болады.

Дәріханаларға робот қою алғаш рет Германия, Италия және Францияда басталған.