Ақышев Qazkom туралы: Банк әдеттегі режимде жұмыс істейді

482
Ақышев
Фото: kursiv.kz

Алматы. 7 қараша. 7kun.kz — Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев WhatsАpp қолданушылары арасында тараған  «Казкоммерцбанктің» қаржылық жағдайы нашарлағандығы туралы мәліметтердің  шындыққа жанаспайтындығын айтты деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі. 

«Банк әдеттегідей режимде жұмыс істейді. Карточкалық, жеке және депозиттік шоттарда ақша алу бойынша ешқандай шектеулер жоқ», — деді Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы 2017 жылдың шілдесінде Qazcom-ның Халық банктің еншілес банкі болғандығын, соның нәтижесінде Halyk қаржы тобының ТМД-да ірі жеке қаржы құрылымдарының үштігіне кіргендігін атап өтті.

«Халық тобының құрамында және оның қаржылай қолдауымен  Казкоммерцбанк ҚР Ұлттық Банкінің капитал және өтімділік жеткіліктілігі жөніндегі негізгі нормативтерін сақтай отырып, дербес қаржы институты ретінде жұмыс істейді», — деді банк төрағасы.

Қорытындысында ол жалған ақпарат тарату фактілері бойынша Ұлттық банктің құқық қорғау органдарына өтініш беретіндігін атап өтті.

Бұған дейін WhatsApp-та тараған банктің банкроттығы туралы сыбысқа Қазкоммерцбанк әлеуметтік желідегі парақшасында ресми түрде жауап берген еді.