Адамдармен аз сөйлесу табысқа жетелейді

сөйлесу
Фото: grot-school.ru

Неғұрлым танысымыз көп болса, соғұрлым жақсы, солай емес пе? Олай болуы міндетті емес! Harvard Business Review-ге арналған материалында The Community Company-дің бас директоры және «Гуру нетворкинга» кітабының авторы Скотт Гербер қарым-қатынастағы бастысы – мұқият таңдалған орта екендігін түсіндіреді.

Біз кез келген мәселеге қатысты «неғұрлым көбірек болса, соғұрлым жақсы», — деген пікірді ұстанатын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, әлеуметтік желіде болсын, шынайы өмірде болсын, таныстарымыздың қатарын толықтырып отыру – барлығымыз үшін қалыпты жағдай. Өйткені, біз неғұрлым көп адамды танысақ, қызмет баспалдағымен көтеріліп, өзімізге жаңа нәрселерді үйрететін тәлімгерді тауып, қаржылай баюымызға мүмкіндігіміз жоғары.

Алайда, «желілік гуру» болу достарыңыздың санынын артуынан өзге ештеңе бермейді. Шын мәнісінде, бұл – сіздің ортақ қызығушылықтарыңыз бен құндылықтарыңызды бөлісетін мұқият таңдалған адамдармен араласатындығыңыздың көрінісі десе болады.

Қарым-қатынастың ядросы сіз ойлағаннан да кішкентай болуы керек.

Біздің барлығымыз уақыт тапшылығын бастан өткереміз, кейде уақытты жұмысқа, отбасына және «демалысқа» («пайдалы қарым-қатынастарға» арнап жоғалтатын уақытымыз) арнап теңдей бөле алмай жатамыз. Бірақ мұндай байланыстарды іздеу соншама уақытты алмауы да мүмкін. Егер сіз адамдардың көпшілігіне ұқсайтын болсаңыз, онда адамдармен танысуға ыждағатпен қарамадыңыз, өз ортаңызға сізбен араласқысы келген барлық адамды қостыңыз дегенді білдіреді. Бәлкім, сізге адамдарға «жоқ,»- деп айту қиын болар. Мүмкін сондықтан сіздің алыстан танитын адамыңыз өзіне уақыт бөлуді талап ететін болар, ал сіз сыпайы адам ретінде оның көңілін қалдырмауға тырысатын боларсыз. Сіздің асқан жомарттығыңыз өзіңізге зиянын тигізуі әбден мүмкін: егер уақытыңызды 5 емес, 50 адамға бөлетін болсаңыз, адамдарға деген әсеріңіз мүлде білінбей қалуы да мүмкін. «Network Under 40» компаниясының негізін қалаушы Дарра Бруштейн «Өзіңіз жақын араласатын 5 адамды таңдап алған дұрыс, өйткені дәл сол адамдар сізге үлкен көмегін тигізеді,» — дегенді айтады.

Бруштейннің негізгі қызметі – кәсіби байланыстарды нығайтуды ұйымдастыру. Оның пікірінше, адамдар көп жағдайда өзгелер жайлы оның жақын араласатын ортасына қарап, асығыс шешім қабылдай салады. Сондықтан, кейде адамның өз ортасын «тазалап» алғаны дұрыс.

Алайда, адамдармен қарым-қатынастың тар шеңберін сақтау – тым асқақ адамдарды таңдау деген сөз емес. Бұл – жақсы және ақылды адамдармен байланыс орнатып, өзіңнің жақсартылған нұсқана айналуға септігін тигізетін адамдармен дос болу дегенді білдіреді.

Жыл сайын мен кәсіби тақырыптарға есеп беру барысында, The Community Company бизнесінің дамуымен айналысуда, жас кәсіпкерлерді қолдау барысында (мысалы, Junior Achievement бағдарламасы арқылы) мыңдаған адамдармен байланыс орнатамын. Алайда олардың арасында тек санаулы адамдарға ғана ештеңеге қарамай өз уақытымды бөле аламын.  

Мәселен, маған сын айтуға әзір колледждегі және бизнестегі досыммен бірге екі аптада бір рет тамақтанамын. Ал үш айда бір рет кәсіпкер досыммен кездесемін. Ол бүгінде ірі компанияны басқарады және маған әрдайым терең ойлау керектігін еске салып отырады.

Мектеп кезінен бері жақсы араласатын жақындарымның арқасында мен өзімнің шыққан тегімді ұмытпаймын. Және демалыс күндерімнің барлығын дерлік әйеліммен және балаларыммен өткізіп, жаңа отбасылық естеліктерді қалыптастырамын.

Бұл адамдарға мен толығымен сенім артамын. Олар – менің сәтті салған ғимаратымның берік іргетастары. Мен оларды өзге адамдардан қорғану үшін таңдамаймын, олар мен араласатын өзге адамдарға жақсы болып көрінуіме ықпал етеді.  

Ал өзіңіздің берік іргетасыңызды қалай қалауға болады? Ол үшін ең алдымен өзіңізге баға беріңіз. Сіз кіммен араласып, кіммен араласпау керектігін бақылауда ұстайсыз ба? Әлде бақылауды өзге адамға тапсырасыз ба? Досыңыз үшін бірнеше жыл қатарынан қатысатын түскі астар мен конференцияларды есіңізге алыңыз. Соңғы рет қашан бұл іс-шаралардан сіз өзіңізге қажетті нәрселерді алдыңыз немесе өзіңізді аша алдыңыз? Бұл шаралардан сіз шабыттанып шығасыз ба, әлде бос қайтасыз ба?

Егер адамдармен қарым-қатынас ережесін сіз таңдамайтын болсаңыз, кіммен уақыт өткізу керектігін сіз таңдамайтын болсаңыз, бұл құқықты өзіңізге тез арада қайтаруыңыз керек. Алдымен жоспар құрыңыз: сізден көп нәрсені қажет ететін, алайда нәтижесінде ештеңе бермейтін адамдар мен іс-әрекеттерге қалай мейлінше аз уақыт бөлуге болады?   

Бұдан соң өзіңіздің әдеттеріңіз бен демалысыңызға баға беріңіз. Соңғы аптада қандай іс-шараларға қатыстыңыз? Қайсында сіз өз уақытыңызды босқа жоғалтпадыңыз? Онда не болды? Қайсысына тағы бір рет қатысар едіңіз? Қайсына көбірек көңіл бөлер едіңіз? Ал қайсына мүлде қатыспайтын едіңіз?

Өзіңіздің уақыт өткізуіңіз сіздің ішкі принциптеріңізге сәйкес келеді ме? Егер сәйкес келмесе, достарыңыз бен әріптестеріңіздің арасында қолайсыздық тудырса да, мұндай кездесулерден бас тартыңыз.

Өзгелерге де баға беріңіз. Соңғы кездері кіммен сөйлестіңіз? Қандай адамдармен көбірек кездескіңіз келеді, ал қайсынан алшақтаған дұрыс? Қарым-қатынас тек іскерлік мәселелерді шешуі керек деген ойдан аулақ болыңыз.

Өзіңіздің жақсы араласатын ортаңызды тарылту арқылы сіз өз ортаңыздың сәулетшісі атанасыз. Сіз үшін бағалы адамдармен ғана жақын араласу арқылы олардың қажеттіліктері мен ниет-тілектерін жақсырақ түсіне бастайсыз, өз кезегінде олар да сізді жақсырақ таниды. Осылайша сіз өз іргетасыңызды берік етіп қалайсыз. Сонда ғана сіз және сіз араласатын орта құнды бола бастайды.

Материал mc.today сайтынан аударылды

Аударма жасаған: Алтынай Жұматаева