Алматыда адам ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Алматы. 3 қазан. 7kun.kz – Алматы полициясы адам ұрлығының бетін ашты, деп хабарлайды 7kun.kz polisia.kz-ке сілтемемен.

40 жастағы алматылық қылмыскерлердің құрбаны болды. Оны Алматы қаласы Алмалы ауданында орналасқан тұрғын үй аумағынан ұрлап кеткен.

Ұрланған азаматтың жұбайы полицияға арызданған. Оны іздестіру үшін жедел-тергеу тобы құрылып, жәбірленушінің қай жерде екені анықталды.

«Ер адамды босату бойынша арнайы іс-шара қаланың Түрксіб ауданындағы қоймалар аумағында жүргізілді. Төрт адам ұсталды. Олар бұрын бопсалау және бұзақылық үшін сотталған. Ұрланған азамат аман-есен босатылды. Оны қатты соққыға жыққан және оған медициналық көмек қажет болды. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс адамдар оны босату үшін 200 мың доллар талап еткен, әйтпесе героины бар иньекция енгіземіз деп қорқытқан», – дейді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Аталған факті ҚР ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігімен тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу барысында істің мән-жайы белгілі болады. Күдіктілер қамауға алынды.