Алматыдағы крематорийдің ашылуы кейінге шегерілді

Алматы. 25 мамыр. 7kun.kz – Алматыда крематорийдің ашылу мерзімі белгісіз мерзімге ауыстырылды. Бұл туралы жергілікті әкімдік хабарлады.

Крематорий құрылысының бас жоспары екі жобаға бөлінген. Бұл ғимарат пен инженерлік желілердің құрылысы.

«Ғимаратта құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталды. Бүгінгі таңда крематорийді пайдалануға беру үшін нысанға сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстарын аяқтау қажет. 2021 жылдың қазанында қолайсыз ауа райының басталуына байланысты жұмыс 2022 жылдың наурызына дейін тоқтатылған болатын», – деп хабарлады әкімдікте.

Қазір инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары қайта жанданды. Олар 2022 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Ғимараттың өзінде әкімшілік бөлмелер мен жұмысшыларға арналған бөлмелер орналасқан. Сондай-ақ душ бөлмелері, салттық керек-жарақтар дүкені, қоштасу залы бар.

«Крематорийдің өндірістік қуаты кремациялық жабдықтың өткізу қабілеті, кешеннің жұмыс режимі негізінде есептелген және екі ауысымды жұмыс кезінде тәулігіне 23-24 кремацияны (жылына 7000 кремация) құрайды», – дейді мамандар.

Крематорийдің жұмыс істеу ережелері әзірленуде.

Айта кетейік, Алатау ауданындағы патологоанатомиялық бюроның жанында еліміздегі алғашқы крематорий ашылады. Құрылыс құны – 1,3 млрд теңге. Ақша республикалық бюджеттен бөлінді. Крематорийде екі пеші бар бір зал болады.