Ғалымдарша ойлау жүйесін қалыптастыратын 7 қағида

ойлау
Фото:humanstory.ru

Ғылым 21 ғасырда жеткілікті дамығанымен, адам миының қыр-сыры толық зерттеліп біткен жоқ. Мидың қабілеті шексіз.  Неврология интеллект адамға туа бітпейтінін, оны жетілдіріп, дамыту —  әр адамның міндеті екенін дәлелдеді.  Сонымен қатар мидың жұмыс істеуін жақсарту үшін бойыңызға бірнеше қабілетті сіңіруіңіз қажет. Интеллектіңізді жоғарлатып, ғалымдарша ойлау қабілетін қалыптастырғыңыз келсе, осы 7 қағиданы күнделікті әдетіңізге айналдырыңыз

Сәтсіздіктен қорықпай , қателіктеріңізден сабақ шығарыңыз

Егер мақсатыңызға жете алмасаңыз немесе белгілі бір жұмысты істеу қолыңыздан келмесе, еңсеңізді түсірмеңіз. Әлемнің үздік ғалымдары, оның ішінде Леонардо да Винчи  өмірдің біз ойлағаннан да қарапайым екенін ескертіп, әр нәрсе үшін уайымдап, еңсе түсірудің қажеті жоқ екенін айтқан. Үлкен жетістікке жеткен ғалымдар сан рет қателесіп, сәтсіздікке ұшыраған. Қателік пен сәтсіздікті жетістікке жетелейтін амал ретінде түсіну керек. Барлығының бірден керемет, ғажап болып шығуы мүмкін емес. Өзіңізге сенімсіз болсаңыз, білімсіздігі үшін мектептен шығарылған Томас Эддисоннан немесе тоғыз жасына дейін дұрыс сөйлемеген Альберт Эйнштейннен үлгі алыңыз. Томас Эддисонды барлығымыз шамды ойлап тапқан ғалым ретінде білеміз. Алайда  ол басында нақты қандай шамды ойлап табатынын білген жоқ. Ең бастысы бар жігері мен уақытын еңбектенумен өткізді. Оның өзіне деген сенімі үлкен мақсаттарға жетіп, қиындықтарды жеңуге себеп болған.

Кем дегенде күніне кітаптың бір тарауын оқыңыз

Ойлау қабілетіңізді жақсарту үшін бір аптада бір кітап оқып шығуға тырысыңыз.  Күн сайын  20-30 минутыңызды  кітап оқуға бөліңіз. Егер қолыңыз мүлдем бос болмаса, сабаққа немесе жұмысқа барарда, кезекте, кептелісте тұрғанда оқыңыз.  Сізге пайдалы кеңес беретін әрі ғылыми бағытта жазылған, сондай-ақ  өзін-өзі жетілдіру туралы кітаптарға назар салыңыз. Фантастикалық жанрда жазылған кітаптарды көп оқитын адам депрессияға сирек шалдығады. Кітапты оқып шыққан соң, білгеніңізбен бөлісіңіз. Өзгелерге сіз оқыған кітап немесе ақпарат басқаша ой қалыптастыруы мүмкін.  Досыңыздың, әріптестеріңіздің, туыстарыңыздың пікірі сіздің біліміңіздің артуына себепші болады. Эмори университетінің ғалымдары кітап оқығаннан кейін адамның интеллектісі жоғарылайтынын дәлелдеді. Кітапты көп оқыған адамның ой-өрісі кең екендігі белгілі. Кітап өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырады. Есту қабілетіңіз жақсарады. Ойыңызды ашық әрі анық жеткізіп үйренесіз. Огайо Штатының университетінде кітаптың көмегімен адам өмірлік мақсатын оңай табатыны дәлелденді. Сонымен қатар, адам ағзасы ми қартайғанда ғана қартаятыны дәлелденді. Демек, миыңыз қартаймай, үнемі жас болып жүруіңіз үшін кітапты көп оқыңыз.

Жемісті ермек қалыптастырыңыз

Уақытыңызды пайдасыз іске  бөліп,  «Инстаграмм», «Вконтакте» парақшаларында текке өткізгенше, миыңызды жетілдіретін ермекпен айналысыңыз. Логикаңызды, моторикаңызды, зейініңізді  дамытамын десеңіз, кешкі уақытыңызды пазл құрастыруға бөліңіз.

Шет тілдерін үйрену балаға да, ересек адамға да пайдалы. Қарт адам жаңа тіл үйренсе, ақыл-ой кемістігі, сонымен қатар Альцгеймер ауруына шалдығу мүмкіндігі тежеледі.  Көп тіл білетін адамның интеллектісі  ана тілінде ғана сөйлейтін адамдікінен екі, үш есе жоғары.

Музыкалық аспаптарда ойнау — сіздің аналитикалық, математикалық қабілеттеріңізді, шығармашылық тәсілдемеңізді арттырады. Музыкалық аспапта ойнаған сәтте  мидың екі жартышарын байланыстыратын жүйке талшықтары қалпына  келеді.

Спортпен айналысқан ғалымдар санаулы ғана деп ойласаңыз , қателесіз. Грек философы Платонның деректерде жақсы күресші болғаны айтылады. М.Ломонософ біліммен бірге мергендікті, боксты, би өнерін қатар алып жүрген.  Егер 20 минут спортпен шұғылдансаңыз, есте сақтау қабілетіңіз бен ақпаратты қабылдауыңыз жақсарады.

Күніне 10 идея ойлап табыңыз

Өзіңізді шығармашылықтың адамы ретінде қабылдаңыз. Жақсы идеялар тек білікті, білімді, ғұламаларда ғана туады деп ойламаңыз. Әр адам — қайталанбайтын тұлға.

Әр идеяңызға қуаныңыз. Ойыңызға бірден табысты идея келмесе де, қарапайым идеялардың өзі ұлы бастамаларға себепші болуы мүмкін

Дәптеріңізге идеялардың барлығын жазыңыз. Бұл тәсілдің көмегімен сіз барлық идеялардың ішінен үздігін таңдай аласыз

Табысқа жеткен адамдармен байланыс орнатыңыз. Олардың тәжірибесі жақсы ойдың тууына себепші болады,

Ескі кітаптарды көп оқыңыз. Кітаптағы алған ақпаратты сараптап, жаңа қорытынды шығарыңыз.

Бір күнде басыңызда бірнеше идея келуі мүмкін. Барлығын қағазға түсіріңіз. Қазіргі кезде кейбір идеялар көңіліңізден шықпаса да, біраз уақыттан соң олар сізге қажет болуы мүмкін.

Жиі серуендеп, өзге елдерге саяхаттаңыз. Сізді қуанышқа бөлейтін жаңа жерлерде көп уақыт өткізіңіз.

Өз жұмысыңызға әрдайым сұрақтар қойыңыз

Бала секілді сұрақ қойғанды жақсы көріп, оны дағдыңызға айналдырыңыз. Бала кезде біз сұрақ қоюдан жалықпаймыз әрі оның шегін білмейміз.  Неміс философы Ганс Геор Гадамердің пікірінше , білім сұрақты көп қоятын адамның  иелігінде. Сіз үшін  мәлімет түсініксіз болса, сұрақ қоюдан қорықпаңыз. Өзге ізденушілермен, ғалымдармен пікір  пікір алмасыңыз. Сізге дейін осы тақырыпта жұмыс істеген ғалымдардың еңбегін қарап шығыңыз. Ғалымдардың пікірін бағалап, есіңізден шығармаңыз. Олардың пікірін құрметтеңіз. Сонымен қатар, ізденушілермен бірігіп мәселенің шешімін табудан қашпаңыз. Бірігіп атқарылған іс оңай әрі қызықты екенін ұмытпаңыз.  Бір ақпарат көзіне сүйеніп пікір қалыптастыру дұрыс емес. Бірнеше пікірлерді саралап, бір тұжырымға келген жөн. Зерттеуіңіз  теория жүзінде дәлелденген соң ,пікіріңіздің дұрыстығын білу үшін тәжиребе жүргізгеніңіз абзал.  Сізге дейін осы тақырыпта жұмыс істеген ғалымдардың еңбегін қарап шығыңыз. Ғалымдардың пікірін бағалап, есіңізден шығармаңыз. Олардың пікірін құрметтеңіз. Сонымен қатар, ізденушілермен бірігіп мәселенің шешімін табудан қашпаңыз. Бірігіп атқарылған іс оңай әрі қызықты екенін ұмытпаңыз.

Жұмысыңыздың нәтижесімен бөлісіңіз

Ғалымдар мәселену шешу үшін оны жан-жақты қарастыру қажет деп санайды. Зерттеуіңізді жеңілдетудің орнына тиімді әрі ыңғайлы жұмыс тәсілін ойлап табыңыз. Ғалымдар үшін бір-бірімен ақпарат алмасқан маңызды. Олар өз еңбегін өзгемен талқылағанды, көпшілікпен пікір алмасуды ұнатады. Әріптестер арасындағы ақпарат алмасу сізді жаңа ізденіс жолына жетелеп, тәжірибелігіңізді арттырады. Әлемдегі ең үздік мәліметтер EBSCO, Jstor базаларында сақталатынын біліңіз. База өзге ғалымдардың жұмыстарымен танысуға, пікірмен бөлісуге мүмкіндік береді. EBSCO-да күніне шамамен 100 миллион веб-парақшалар қаралады. Әлемнің үздік университеттері  әрдайым осы жүйені қолданады.  Жүйе оқырманға  ғылыми электронды журналдар , баяндамалық,  электронды кітаптар, мамандандырылған медициналық, техникалық базаларын қолданысқа береді. Сіз өзіңізге қажетті мәліметті мақаланың авторы немесе кілттік сөздер арқылы жылдам таба аласыз.

Аудиоматериалдарды тыңдап, танымдық бағдарламаларды көріңіз

Мәліметтті оқуға мүмкіндігіңіз болмаған жағдайда, аудиоматериалдарды тыңдаңыз. Негізінен адам миы әр 30-45 минут сайын үзілісті талап етеді. Ми материалды алғашқы 20 минутта жақсы қабылдап, жарты сағат өткеннен соң шаршай бастайды. Миыңыздың тиімді жұмысы үшін үзілістің рөлі маңызды. Аудиоматериалды тыңдап жүріп, адамның миында ақпарат санадан тыс кезеңде де сақталады. TED аудиоматериалдары ғылымның түрлі салалары жайлы баяндайды.

Айару ӨТЕНБАЕВА «7»