Ақсу қаласында белгісіз біреу банкоматты жарып жіберді

197
Фото: pavlodarnews.kz

Павлодар. 28 ақпан. 7kun.kz — Кеше кешкісін Павлодар облысының Ақсу қаласында белгісіз біреу Еуразиялық банктің банкоматын жарып жіберген.

Күзетші банкомат маңына келген жас жігіттен күдіктеніп жедел әрекет ету тобын шақырған. Сол мезетте белгісіз ер адам банкоматтан алысырақ кетіп, артынша жарылыс болған.

Абырой болғанда, оқиға орнында зардап шеккендер жоқ. Банкоматтың өзі 21 ақпаннан бері жұмыс істемеген және сол күні банк қызметкерлері ондағы барлық қаражатты алып кеткен. Банкоматта жұмыс істемейтіні туралы хабарлама ілулі тұрған.

Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша бөлімше 1 наурызға дейін жабылған.  Қаладағы қалған бөлімшелер әдеттегі тәртіпте жұмыс істеуде.

Бүгін белгілі болғандай банктің шағымынан кейін құқық қорғау органдары күдіктіні ұстаған. Polisia.kz, хабарлауынша 1995 жылы туған күдікті қамауға тергеуге алынған.