Ақтау қаласында инва-кафе ашу жоспарлануда

Фото: vlast.kz

2016 жылдың мамыр айында Ақтау қаласында менталды ауытқуы бар адамдарды жұмыспен қамту мақсатында кафе ашылмақ.  Бұл туралы Маңғыстау облысындағы әлеуметтік бағдарламалар бастамашысы және жоба үйлестірушісі Қайрат Рыспаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, аталған жоба бойынша менталды ауытқушылығы бар адамдарды үнемі жұмыспен қамту қамтамасыз етіледі.

«Маған Алматы қаласындағы Training Cafе-нің идеясы ұнады. Сондықтан Ақтау қаласында осындай ғимарат ашу жөнінде кафе жетекшілігімен сөйлестім. Жоба мақұлданғаннан кейін жұмысқа тұрғысы келетін адамдарды іздестірдік. Психологиялық тұрғыдан ауытқушылығы бар 36 адамның ішінде инва-кафеде жұмыс істеуге 12-сі өтті. Олар 4 сәуірден бастап Ақтаудағы колледждердің бірінде қоғамдық тамақтану саласы бойынша оқуды бастайды. Әзірге қажетті құрылғылардың барлығы сатып алынды. Енді біраз жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Мамыр айында алғашқы клиенттерімізді қабылдаймыз деп ойлаймын», — деді Рыспаев.

Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыруда ол ең басты қиыншылық білікті психологтар жоқ екенін атап өтті.

Айта кетейік,  Қазақстанда «Training cafe» әлеуметтік жобасы өз жұмысын 2015 жылдың жазында бастады. Жоба үйлестірушісі — Қазақстанның психологтық сараптама ассоциациясы. Ассоциация жетекшісі Анна Құдиярова «Training cafe» бизнес жобасы Қазақстандағы мүгедектерге көмектесетін ерекше жоба екенін атап өтті.