Астана әкімі тағы бір лауазымға ие болды

Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков ТМД астаналары мен ірі қалаларының халықаралық ассамблеясының вице-президенті болып сайланды деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ә.Жақсыбековтың тағайындалуы туралы шешім Халықаралық ассамблеяның XXIII сессиясында қабылданды.

Жаңа лауазым туралы әкім ТМД астаналары мен ірі қалаларының халықаралық ассамблеясының бас директоры Владимир Селивановтың атынан Мәскеуден келген жеделхаттан білді. Бас директор ассамблея атынан Әділбек Жақсыбековты құттықтап, табысты ынтымақтастық орнайтынына және Қазақстанның астанасы мен ірі қалалары Халықаралық ассамблеяның лайықты өкілдері болатынына сенім білдірді.

Айта кетелік, Ә.Жақсыбеков әкім қызметімен қатар «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы лауазымына ие.