Астанадағы қонақүйлердің бағасы қандай?

946
Астана

Ресейлік Oktogo.ru сайтының рейтингі бойынша Астана ТМД-дағы туристер үшін ең қымбат қала деп танылды. Ал ең бюджеттісі — Беларусьтың мәдени астанасы Витебск. Ресейлік турист орта есеппен елордамыздағы қонақүйге тәулігіне 138 доллар, Витебскіде 61 доллар жұмсайды. 

2015 жылдың қаңтар-наурыз айында Қазақстанда келушілерге баспана беретін 2 103 обьект тіркелген. Олардың барлығында 51 743 номер, 115 906 орын бар. Өткен жылмен салыстырғанда номерлер саны 19,1 пайызға өскен. Негізгі бөлігі Алматы (13%), Астана (12,9%), Шығыс-Қазақстан (12,8%), Атырау (8,9%), Қарағанды (8,9%) және Ақмола (8,8%) облыстарына шоғырланған.

Номерлерге орналасу орташа есеппен 20 пайызды құрайды. Бұған сервистің төменгі деңгейі мен қызмет бағасының қымбат екендігі себеп. Қазақстандық қонақүйлердегі жайлылық деңгейі төмен, туристік қызмет көрсету жағынан бәсекелестікке қабілетті емес. Әлемдік стандартқа сай сервисті тек жоғары санаттағы қонақүйлер ғана ұсына алады. Бірақ олардың қызметі шетелдіктер мен қазақстандықтар үшін қымбат.

Төмендегі кестеден жазылғандай, Астандағы 5 жұлдызды қонақүйлер бағасы кем дегенде 30 мыңнан басталады. Люкс санатындағы номер алу үшін 100 000-нан аса шығындалуыңыз қажет. Айта кетерлігі, бірнеше күн бұрын алдын-ала брондап қойсаңыз, жеңілдік беріледі. Ең төменгі баға, тиісінше, 2 жұлдызды қонақүйлерден табылады. 5 000 теңгеге бір орынды номер таба аласыз.

Рейтинг
Ескерту. Доллар бағамының құбылуына байланысты баға өзгеріп отырады. Мәліметте booking.com сайтынан алынды

Chagala компаниясының бизнесті дамыту бойынша бұрынғы директоры Терри Пауэллдің сөзінше, бұл салаға Қазақстанда әлі де барынша көңіл бөліне бермейді. «Қазір 3-4 жұлдызды қонақүйлерді бағытқа алу қажет. Дәл осы секторға қажетті капитал бөлінген жоқ. Аймақтарда элиталық, қымбат қонақүйлерге қарағанда таза номелері, жақсы сервисі мен қолжетімді мейрамханалары бар обьектілер сұранысқа ие», — деді ол.

Дегенмен, Т.Пауэллдің айтуынша, қазақстандық қонақүй секторының болашағына сенуге болады. Универсиада, ЭКСПО-2017 және басқа да халықаралық масштабтағы шаралар елдегі туристік саланың дамуына белсенді әсер етеді.

Бірақ қонақүйлердің бағасы мен сапасы басты мәселе. Құны мен қызмет үлгісі келіскен жайлы орындар барлығына жетуі керек. Colliers International компаниясының есептеуінше, Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу үшін әлі де қонақүйлер жетіспейді. Шараға алғашында 2-3 млн адам келеді деп күтілгенімен, кейінірек 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында туристер саны 8 млн-ға жетуі мүмкін деп болжанды.

 Минимальді есептеу бойынша, 2 млн адам 92 күнде 1 тәуліктен 2 орындық номерге қоныстанса, 10 870 номер қажет. Ал 8 млн адам келеді деп есептесек 608 696 номер қажет болады.  Бұл санға қол жеткізу мүмкін емес. Ұлыбританияның жалпы номерлік қоры 500 мыңды құрайды. Forbes.kz-те жазылған сараптамада көрмеге келушілердің жергілікті халық болатындығы және қонақүйге сұраныс білдірмейтіндігі туралы факті ескерілмеген. Бірақ туристердің көпшілігі қонақүйден номер брондап алатын болады деп болжам жасайды. Ал ресми дерек бойынша, Астанада брендтік 992 қонақүй номері бар. 2016 жылға дейін 1944-ке дейін көбеюі мүмкін. Астананың статистика департаментінің ресми мәліметі бойынша, 2012 жылы қаладағы жалпы қонақүйлер номерлер саны 3600-ды құраған.
ЭКСПО-2017 қолданушыларын жайғастыру маңызды мәселенің бірі болғанымен, салынған ғимараттардың болашағы туралы да ескеру қажет. Colliers International халықаралық компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Әсел Мұсабекова бұл проблеманы ғимараттардың қызмет ету саласын өзгерту арқыы шешуге болады дейді. «Модульді қонақүйлерді Назарбаев Университетінің жатақханалары тәрізді қолдануға және жалға беруді ұсынамыз. Сондай-ақ қонақүйлердің орнына апарт-отель немесе қызмет көрсететін апартаменттер салуға болады. Алдағы уақытта оларды қонақүй, жалға беретін ғимараттар ретінде пайдалануға немесе қайта сатуға шығару үшін қарапайым пәтерге айналдыруға мүмкіндік бар»,- дейді ол.
Фото: advantour.com