Автонесие бойынша 34 көлік иесін тауып, 5 мыңға жуық өтінім мақұлданды

Қазақстан. 23 мамыр. 7kun.kz – Жеңілдетілген автонесие рәсімделетін көліктің VIN кодының болуы жөніндегі талап алынып тасталды, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Бағдарлама басталғалы 14 507 өтінім қабылданды. 35,7 млрд теңгеге олардың 4 834-і мақұлданды. Банк Центр кредит – 2 857, Еуразия банкі – 2 013 өтінімді мақұлдады. 34 көлік өтінім берушілерге табыс етілді», – деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева.

Автонесие бойынша көліктер келесі қалалардан иелерін тапты: Нұр-Сұлтан – 11; Алматы – 4, Ақтөбе облысы – 3, Алматы облысы – 1, БҚО – 1, Жамбыл облысы – 4, Павлодар облысы – 4, Шымкент – 6.

«Азаматтардың өтінішімен екінші деңгейдегі банктерге төлеуге шот ұсыну үшін автомобильдің VIN кодының болуы бойынша талап алынып тасталды. Сонымен қатар, КАСКО сақтандыруына қатысты көптеген ақпарат келіп түсіп жатыр. Осы орайда қор азаматтарға қаржылық жүктемені азайту үшін қатысушы банктерге жыл сайынғы негізде сақтандыру туралы шарт жіберді», – деді «Өнеркәсіпті дамыту қорының» өкілі.

Қор бір жағдайда ғана азаматты  (егер ол екі жылда бір рет қана өтінім беру арқылы көлік алу туралы ережені бұзса) көлік алу тізімінен шығарып тастай алады.