Қазақстанда 19 төлем жүйесі жұмыс істейді

төлем жүйесі
Фото: abcnews.go.com

Алматы. 28 маусым. 7kun.kz — Еліміздің Ұлттық банкі «төлем жүйелерінің реестрін» және «төлем қызметтерін маңызды жеткізушілердің тізілімін» жаңартты, деп хабарлайды abctv.kz. 

Төлем жүйелерінің тізілімінде Қазақстан аумағында жұмыс істейтін 19 төлем жүйесі туралы ақпарат бар. Рас, елімізде бұл сала енді ғана тәй-тәй қадамын басуда. Сондықтан отандық бұл реестрге «операторлары Қазақстанның бейрезиденттері болып табылатын шетелдік жүйелер» де еніп отыр.

Айта кету керек, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңына сәйкес, қазіргі кезде қаржылық реттеушіге «төлем нарығын қадағалау» (оверсайт) жүктелген. Төлем жүйелері осы заңда белгіленген өлшемшарт-критерийлерге және Ұлттық банк басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы №222 қаулысымен бекітілген маңызды төлем жүйелерінің өлшемшарттарының көрсеткіштеріне сай, түрлері бойынша бөлініп берілген. Бұл ретте олар «жүйелі түрде маңызды», «маңызды» және «өзге де төлем жүйелері» болып ажыратылады. «Жүйелі түрде маңызды төлем жүйесі» әрине, ең жоғарғы саты саналады. Ол қатарға бұрынғысынша тек банкаралық ақша аудару жүйесі жатады. Ал, «маңызды төлем жүйелеріне» – банкаралық клиринг жүйесі, VISA, «Алтын Тәж» (Золотая Корона) жатады.

Сонымен қатар 2017 жылғы мамыр – 2018 жылғы сәуір аралығында жүргізілген талдау қорытындылары нәтижесінде осы «элита» қатарына америкалық Mastercard жүйесі де жатқызылды. Ол да енді Қазақстанда «маңызды төлем жүйесі» деп аталады. АҚШ-тың бұл өнімі неге осындай мәртебеге ие болды? Себебі, отандық бизнесмендердің, компаниялардың және халықтың үлкен бөлігі соған тәуелді көрінеді және соның қызметін пайдаланады. Нақтырақ айтсақ, былтырғы мамырдан осы кезге дейінгі кезең ішінде төлем карточкаларымен есеп айырысулар бойынша банкаралық төлемдердің жалпы көлемінің 25%-дан астамы жалғыз ғана осы Mastercard төлем карточкаларының жүйесі арқылы жүзеге асырылған. Қазақстандағы қалған 14 жүйе әзірге элита қатарына қосылдан алыс және тиісінше, Ұлттық банк тарапынан тек «өзге де төлем жүйелеріне» жатқызылды.

Сонымен бірге, төлем жүйесінің болуымен қатар, ол бойынша клиенттерге қызмет көрсететін ұйымдардың болуы да маңызды. Қаржылық реттеушінің нақтылауынша, «Төлем қызметтерін маңызды жеткізушілердің құрамы» өзгерген жоқ. Төлем карточкалары нарығында төлем қызметтерін маңызды жеткізушілерге бұрынғысынша «Қазақстан халық банкі» АҚ-ы, электрондық ақша нарығында «Kaspi Bank» АҚ-ы, жүйелік маңызы бар төлем жүйесі, яғни банкаралық ақша аудару жүйесі арқылы төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу ісінде «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-ы, банктер арасында ашылған корреспонденттік шоттар бағытында «Ситибанк Қазақстан» АҚ-ы жатады. Осы саланың негізінен мемлекетке қызмет жасайтын бағытында да көшбасшы бар. Мәселен, зейнетақы төлемдерін ұйымдастыру және жүзеге асыру, мемлекеттік бюджеттен немесе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақыларды, әлеуметтік және өзге де төлемдерді төлеу бөлігінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «төлем қызметтерін маңызды жеткізуші» деп танылып отыр. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл бизнес емес, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО). Жалпы, төлем жүйесі саласы табысты кәсіп саналады.

Сонымен, бүгінде Қазақстан аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық банктің де төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкаларының жүйелері мен өзге де төлем жүйелері жұмыс істейді. Биылғы жыл басынан бері қаржылық реттеушінің төлем жүйелері («банкаралық ақша аудару жүйесі» мен «банкаралық клиринг жүйесі») арқылы ғана қарапайым қазақстандық сенбес 262,6 триллион теңге сомаға 13,3 млн транзакция жүргізілген! Әйтсе де, бұл сома 2017 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда, 5,4%-ға азайған көрінеді. Орташа алғанда, аталған төлем жүйелері арқылы тек бір күн ішінде 3,3 трлн теңге сомаға 165,8 мың транзакция жүргізілген. Жеке сектор да «триллионмен» сөйлейді. Жыл басынан бері Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың көлемі 5,5 триллион теңге сомаға 212,7 млн транзакцияны құрады. Осылайша, 2017 жылғы осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда транзакциялардың саны 64,2%-ға, ал сомасы – 45,6%-ға ұлғайды.

Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымында қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер үлесі 61,1%-ға дейін өсті, қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер көлемінің үлесі 28,6%-ға дейін ұлғайды. 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде төлем карточкаларын 25 банк пен «Қазпочта» АҚ шығарады. Таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 20,5 миллионға жетті. Осынша карточкаға 9,9 мың банкомат, 132,3 мың POS-терминал, 827 банк дүңгіршегі қызмет көрсетеді. Әрине, онымен жасалған сауда үшін де есеп айырысуға болатыны мәлім.

Қазір Қазақстанда төлем жасауға 82,4 мың сауда кәсіпорны төлем карточкаларын қабылдайды. Сөйтіп, 2017 жылғы 1 мамырдағы санынан 14,6%-ға асты. 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан аумағында тіркелген 8 ақша аударымы жүйесі және ақша аударымдарының өзге жүйелері жұмыс істейді. 2018 жылғы қаңтар-сәуірде халықаралық ақша аударымы жүйелері арқылы шетелге жалпы көлемі 184,6 млрд теңге сомаға 0,9 млн ақша аударымдары жасалған. 2017 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда ақша аударымдары көлемі 50,3%-ға өсіп отыр. Сондай-ақ осы жүйелер арқылы елімізге де қаражат кіреді. Жыл басталғалы бері шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 82,6 млрд теңге сомаға 0,4 млн транзакция алынды.