Қазақстандағы табысты 7 бизнес

11177
бизнес
Фото:Kapital.kz

Бизнестің табыс құпиясы өте қарапайым ол — дұрыс таңдалған бағыт. Адамдар өз жеке кәсібін ашу туралы немесе шағын бизнесін кеңейту туралы көп ойланады. Бірақ бастама қаншалықты табысты болады? Қандай сала танымал? Назарларыңызға қазіргі уақытта ең табысты әрі танымал бизнес түрін ұсынамыз.

Фото-бизнес

Фото: blondie.ru

Кез-келген дағдарыста табысынан айырылмайтын екі мамандық бар дейді: тіс дәрігері және шаштараз. Қазіргі уақытқа байланысты бұл тізімге фотографты да енгізуге болады. Қазақтың қандай тойына болмасын фотограф қажет.

Табыс: Арнайы фотосессия құны сағатына  10 000 теңгеден 100 долларға дейін тұрады. Ол фотографтың кәсібилігі мен көрсетілетін арнайы қызметтерге байланысты.  Саябақтар мен демалыс орындарындағы фотографтардың табысы айына 200-500 мың теңгеден орналасқан жеріне және аудиториясына қарай 1 млн теңгеге дейін баруы мүмкін. Ал тойда суретке түсірушілер әр тойдан шамамен 20-30 мың теңге пайда көреді.

Шығын: Фотоаппарат құны орташа 180 мың теңге. Принтер – 20-30 мың теңге. Және суретті шығарып немесе көшіріп беруге парақ пен дискілер қажет. Оған айына 20-50 мың теңге кетеді.

Білім саласы

Фото: ibhev.de

Қазір 3 жастан бастап балаларды мектепке дейінгі дайындықтарға жібереді. ЖОО мен мектеп ұстаздарына сұраныс тек арта түседі. Кейбір пәндер ағылшын тілінде өтетін болады. Қазақстан білім берудің үш түрлі моделіне көшеді. Сондықтан тіл үйрену, әсіресе, ағылшын тілі курстарына сұраныс көбейді.  Айта кетсек, бір Алматы қаласында үш мыңға жуық білім беру орталықтары бар. Осы факторларды ескере отырып, білім беру саласындағы бизнес, әсіресе, тіл курстарын ашу жақсы табыс әкеледі деп айтуға болады.

Қандай да бір тіл курсын ашу үшін ЖК немесе ЖШС форматында тіркелу керек. ЖК (жеке кәсіпкер) формасында оқу орнын ашсаңыз, салық көлемі үш пайызды құрайды. Қажетті құжаттар мен тіркеу жұмыстарына 2-3 айдай уақыт керек. Шығын жалға алу орны мен қызметкерлер жалақысына кетеді. Тезірек жарнамаланып, тезірек клиент табу үшін университеттер мен басқа да оқу орындарына, бизнес орталықтарға жақын орналастырған тиімді.

Табыс: Оқыту топтық, жеке және корпоративтік формада жүзеге асады. Аптасына 3 сағаттан, 12 сағат сабақ өтеді. 10 адамнан 5 топ оқытылады деп алсақ, бір айда 50 оқушы білім алады. Әр сабақ құны орташа есеппен 1000 теңге болса, бір айда келетін табыс мөлшері 600 мың теңгені құрайды.

Шығын: Әкімшілік шығындар мен кеңсеге қажетті шығындардың орташа нормасы жылына  270-300 мың теңге. Ғимаратты жалға алу құны шамамен 150 мың теңге. Бұл ең төменгі баға. Қажетті құрал-жабдықтар мен техникаға 350 мыңға жуық қаражат кетеді. Оның ішіне: проектор, 1 ноутбук, 1 үстел мен орындық және т.б. кіреді. Ескеру керек, бұлардың барлығы — бір реттік шығындар. Ай сайынғы шығын канцелярлық құралдар мен коммуналдық төлемге жұмсалады.

Сұлулық салондары

Фото: blog-stilista.com

Қазақстандағы ең табысты бизнес ретінде сұлулық салоны мен шаштараз қызметтерін де ұсынуға болады. Жұмысты кәсіби, тыңғылықты жүргізу мен жақсы маркетинг болса, бір жыл немесе одан да аз уақытта инвестиция шығынын толық өтеуге болады.

Осыдан біраз уақыт бұрын тәжірибелі шаштаразшы Сәуле Утебаевадан сұхбат алған едік. Оның айтуынша, қазір Алматыдағы сән салондары арасында бәсекелестік жоғары. Бірақ өз ісіңді жақсы білсең бәсеке аса қорқынышты емес. Бұл салада ең бастысы – клиент таңдау. Салонды жынысы мен қандай топ өкілдеріне жұмыс істейтініңізге қарай бизнес-орталықтарының жанына немесе көпқабатты тұрғын үй кешендерінің маңайына орналастырған жөн. Тұрғындар көп ықшам аудандарда орналассаңыз, бәсекелестікке аса бас ауыртудың қажеті жоқ. Клиенттер барлығына жетеді.

Сән салондарына экономикалық өзгерістерден келетін зиян жоқ. Себебі кез-келген тұрғын үшін шаштараз бен визажисттің қызметі қай уақытта болмасын қажет.

Табыс: Сұлулық салоны шаш үлгісінің қиындығы мен жылдамдығына байланысты күніне 10-20 клиент қабылдайды. Ұсынған қызметтің сапасына байланысты ай сайын тұрақты тұтынушылары болады. Шаштараздың жалақысы 2 түрлі болады: тұрақты немесе келісілген. Бірақ көпшілігі екінші нұсқа бойынша жұмыс істейді. Әрбір клиент табысының белгілі бір пайызын алып отырады. Яғни қаншалықты көп жұмыс істесе, көп табыс табады.  Графигі тұрақсыз.

Кәсібін жаңа бастағандар кем дегенде айына, 200-300 доллар жалақы алады. Ал екі жылдан артық тәжірибесі бар кәсіби мамандар орташа есеппен 1000 доллардан артық табыс табады

Шығын: Жалпы шаштараз ашуға шамамен 4-5 мың доллар аралығында қаржы қажет. Оның ішінде қажетті құрал-жабдықды сатып алу үшін 3-4 мың доллар кетеді. Ал жалға алған орынға айына 600-800 доллар бөлінеді.

Ломбард

Фото: kupluzoloto.ru

Мұндай қызметтер үнемі сұранысқа ие және қазіргі уақытта танымал. Кез-келген құнды заттарды немесе техниканы кепіл ретінде қабылдап, қарыз беру арқылы, үстіне пайыз қосу арқылы пайда көруге болады. Сонымен қатар, табысты көбейтіп, жалға алу шығынын өтеу үшін сол ғимараттың ішінде, ксерокс немесе кеңсе тауарларын сататын қызметтерді де ашуға болады. Жалпы ломбард жүйесі қандай және операциялар қалай жүзеге асады? Бұл туралы біз бірнеше қала ломбардтарына барып зерттеп көрген едік.

Табыс: Біз сұрастырған ломбард иелерінің сөзінше, күніне шамамен 40-50 адамға қызмет көрсетіледі.  Қарыз бір айға рәсімделеді. Пайыздық мөлшерлеме сомасына байланысты күніне 0,36-0,4 пайыз, егер уақытынан кешіксе бір пайызға өседі. Кепіл ретінде бұйрықта көрсетілген техникалар (ұялы телефон, фотоаппарат, ноутбук т.б.) және алтын мен күміс қабылданады. Алтын мен күміс бағасы Лондон биржасына тәуелді. Ал техника құны оның жағдайы мен құндылығына байланысты. Қарызға техниканың нарықтағы бағасының 10 пайызын қосады. Әрине, бизнестің қанша табыс әкелетіні ломбардтың орналасқан орнына және сұранысқа байланысты.

Шығын: Жалпы ломбард ашу үшін өтініш білдіріп, қажетті құжаттарды толтырғаннан кейін, тіркелу үшін 6,5 АЕК төленуі тиіс. Ал алғашқы жарғылық капитал сомасы 100 АЕК құрайды. Ғимаратты қала шетіндегі аудандардан жалға алу құны — ең аз дегенде 100-300 мың теңге. Ал қала орталығынан ғимаратты жалға алу құны орта есеппен 300 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін барады.

Жалға беру

Соңғы кездері жалға беру қызметі өте танымал. Кез-келген қымбат затты жалға беруге болады. Мысалы: киім, бижутерия мен аксессуарлар, мерекелік костюмдер, қымбат, оригинал автокөліктер т.с.с. қазір сұранысқа ие барлық заттар.

Қазіргі уақытта қымбат автокөліктерді жалға беру кәсібі қарқынды дамып жатыр. Әсіресе жаз уақытында тойлар мен мерекелерде ерекше көліктерге сұраныс арта түседі. Автобизнес жоспары қарапайым. Қажетті инвестиция салып, көліктерді сатып аласыз. Кейіннен белгіленген баға бойынша жалға бересіз.

Табыс: BMW X5 автокөлігін жалға беру құны сағатына 8000 теңге болса, тәулігіне 110 мың теңге. Mercedes Gelandewagen көлігін сағатына 15 000, ал күніне 150 мың теңгеге жалға ала аласыз.

Алматыдағы ең қымбат автокөлік — Rolls-Royce Ghost. Тәулігіне берілмейді, бір сағатқа жалға алу құны – 65 мың теңге. Тағы бір қымбат автокөліктердің бірі — Mercedes Benz S 222 көлігін жалға алу сағатына 50 мың теңге, ал тәулігіне 450-500 мың теңге.

Шығын: Авткөлік сатып алуға кетеді. Мысалы, 2017 жылғы BMW X5 көлігі автосалондарда 17 млн теңге тұрады. Ал Mercedes Gelandewagen көлігінің пайдаланылған нұсқаларының өзі 65 млн теңгені құрайды.

Сол сияқты пәтерді де жалға беруге болады

Табыс: Сағатына 1000-1500 теңге, тәулігіне 6000 теңге. Бұл ең минималды сома. Сонда бір айда кемінде 200 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік бар.

Шығын: Егер өз пәтеріңіз болса, шамамен 15-20 мың теңге коммуналды қызметтерді төлеуге және басқа да ұсақ түйек шығындарға кетеді. Одан бөлек, орташа есеппен 60-70 мыңға жалға алсаңыз да болады.

Қоғамдық дәретханалар

Фото: fb.ru

Блогерлердің зерттеуі бойынша, қоғамдық дәретханалар ең табысты кәсіп екен. Вокзалдағы тазалық сақтау орнының жұмысын бақылай отырып, төмендегідей қорытынды жасады:

Табыс: Қызмет құны – 60 теңге, 3 минутта 5 адамнан келсе 300 теңге болады. Сағатына 6 мың, ал тәулігіне 48 мың теңгеге жуық табыс табады. Сонда дәретхана бизнесінен айына – 1 млн-ға жуық (нақты 960 мың теңге) табыс түседі. Бизнестің өзін-өзі ақтауына кепілдік берілген.

Шығын: Жалға алу құны 100-150 мың теңге. Одан бөлек дәретхана қағаздары мен т.с.с. шығындар бар.

Жерлеу қызметтері

Фото:pohorony.kz

Жерлеу агенттіктері барлық уақытта да қажетті қызмет түрі. Бұл дәстүр ерте ме, кеш пе барлығына қажет болады. Осы тұрғыда мұсылмандар мен христиандардың жерлеу рәсіміндегі баға айырмашылықтарын ұсынамыз.

Табыс: Христиандар үшін жерлеуге қажетті ең басты нәрсе — табыт. Ағаштан жасалған қарапайым табыттар бағасы 15-35 мың теңге болса, элиталы табыттар құны 100-200 мың теңге аралығында. Арнайы шіркеулік жинақтар 2500 теңге тұрады. Кресттер 15-50 мың теңге аралығында болса, зиратты қоршау құны 8000 теңгеден 50 мың теңгеге дейін. Катафалк жалдау бағасы 28 мың теңге, ал қызметкерлер ақысы мәйітханаға жеткізу үшін әр адамға (2 адам) 4000 теңге, жерлеу үшін 8 мың теңге болады. Мәйітті сақтау күніне 7000 теңге, жуындыру және киіндіру 8000-12000 теңге, жер қазу 25-30 мың теңге.

Мұсылмандардың жерлеу рәсімі. Жер қазу — 35000 теңге. Мәйітті шығаруға ұсынылатын табыт — 5000 теңге. Кебін бағасы 7000-8000 теңге. Катафалк жалдау 25 мың — 58 мың теңге аралығында. Мәйітті жуындыру — 25 мың теңге. Мазар тақталары 18-28 мың теңге. Ескерткіш 80 мың мен 150 мың теңге аралығында. Сонымен қатар мәйітті бр қаладан екінші бір қалаға жеткізу қызметтері де ұсынылады. Оның бағасы, мысалы, Қостанайдан Челябинскке жеткізу 300 мың теңге болса, Алматыдан Мәскеуге жеткізу құны 950 мың теңгені құрайды.

Жалпы алғанда, мұсылмандардың ең қарапайым жерлеу рәсімін өткізу 300 мың теңгеге дейін жетеді екен. Ал ең қымбат luxury жерлеу рәсімі 10 мың долларға дейін барады.

Шығын: Өте үлкен кеңістікті жалға алу керек болады. Себебі, ғимарат ішінде жеке офис, табытттар тұратын, ескерткіш тақталар тұратын орын, мәйітхана мен қойма болу қажет. Жалға алу құны орналасқан жері мен ауданына қарай 200-500 мың теңге көлемінде. Табыттар мен ескерткіштерді жасауға қажетті құрылыс материалдарының шығыны бар. Сонымен қатар, мәйітке қажетті кремдер мен бальзамдар т.б. қажет.

Мейірхан Амангелдиев