Қазақстанның зейнеткерлік жүйесі қандай?

Фото:kapital.kz

Зейнетақы жүйесі – еліміздегі өзгерістерге ең көп ұшыраған жүйелердің бірі. Дегенмен зейнетақы жасына шығудың, зейнетақы алудың және зейнетақы көлемінің өзіндік тәртібі болады. Барлық оқырмандарды толғандыратын жүйе туралы толығырақ түсіндіруге тырысамыз. 

Зейнетақы – азаматтарға белгілі бір жасқа толғанда, асыраушысынан айырылған жағдайда, мүгедектігіне қарай және арнаулы қызмет атқарған жылдары үшін берілетін тұрақты ақшалай төлемақы.  Қазақстан 1998 жылы 1 қаңтардан бастап зейнетақымен қамсыздандырудың ынтымақтастық жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінде әрбір азамат өз табысынан зейнетақы жарнасын аударып, өз зейнетақысын жеке өзі жинайды. Сөйтіп, зейнетке шыққан кезде жинақталған ақша салымшыларға олардың жеке зейнетақы шоттарынан төленеді.

Зейнеткерлікке шығу: зейнетақы мөлшері, зейнеткерлік жас және зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер. Негізінен барлық азаматтарды мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі үнемі қызықтырады. Мәселен, зейнеткерлікке қалай дұрыс шығу керек, оның төлемдерінің мөлшерін қалай есептеуге болады және жалпы зейнетақымен қамсыздандыру мемлекет тұрғысынан қалай жүзеге асырылады? Баршамызға белгілі болғандай, республикада жұмыс берушінің өзі ерікті негізде аударылған зейнетақы аударымдарының есебінен зейнетақы төленуі көзделген. Ол әртүрлі үстемақылардан тұрады.

Зейнетақыны қалай есептеуге болады? Ол үшін ҚР зейнеткерлік жасы туралы мәліметтермен танысып алған жөн. Ерлерге арналған зейнеткерлік жас 63 жастан, әйелдер үшін – 2018 жылға дейін 58 жастан басталады. Ал 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін жыл сайын 63 жасқа жеткенше көтерілетін болады. Осылайша, 1964 жылы туған әйелдер зейнетке ерлермен бірге 63 жаста шығады.  1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін экологиялық қауіп аймақтарында тұрған, Семей ядролық сынағында ядролық қару сынақтары салдарынан зардап шеккен азаматтар зейнетке неғұрлым ертерек шығуға құқылы:

Ерлер – 1998 жылғы 1 қаңтардан жағдай бойынша 25 жылдан кем емес еңбек өтілі болғанда 50 жасқа толуы бойынша;

Әйелдер – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 20 жылдан кем емес еңбек өтілінде 45 жасқа толуы бойынша.

Зейнетақы төлемдерін тағайындауға арналған еңбек өтілін қалай есептеуге болады?

Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеуде әскери қызметті орындаудағы немесе баланың күтімі бойынша демалысқа шығудағы өтілі есептеледі. Оның ішіне жасы бойынша жәрдемақы да кіреді. Бұл жәрдемақы ең төменгі күнкөрістің 0,5 мөлшерінде төленеді.

Зейнетақы түрлері

Мемлекеттік базалық зейнетақы. Мұнда 9983 теңгені құрайтын мемлекеттік базалық төлем зейнеткерлікке шыққан барлық азаматтарға еңбек өтіліміне және бұрын жүргізілген аударымдарына қарамастан ұсынылады. Басқаша айтқанда мұндай зейнетақыны «Президенттік зейнетақы» деп атайды. Яғни сіз осы жылы зейнеткерлікке шықсаңыз, сіздің ақыңыздың бірінші қосылғышы 9983 теңгеге теңеледі (жыл сайын сома өзгереді).

Еңбек өтілі бойынша зейнетақы. Ынтымақтастық зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтарына және жұмыс өтіліне байланысты есептеледі. Зейнетақыны есептеу үшін қызметкердің пайдасына аударымдарды 1998 жылға дейін жұмыс істеген азаматтарға тек жұмыс өтілі ғана ескеріледі. Заңнамаға сәйкес жұмыс өтілі 1998 жылға дейін ерлерге – 25 жастан, ал әйелдерге – 20 жастан. Зейнетақыны есептеуде толық жұмыс өтілі ескеріледі. Жасы бойынша ынтымақтастық толық зейнетақыны тағайындағанда, 3 фактор ескеріледі – жасы, 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілі және кез келген 36 ай үшін (3 жыл) қатарынан аударымдары. Яғни сізде 1998 жылдың 1 қаңтарында 6 айдан артық жұмыс өтілі болса, онда сіз екі жүйеден зейнетақы алатын боласыз – ынтымақтастық (өмірлік) және қазірге дейін әрекет ететін жинақтау.

ҚР Жинақтаушы жүйесінде зейнетақы жарналарының 3 түрі бар:

  1. Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ). МЗЖ есептеу үшін қабылданған, ай сайынғы табыстан 10 пайыз мөлшерінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) төленетін ақша.
  2. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – жұмыс беруші еңбек жағдайы зиянды жұмыспен айналысатын қызметкерлердің пайдасына өз қаражаты есебінен төлейтін және БЖЗҚ-ға аударатын, қызметкердің ай сайынғы табысынан 5 пайыз мөлшеріндегі сома.
  3. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – ҚР Заңнамасында және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта айқындалатын тәртіппен зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына БЖЗҚ-ға және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына салымшылардың өз бастамасы бойынша салатын ақшасы. ЕЗЖ мөлшерлемесі зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді.

Әрбір азаматқа ерікті зейнетақы жарналары есебінен өз жинағын арттыруға және соның арқасында еңбек жолын аяқтаған соң өзіне көбірек кіріс қамсыздандыру мүмкіндігі беріледі.

Талшын ӨТЕПОВА «7»