Қазақстандық банктердің онлайн-сервистеріне шабуыл жасалуы мүмкін екендігі ескертілді

Фото:Kapital.kz

Алматы. 1 наурыз. 7kun.kz — Қазақстан банктерінің онлайн-сервистеріне шабуыл жасалатындығы туралы ескертілді. Бұл туралы ақпарат және коммуникация министрлігіндегі «Мемлекеттік техникалық қызмет» РММ-дан (республикалық мемлекеттік мекемесі) хабарланды. 

Мемлекеттік техникалық қызметтің мәліметінше, online.sberbank.ru, click.alfabank.ru, homebank.kz, myhalyk.kz онлайн банкингтерін пайдаланатын қазақстандық тұтынушылардың жеке мәліметтерін ұрлайтын зиянды бағдарламалар тіркелген.

«Адамдар бұл турлы көбірек білу үшін БАҚ-та арнайы жарнамалап отырмыз. Олар өз уақытында антивирусты бағдарламаларды жаңаландырып, интернет-банкингтегі логин мен парольдерін ауыстырулары қажет. Өз каналдары арқылы клиенттерін де ескерту үшін банктерге хабарландыру жібердік», — деді компьютерлік оқыс оқиғалармен айналысатын KZ-CERT қызметінің басшысы Жана Жақұпов.

«Мемлекеттік техникалық қызметтің» мәліметінше, зиянды бағдарламалар http://thehonak.info/c7a977/iir6/eut, http://theholan.com/96jup5qdqg.euh сілтемелеріне өткенде жұғуы мүмкін. Сол жерден алаяқтың прокси-серверіне банк клиентінің логині мен паролі жіберіледі.

Сондай-ақ арнайы қызмет француздық, польшалық, украиналық байланыс операторларынан зиянды бағдарламалар таралуы мүмкін екендігін ескертті деп жазады Қазақпарат.