Қазақстандықтардың шетел валютасындағы салымдары азайды

теңге
Фото: alfabank.ua

Алматы. 25 қаңтар. 7kun.kz — Екінші деңгейлі банктердегі доллармен салынған депозиттердің деңгейі (депозиттердің жалпы көлеміндегі шетел валютасындағы депозиттердің үлесі) 2016 жылдың қаңтар айында 69,9% болса, жыл соңында 54,6%-ды құрады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Заңды тұлғалардың доллардағы депозиттері 62%-дан 49%-ға дейін, жеке тұлғалардікі 80%-дан 62%-ға дейін төмендеді.

2016 жылы теңгедегі депозиттер 66,4%-ға немесе 3,3 трлн теңгеге ұлғайды, ал шетел валютасындағы депозиттер 9,9%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге төмендеді.

Теңгедегі депозиттер көлемінің өсуіне ұлттық валютадағы жинақ ақшаның тартымдылығын арттыру жөніндегі шаралар, сондай-ақ ішкі валюта нарығындағы ахуалдың тұрақтануы ықпал етті.

Айта кетейік, долларсыздандыру жүйесін орындау барысында Ұлттық Банк 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап  жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша ең көп ұсынылған мөлшерлемені 10%-дан 14%-ға дейін көтерді және шетел валютасындағы депозиттер бойынша 3%-дан 2%-ға дейін төмендетті.

Ұлттық банктің саясаты одан әрі де ұлттық валютаның тартымдылығын арттыруға және теңгедегі құралдардың барынша жоғары кірістілігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.