«Бәйтерек» холдингі қытайлық қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтпек

Фото: kaz.tengrinews.kz

Астана. 3 қыркүйек. 7kun.kz — «Бәйтерек» холдингі қытай және халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтеді. Бұл туралы холдингтің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары қарсаңында «Бәйтерек»  ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы Ерболат Досаев Қытайдың ірі мемлекеттік CITIC Group корпорациясының Президенті Ван Цзюнмен кездесіп, тараптар бірлескен индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін растады.

Ерболат Досаевтың Қытай Мемлекеттік банкінің вице-президенті Дин Сянгчунмен кездесуінде серіктес Қазақстанның Даму Банкі  («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) арқылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, тараптар адам  капиталын дамыту маңыздылығын атап өтіп, бірлескен тренингтер мен семинарларды ұйымдастыру арқылы  тәжірибе алмасуды белсендетуді ұсынды.

Ерболат Досаевтың Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (АИИБ) вице-президенті Ди Джей Пандианмен жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар энергетика, көлік инфрақұрылымы мен азық-түлікті өңдеу салаларындағы басым инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп қаржыландыру үшін ақпаратпен алмасу және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді іздестіру жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажеттілігін тілге тиек етті.

«Бәйтерек» холдингінің жаңа құралдарын, оның ішінде корпоративтік кепілдік беруді пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру уағдаластығына Ерболат Досаевтың Қытайдың «Эксимбанк» вице-президенті Юань Синйонгпен кездесуінде қол жеткізілді. Осыдан бұрын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары  қытайлық банкпен бірлесіп, мұнайды өңдеу және металлургия саласындағы ірі индустриялық жобаларды табысты жүзеге асырған болатын.