Бас банк жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу жасады

валюталары
Фото: gs.by

Алматы. 18 ақпан. 7kun.kz – ҚР Ұлттық банкі 2019 жылғы 8 ақпаннан 15 ақпан аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу жасады.

15 ақпандағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңгенің нарықтық бағамы бір АҚШ доллары үшін бір апта ішінде 0,3%-ға нығайып (378,73-тен), 377,62 теңге деңгейінде қалыптасты.

Сыртқы валюталық нарықта 2019 жылғы 8 ақпаннан 15 ақпан аралығында неғұрлым маңызды оқиғалар ҚХР мен АҚШ арасында келіссөздер жүргізу, АҚШ бюджетінің жобасын Конгресстің қос палатасы мен Президенттің бекітуі, талдаушылардың күтулерінің аясында 2019 жылғы қаңтарда АҚШ-тағы инфляцияның баяулауы, соңғы 9 жыл ішінде ең жоғары қарқынмен АҚШ-тағы бөлшек сауданың желтоқсанда құлдырауы, еуроаймақтағы өнеркәсіптік өндірістің баяулауы, ЕО-мен келіссөздер бойынша оның стратегиясына қатысты Қауымдар Палатасында дауыс беруде Тереза Мэйдің жеңiлiске ұшырауы болды. Аталған факторлар АҚШ доллары бағамының дамыған елдердің валюталарымен салыстырғанда нығаюына әкелді.

Дамушы елдердің валюта бағамдарының[1] АҚШ долларына қарағанда серпіні мынадай түрде қалыптасты:

Бразилия реалы зейнетақы реформасының тетіктерін жария ету аясында 0,8%-ға (3,73-тен 3,70-ке дейін) нығайды: Үкімет ең төменгі зейнетақы жасын – әйелдерге 62 жас, ерлерге 65 жас белгілеуді ұсынды. Ұсынысты Конгресс 20 ақпанда қарайды;

Үндістан рупиясы шетелдік капиталдың әкелінуі аясында бір АҚШ доллары үшін 71,31 рупийден 71,23 рупийге дейін біраз нығайды (Axis Bank-тің үлесін сату, Vodafone-нің Үндістандағы филиалға инвестициялары). Коммерция және индустрия министрлігі мұнай бағасының өсуі аясында сауда тапшылығының талдаушылардың $13,6 млрд болжамынан қаңтарда $14.7 млрд дейін өсуі туралы мәлімдеді;

Түрік лирасы нарықтарда сентименттің нашарлауына байланысты АҚШ долларының жалпы нығаюы, сондай-ақ өнеркәсіптік өндірістің төмендеуі туралы статистиканы жариялау және ағымдағы шот теңгерімінің 4 ай ішінде алғашқы рет теріс аймаққа ауысуы аясында 0,6%-ға (5,25-тен 5,28-ге дейін) әлсіреді;

Мексика песосы өнеркәсіптік өндірістің желтоқсанда 2,5%г/г құлдырауы (болжамға қарағанда (-)1,6%) аясында 0,9%-ға (19,08-ден 19,25-ке дейін) әлсіреді;

Индонезия рупиясы сауда балансы тапшылығының талдаушылардың күтулерінен де нашар қаңтар айында өсуі туралы статистиканы жариялау аясында 1,4%-ға (13 955-тен 14 154-ке дейін) әлсіреді;

Ресей рублі АҚШ Конгрессіне РФ-ға қарсы санкциялар туралы заң жобасын енгізумен байланысты геосаяси тәуекелдердің өсуі аясында 1,4%-ға (65,44-тен 66,33-ке дейін) әлсіреді;

Оңтүстік Африка ранды жұмыс орындарының қысқаруына қарсы жалпыұлттық наразылық білдіру аясында 3,4%-ға (13,62-ден 14,08-ге дейін) әлсіреді.