Билік банктерді қолдауды тоқтатуы мүмкін

2164
Жамбыл
Фото: sputniknews.kz

Алматы. 24 қаңтар. 7kun.kz — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында банк секторын қолдауға арналған бюджет қаражатын пайдалану тәжірибесінен бас тартуды ұсынды.

Оның пікірінше, көмек нарық жағдайында көрсетілуі тиіс.

«Банк секторын қолдау мәселесін бюджет қаражатын пайдаланбай қарастыру керек. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттік қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен жалпы экономикалық даму қажеттілігі арасындағы тепе-еңдікті табу керек», — деп түсіндірді Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы активтерді жекешелендіруден түскен қаражат болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорға тікелей жіберілуі тиіс деп мәлімдеді.

«Ұлттық компанияларда баламалы қорлар құру арқылы Ұлттық Қор қызметінің қайталануын болдырмау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент алаңдатарлық тенденцияны — экономиканың дамуындағы банк секторының рөлінің жыл сайын төмендеуіне де тоқталды.

«Корпоративтік секторды несиелендіру 8,7%-ға, ШОБ – 18%-ға, ауыл шаруашылығы — 48%-ға төмендеді. Бұл қарқынды, дәлірек айтқанда, 24%-ға, халықты тұтынушылық несиелеудің өсуі аясында орын алды. Сонымен қатар, жеке тұлғаларға берілген несиелердің үштен екі бөлігі кепілсіз берілді. Еліміздің қаржы секторында күрделі проблемалар тұр, басқаша айтқанда, қаржы жүйесі ауырып тұр », — деді ол.

Бұл ретте президент өткен жылы қиын өмірлік жағдайға тап болған 500 мыңнан астам азаматтың несие бойынша берешегі өтелгенін еске салды.

«1,2 млн азаматтарымыздың тұтынушылық несие бойынша айыппұлдары мен өсімақылардарын алып тастады. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттік осындай жағдайға жол бермеу жөнінде реттеуші шаралар қабылдауы тиіс. Несиені қайтара алатындарға беру керек», – деді Тоқаев.

Сонымен бірге, Қазақстанда жеке тұлғаларға берілген несиелер 1,4 трлн теңгеге өсіп, 6,7 трлн теңгені құрады, оның толық өтелуі күмән тудырады, деді ол.

«Өткен жылы активтердің сапасына шолу жасалды. Енді басты міндет-қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Банк жүйесін сауықтыру жөніндегі тәсілдерді әзірлеу міндеті тұр. Бұл шұғыл, тез арада жасалуы керек. Оның салдары ауыр болуы мүмкін», — деп түйіндеді президент.