Бишімбаев ісіне қатысты жаңа деректер белгілі болды

Қуандық Бишімбаев
Фото: today.kz

Алматы. 19 қазан. 7kun.kz — Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа 1,2 млрд теңге көлемінде ақша ұрлау фактісі бойынша айып тағылып отыр. Бұл іс бойынша сегіз пара алу фактісі тіркелген деп мәлімдеді Ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының орынбасары Олеся Кексель.

«346 млн теңгені құрайтын 7 пара «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында жалға берілетін тұрғын үй құрылысынан келіп түскен. Ол «Бəйтерек» холдингімен келісімшарт бекіткісі келген құрылыс компанияларынан пара талап етіп отырған. Бишімбаевпен бірге «Бəйтерек» холдингінің 7 лауазымды тұлғасы қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Жеке қажеттілігіне жұмсаған қаражатқа қатысты, Бишімбаев Қосшы ауылында (қала сыртында) үй салған. Үйдің ауданы — 500 шаршы метр, бағасы — 400-500 мың АҚШ доллар. Бұл саяжайды алған парасының есебінен тұрғызған» — дейді Ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының орынбасары Олеся Кексель.

Қылмыстық істі тергеу аясында 2 млн доллар көлеміндегі пара Бишімбаевтың ағасы Нұрлыбек Сұлтанның шотынан табылған. Яғни 2 млн доллар «Шымкентхиммонтаж» құрылтайшысынан Нұрлыбек Сұлтан арқылы Бишімбаевқа жеткізілген. Бюро тергеушісі Нұрлыбек Сұлтанды да жауапқа тартқандығын айтады.

Бүгін экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа берілгені туралы хабарланды.

Ұлттық экономика министрлігін басқарған ол 10 қаңтарда Астана қалалық ІІД-нің уақытша тергеу ұстау изоляторына қамалған еді.