Бизнес орталықтар жалға беруді ұлттық валютаға ауыстырмақ

423

 Алматы қаласының бизнес орталықтары жалға беруді ұлттық валюта арқылы жүзеге асырмақ. Бұл туралы Central Asia Fashion XVI халықаралық сән көрмесінің бизнес-сессиясында Scot Holland сарапшысы Петер Горанов хабарлады.  

Сарапшының сөзіне қарағанда, Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы алдағы уақытта жалға беруді  теңгемен белгілейді. Оған негізгі 3 себепті атап көрсетуге болады.

«Біріншіден, Ресей бұл қадамды жасап қойды. Рубль құлдырағанға дейін Ресей валютасы үлкен масштабқа ие еді. 1 доллар 31 рубль болған кезде Ресей ғимараттыраының ш/м аумағы 800 рубль болды. Қазірде доллар өскенмен, олардың бағалары сол күйінде қалған.

Әрине, орталық иелері үшін бұл аздап тиімсіз. Дегенмен, долларға өтетін  үй-жай босқа қаңырап тұрғанша жалға беріліп, теңге айналымға түскен дұрыс. Орталықта не де болса шығын болады», — деді сарапшы.

«Екіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы уақытта экономиканы долларсыздандыруды жиі айтып келеді. Бұл саясат алға жылжып жатыр деуге болады. Ерте ме кеш пе жалға беру ұлттық валютамен белгіленеді», — деген пікір айтты П.Горанов.

Сарапшы үшінші себеп ретінде кейбір мекеме иелері бұл шешімді қабылдап қойғанын жеткізді.

«Мысалы өткен аптада «Нұрлы Тау» БО 2 мың ш/м аймағын жалға берді. Осынша аумақ бос қалмас үшін ғимарат иесі жалдау бағасын теңге курсы бойынша 220 теңгеге белгіледі. Келісім-шарттқа қол қойылды, жалға алушы келесі аптада келеді», — деп түйіндеді сарапшы.