Бүгін ҚР-ның Тәуелсіздік күні

364
Тәуелсіздік күні
Фото: cardiocentr.kz

Алматы. 16 желтоқсан. 7kun.kz — Бүгін — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. 1991 жылдың 16 желтоқсанында  ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Заңға қол қойды. Биыл еліміздің жеке дара мемлекет болғанына 27 жыл.

1986 жылы 16-17 желтоқсандағы қанды қырғында құрбан болған қандастарымыздың, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған  тәуелсіздік таңын бүгін ұрпақтары қарсы алды. 16 желтоқсан елімізде аталып өтетін ең қадірлі мереке. Бұл күні мемлекетіміздің барлық аймақтарында мерекелік-мәдени іс-шаралар өтеді.

1991 жылы Тәуелсіздік алған Қазақстанды ең алғаш болып 18 минуттан кейін қаны, діні, тілі бір Түркия мемлекеті мойындады. Одан кейін АҚШ, Қытай, Ұлыбритания секілді әлемнің алпауыттары да елімізді таныды. Осылайша дүние жүзі картасында Қазақстан деген жаңа мемлекет пайда болды.

Бүгін Қазақстанды әлем халықтары экономикасы дамыған, бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі, әлемдік сахнада өзіндік ықпалы бар мемлекет деп біледі. Еліміз тыныштық, бірлік, бейбітшіліктің символы бола алды.

7kun.kz барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтайды!