Ең қымбат пәтерлер Астана, Атырау мен Алматыда

Аcтана. 26 қаңтар. 7kun.kz — Жаңа салынған тұрғын үй кешендерінің ең қымбаты Астана, Атырау мен Алматы қалаларында екен.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, өткен айда Астанадағы бір пәтердің орташа құны шаршы метріне 338 мың теңгені құраған. Бұл жаңа үйлердің жалпыұлттық орташа бағасынан 136,8%-ға жоғары. Атырауда — 326 мың теңге (131,9%-ға жоғары), Алматыда — 304 мың теңге (123,1%). Өз кезегінде Астанада орташа жалақы 207 мың теңге көлемінде тіркелсе, Атырауда — 279 мың теңге, Алматыда — 174 мың теңге.

Жаңадан салынған ең арзан тұрғын үйді Жезқазғанда және Талдықорғанда сатып алуға болады, онда шаршы метрі 90 мың теңгеден саудалануда, Таразда — 116 мың теңге. Аталмыш бағалар «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан пәтерлердің бағасы. Айта кетейік, Қарағанда облысында орташа жалақы — 123 мың теңге, Алматы облысында — 102 мың теңге, Жамбыл облысында 94 мың теңгені құрайды.

Жалпы республика бойынша, 2016 жылдың желтоқсан айында алдынғы аймен салыстырғанда пәтер құны 0,3 пайызға, 2015 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға төмендеген. Баспана құны Шымкентте — 24 пайызға, Ақтөбеде — 13,7 пайызға, Семейде — 11,9 пайызға, Көкшетауда — 11,8 пайызға күрт түскен.