Екі президент, екі түрлі пікір

фото: gazeta.ru

Ресей президенті Владимир Путин мен Франция президенті Эммануэль Макрон телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды 7kun.kz.

Телефон соғу қай тараптың бастамасы екені белгісіз. Әңгіме екі сағатқа созылған. Бірақ екі елдің де ресми хабарламасы жарияланды. Путин әуелі Макронды сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Ары қарай әңгіме Украина туралы өрбіген. Ресей президенті Донбастағы әскери операция, «Азовстальдағы» бейбіт тұрғындарды құтқару жайын айтты.

Одан бөлек, Путин «Еуроодақ елдері Укрина әскерінің қалалар мен елдімекендерді атқылап, бейбіт халыққа оқ жаудырған қылмысын елемей жатыр» деп реніш білдірген.

«Батыс елдері қақтығысты тоқтатуға ықпал ете алады. Олар Укринаға қару-жарақ жеткізуді доғарса болды. Ресей президенті Киев нақты істер мен келіссөздерге дайын болмаса да, Кремль пікір алмасуға әлі де ашық», деп жазылған Кремль сайтында.

Ал Франция тарапы екі жақты әңгіменің өз нұсқасын жариялады. Бұл туралы ВВС жазды. Онда Макронның Путиннен оқ атуды тоқтатуды, Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүше ретінде өз міндеттерін орындауды талап еткені айтылған. Франция президенті Мариупольдегі және Донбастағы жалпы жағдайға алаңдаулы екенін білдірген.

Әңгіме барысында Макрон Украинадан Ресейге баратын азық-түлік, басқа да өнімдердің тасымалына қойылған тосқауылды алу туралы халықаралық ұйымдармен сөйлесуге дайын екенін айтты. Ең бастысы, Франция президенті Украина жерінің тұтастығы мен егемендігін сақтау үшін ары қарай келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді.