ЖаңалықтарИнвестицияТаңдаулы1Экономика

Елімізде қайта өңдеу саласына инвестиция көлемі 42% өсті

Қайта өңдеу секторына 8 айда 745,9 млрд теңге инвестиция салынған.

Алматы. 11 қазан. 7kun.kz – Қазақстанда қайта өңдеу саласына салынған инвестиция көлемі 1 жылда 42% артты, — деп хабарлайды Еnergyprom.

Бүкіл өнеркәсіп секторының инвестициялық қоржынындағы өңдеу өнеркәсібінің салмағы 20%-ға жуық. Қайта өңдеу секторына 8 айда 745,9 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 41,8% артық.

Капиталдық салымдардың 44,2%-ы жазда Қазақстанның республикалық маңызы бар үшінші қаласына айналған Шымкент қаласының үлесіне тура келеді.

Қайта өңдеу секторына инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында Қарағанды (9,9%) және Атырау (7,5%) облыстары да бар.

Секторда инвестициялар көлемінің артуынан тыс, қайта өңдеу саласының елдегі жалпы капиталдық салымдар көлеміндегі үлесі де артып келеді. Жиынтық инвестициялық қоржындағы қайта өңдеу саласының салмағы 2018 жылдың қаңтар-тамызында 11,7%-ды құрады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 11% болса, мемлекеттік бағдарламалар аясында индустриалдық-инновациялық белсенді дамуға дейінгі 2010 жылы 7,5% айналасында ғана болатын.

Жалпы, үстіміздегі жылы өнеркәсіп секторына капиталдық салымдар үлесі былтырғымен шамалас — 19,4%. Сонымен қатар, қайта өңдеу сегментін белсенді дамытуға дейінгі 2010 жылы бұл көрсеткіш небәрі 13,3% деңгейінде еді.

Қайта өңдеу өнеркәсібінің басты инвестициялық магниттері — бензин және дизель, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеуден алынған басқа да өнімдер мен кокс өндіру (капиталдық салымдардың 49,8%-ы), металлургия (20,4%) және азық-түлік өнеркәсібі (11,2%) болып отыр.

Осы үш инвестициялық тартымды сала секторға салынған жалпы капиталдың 80%-ын қамтиды.

Tags

Осы айдарда

Close