Fly Arystan-ға рейсті кешіктіргені және жолаушылар құқығын бұзғаны үшін айыппұл салынды

Қазақстан. 5 тамыз. 7kun.kz – Fly Arystan әуе компаниясына «Алматы – Атырау» рейсінің кешігуі үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінде хабарлады.

«2022 жылдың 16 шілдесінде «Эйр Астана» компаниялар тобына кіретін «Fly Arystan» бөлімшесі Алматы-Атырау бағыты бойынша КС-7202 рейсін 12 сағат 9 минутқа кешіктіргені анықталды. Ал ұшақты осынша уақыт бойы күткен жолаушыларға ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақ үй ұсыну қызметтері тиісінше ұсынылмаған», – делінген хабарламада.

Әуе компаниясына 4 тамызда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша 1 000 АЕК, яғни 3 063 000 теңге айыппұл салынды.

«Бұл «Эйр Астана» тобын әуе рейсіне жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін өткен айда салынған төртінші айппыұл», – деді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Айта кетейік, Air Astana компаниялар тобына жыл басынан бері рейс кешіктіріп, жолаушылар құқығын бұзғаны үшін 9 млн теңге айыппұл салынды.