Эксимбанкті тарату туралы шешім заңды күшіне енді

44
банк
Фото: creditobzor.kz

Алматы. 17 қаңтар. 7kun.kz — 2019 жылы 16 қаңтарда Алматы қалалық соты Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы 2018 жылы 28 қарашадағы шешіміне «Қазақтелеком» АҚ-тың түсірген шағымын қанағаттандырмады.

Осылайша, МАЭС-тың «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енді. 

«Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» ҚР-ның Заңына сәйкес Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) атынан депозиттер бойынша кепілді өтемақы «Қазпочта» АҚ арқылы төленеді.

ҚДКҚ арнайы резервтің қаражаты есебінен «Қазпочта» АҚ-н Эксимбанктің 361  салымшысына төлем жасау үшін  248,9 миллион теңге мөлшерінде ақшалай қаражатпен қамтамасыз етеді.

«Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ның салымшыларынан өтініштер қабылдау және өтемақы төлеу алты ай ішінде – 2019 жылғы 4 ақпаннан бастап 4 тамыз аралығында жүргізіледі.