Көлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл қысқартылды

салынатын
Фото: tengrinews.kz

Алматы. 8 қаңтар. 7kun.kz – 9 қаңтардан бастап елімізде жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі төмендетіледі.

Мәселен, бұған дейін қарсы жолаққа шығып кеткендер 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырылатын. Ал жаңа заң бойынша 6 айдан кейін көлік тізгіндеуіне рұқсат. Жол жүру ережесін бұзғаны үшін елімізде салынатын айыппұл көлемінің көптігі бұған дейін талай мәрте айтылды. Ақыры төмендетіліп, заң жүзінде бекітілді.

Бірер күннен кейін күшіне енетін құжатта жеңілдіктер көп. Мәселен, бұған дейін күндіз көліктің шамын жақпағандар шамамен 11 мың теңге айыппұл төлейтін. Қазір 7 мың теңгесін сарп етеді. Тіпті бір мәрте ескерту жасалуы да мүмкін.

Жылдамдықты 10-20 км/сағаттан асырғандарға, көлікті тыйым салған жерге қойғандарға да салынатын айыппұл 2 есе қысқарды. Ал темір тұлпарын мүгедектердің тұрағына қойғандар бұрын 113 мың теңге төлесе, жаңа заңда айыппұл мөлшері – 24 мың теңге. Сондай-ақ, тәртіп сақшыларына бағынбай, қарсылық танытқандар бұрын бірден 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырылса, енді 72 мың теңге төлеп, жазадан құтылады.

Заң күшіне енбей жатып, жол ережесін бұзғандар да жеңілдетілген айыппұлға ілінуі мүмкін. Дәлірек айтқанда, егер оларға қатысты қаулы шықпаса, онда жаңа заң шеңберінде жауапкершілікке тартылады.