-Спорт журналистерінің жұмыс кестесі қандай?
Есей Жеңісұлы: Кәдімгі журналистікінен еш айырмасы жоқ. Ең бастысы, спорт журналисі спорттың қай түрін көбірек біледі, қай түрін сүйеді, графигі де соған байланысты. Ермұхамед Мәулен: Спорт журналисінің графигі көптеген қарапайым журналистердікімен бірдей. Бірақ, іс-сапарлар өте көп болады. Оның үстіне алыс-жақын шетел де бар. Сондықтан да, түңгі сағат үште әуежайға барып, чемпиондарды күту бұл спорт журналисі үшін қалыпты жағдай десем болады. Руслан Меделбек: Халықаралық жарыстарға жиі шығып жүргендіктен, график алуан түрлі. Әдетте, спорттық жарыстар мульти және жеке жарыстар деп екіге бөлінеді. Мульти жарыстар дегеніміз бірнеше спорт түрінің жарыстары бір қалада өтуі, ал жеке жарыстар – бір спорт түрінен бір жарыстың тек бір қалада өтуі. Мультижарыстар таңғы сағат 8-де басталады. Кешке қонақүйге келіп, материал жазумен жұмыс уақыты да аяқталады. 20 күннен кейін бұл тәртіпке үйреніп кетесіз, сіз барлық жарысқа қатысуға тырысып жүресіз. Бакуде өткен Еуропа ойындарында бүкіл журналистер боксқа барамыз деп ұмтылып жүр. Әзірбайжан мен Армения спортшылары алтынға таласып жатыр. Саясатта да бақталас елдер, спортта да бәсекеге түсіп жатыр екен. Жүрген жерде осындай детальдар іздей білу қажет. Жандос Байділдә: Менің негізгі жұмысым бөлек. Басқалардың жұмыс істеу кестесі туралы білмеймін. Өзім сайтта редактормын. «ҚазСпортта» жұмысымнан тыс уақытта матч жүргіземін. Қандай матч жүргізетінімді апта бұрын айтады. Мен маманданған спорт түрі жоқ, бірақ өзім бір адамдай білетін дзюдо, футбол, үлкен теннис сияқты жарыстар бар. Бұл спорт түрлері бойынша барлық жаңалықтарды жіті бақылап, матч жүргізбесем де жеке ықтиярыммен үзбей қарап жүремін. Үзбей қарап жүргендіктен, іштей дайындық та болады.-Ресейде футболға қатысы жоқтардың өзі Василий Уткинді жақсы біледі. Жалпы спорт журналисі үшін өзіндік образ қаншалықты керек? Қажет жерінде шоу жасау немесе сарказм қолдана білу керек пе?
Есей Жеңісұлы: Уткин қазір спорт журналисі емес, комментатор. Ол тіпті жазуды да қойды. Ал Қазақстан жағдайында бүгін теннис пен футболды, ертең арқан тартыс пен көкпарды, бүрсігүні суға секіру мен регбиді жүргізетін комментатордан қандай өзіндік образ сұраймыз? Біздің қоғамда бір адамның бүкіл әлеуетін сығып алу тәжірибесі ғана маңызды. Сол Уткин футболдан басқа спорт түрін жүргізгенін елестетіңізші. Демек, оның образы – футбол. Бізде 5 минут қазақша сөйлеп, сосын 4 минут үнсіз отыратын бесаспап комментатордан өзіндік образ талап ету қаншалықты орынды, айтыңызшы... Ал сарказм керек. Өзіне-өзі сын көзімен қарай алатын ұлт қана өседі. Бірақ қоғамдағы кей адамдарға тек қана мақтау керек. Мақтау ісіну-кебінуге, сосын шыдай алмай жарылып кетуге ғана әкеп соғады. Ермұхамед Мәулен: Қажет жерінде шоу жасау немесе сарказм қолдана білу керек пе? Міндетті түрде. Спорт журналитикасында да өзіндік стильін қалыптастырып, ерекшелене білгендер танымал болып жатады. Өзге саладан аса қатты айырмашылығы жоқ. Руслан Меделбек: Уткиндей сауатты болу қажет. Оның футбол матчынан кейінгі әрбір сөзі мемге айналып кетеді. Ол өзінің саласын біледі, ол спорт саласының менеджері. Біздегі қазақ журналистері мен ресейлік журналистердің айырмашылығы жер мен көктей. Ресейдегі спорттық мансабын аяқтаған спортшылар журналистикаға келіп, комментатор болып жатады. Бұл әлем бойынша қалыптасқан тәжірибе. Бізде де іске асыруға тырысып жатырмыз, бірақ жолға қойылған жоқ. Мысалы, Анна Алябьева келді, бірақ тележүргізушіліктен аспады. Әлия Юсупова да талпынды, тек сарапшы болып қалды. Бізге олардың комментаторлыққа келгендігі керек. Қазақ спорт журналистикасы әлемдік стандарттарға ауысқан жоқ. Жандос Байділдә: Шыны керек, мен әуесқой комментатормын. Даусым дұрыс қойылмаған, сөз саптауымда сынаймын дегендерге көп себеп тауып береді. Тәжірибем де көп емес. Маңызды матчтарда енді ғана жұмыс істеп жүрмін. Стиль қалыптастыру, атымды шығару сияқты мақсатым болған емес. Бірақ, өз мәнері, өз ерекшелігі бар жігіттер қалыптасып келеді.-Спорттық терминдер қаншалықты бірізділікке салынған? Материал жазғанда қандай стиль ұстану қажет? Көркемдеу, бейнелеу қажет пе?
Есей Жеңісұлы: Газет журналисі болсаңыз, өзіңізді-өзіңіз сыйлайтын журналист болсаңыз, әр материалды жазған сайын форма іздеуіңіз қажет. Қазір Қазақстанның футбол клубтары еурокубоктарда сәтті ойнап жүр. Олардың кездесуі өткен сайын бірізді шолулар жасай беріңізші, сіздікін ешкім оқымас еді. Бір жолы репортаж жасаңыз, екіншісінде статистиканы сөйлетіңіз, келесісінде маман пікіріне көбірек сүйеніңіз, төртіншісінде жанкүйер көзімен қараңыз – жол көп. Ең бастысы, іздену керек. Көркемдейтін жерде – көркемдеңіз, қысқа қайратын жерде – жайылып кетпеңіз. Бұл тұрғыдан келгенде спорт журналистикасы барлық маневрлер үшін ашық. Рахат! Ал спорт терминдері әлі бір ізге түскен жоқ. «Қазспорт» арнасы ашылып, алғышарттары жақсы жасалып жатыр. Алдағы 4-5 жыл ішінде бұл мәселеде басымыз ауырмайтын болар деп үміттенемін. Ермұхамед Мәулен: Спорттық териминдер бірізділікке салынып келе жатыр деп айта аламын. Дегенмен, де әлі де болса аудармасы қалыптаспаған көптеген сөздер бар. Ондай жағдайларда тіл мамандарымен ақылдасып отыру қажет. Руслан Меделбек: Халықаралық олимпиадалық комитеттің тәжірибесінен өткенде үйренген стилмен жазып жүрмін. Яғни ақпарат жазу кезінде қарапайымдылық сақталып қалу қажет. Өте қарапайым, жеңіл тілде сан мен деректер берілуі қажет. Көргеніңізді көркемдеусіз-ақ, қарапайым жеткізуге үйреніңіз. Спорт журналистикасын жасына қарамастан оқиды. Сондықтан спорт журналистикасының тілі жеңіл болуы қажет. Бұрын қазақ тілінің тазалығын сақтап қалу үшін аударма жасауға тырысатынбыз. Бірақ әркім әртүрлі аударды. Спорт және туризм саласындағы қазақ тілінің сөздігі бар. Бірізділік үшін әрбір журналист осыны пайдаланып отыруы қажет. Мен ағылшын, француз тілінен енгендіктен терминдерді сол күйінде қалдыруды қалар едім. Түсініксіз терминдері өте көп. Әсірее, су спорты саласында. Суға секіру елімізде танымал болып, чемпиондар шығып жатса, бізде спорт журналистері қалай жазатындығын білмеймін? Жандос Байділдә: Бізде ең аудиториясы көп спорт түрі – футбол. Қазақстан премьер-лигасын жібермей қарайтын жанкүйерлер өте көп. Көп болған соң талап та жоғары. Талап жоғары болған соң, бірсыдырғы жүргізуден де қашасың. Импровизация болады. Дұрысы – сөз ойнату. Бірақ, ол да шектен шықпау керек. Ең маңыздысы, алдыңдағы картинамен жұмыс істеу. Татамиге шыққан балуанның аты-жөні мен жетістіктерін, доппен зымырап бара жатқан ойыншының алаңдағы әрекетін, теннис кортындағы форхенд пен бекхенд сияқты соққыларын дер кезінде ажыратып айтып беру. Маңыздысы осы, қызыл сөзден аулақ болғанды жөн санаймын. Кез-келген матчқа алдын-ала дайындалу болады. Ақпарат жинау, соңғы қатысқан жарыстарынан хабардар болу. Ал, әзірге «былай істесе былай айтам» дегендей «заготовкалармен» айналысып көрмеппін.-Спорт журналистерінің ұнамайтын спорт түрінен хабар беретін жағдайлары кездесе ме?
Есей Жеңісұлы: Әрине. Қайталап айтамын, қазақ комментаторлары мен журналистері өріс таңдайтын Уткин мен Курдюков немесе Дудь пен Дзичковский емес. Бір өзі бірнеше адамның шаруасын қатар атқара бере алатын «әмбебап солдаттар». Эфирде 8 сағат теннис жүргізсе де, газетке халықтық спартакиададан хабар жазса да, шаршамайды, талмайды. Өйткені, ертең басқа тақырып күтіп тұрады. Ермұхамед Мәулен: Әрине, ондай жағдай өте көп кездеседі. Мысалы мен биыл Өскеменде каратэден Қазақстан чемпионатына барып келдім. Арнайы репортаж жасау жүктелді. Қарсы болдым баруға. Бірақ, басшылар айтқаны бізде білесіздер аса қатты көп талқылана берілмейді. Руслан Меделбек: Мұндай сәттер жиі болады. Әсіресе, олимпиадалық жарыстарда болады. Бас тарту қажет. Бірақ бізде ресурс жетпей жатады, сондықтан 1 журналист 2-3 спорт түріне, өзі танымайтын жарысқа бару мүмкін. Бұл жерде тіл мәселесі де қатты рол ойнайды. Комментаторды өзі хабар беріп отырған спорт түрін түсінбей отырғандығын бірден білуге болады.-Спорт журналистері бәсекелестік тудырып жатыр ма? Спорт басылымдары бәскелестікке қаншалықты жақын? Таблоид басылымдар қажет пе?
Есей Жеңісұлы: Қазір аздаған бәсекелестік бар, бірақ жоғары деңгейде емес. Өйткені, алаң аз: газеттер санаулы ғана, телеарналар тендерлік тақырыптардан шыға алмайды. Ал спорт басылымы дейтіндей, екі-ақ газетті, онда да апта сайын ғана шығатын баслыымдарды қалай бәсекелестіреміз? Штатында 3-4 адам ғана... Қазақстанда таблоид шығару үшін тұтынушы көп болу керек. Бізде 2 миллион тұрғыны бар Алматының өзі газетті көп қажет етпейді. Ермұхамед Мәулен: Спорт журналистикасында қазір бәсекелестік өте жоғары. Бұрындары қазақ тілді спорт журналисі елімізде 20-30 шақты еді. Осы күні жүзден асып жығылады. Таблоид басылымдар қажет. Жақын арада елімізде болады да. Руслан Меделбек:Бәсекелестік жоқ бізде. Бізде бәсекелестік тудыратындай сайт немесе газеттер жоқ. Ресурстар аз. Бәсекелестікті тудыру үшін мультижарыстарды жұмыс істеп көру қажет. Спортшылар үшін сары басылым қажет. Осы кезде спортты шоуға айналдыру туралы да ойлануға болады.-Жанкүйерлік пен журналистің балансы қандай болу қажет?
Есей Жеңісұлы: Ешқандай баланс ұстап қажеті жоқ. Бізден басқа халықтың ешбірінде осындай комплекс жоқ. Жасқаншақ халықпыз... Эфирден бір командаға жақтасып қойсақ, ақталып әуре боламыз. Адам болғасын, жанкүйерлік етпей тұрмайсың. Эфирде оны андағайлатып көрсету қажет емес шығар, бәрі комментатордың парасатына байланысты. Ал ұлттық құрама немесе қазақстандық клуб, қазақ балуаны сыртта сынға түсіп жатса, жанкүйер бол, жақсы энергияңды бағытта, онда тұрған не бар? Қазақстанның ішкі біріншіліктері болса, мейлінше салқынқанды бол, аса қиын шаруа емес. Ермұхамед Мәулен: Әр спорт журналисі түбінде жанкүйер. Жас кезімізде бір спортшының өнеріне қатты тәнті болғандықтан да, сол спорт туралы көп ақпарат білгендіктен де түбі спорт журналистикасына келдік. Ал жас кездегі жанкүйерлік махаббат ол ұзаққа дейін жүректе қалмақ. Бірақ, журналистикаға келген соң барлығын саралап, обьективті көзқарас танытуға тырысасың. Руслан Меделбек: Спорт журналисі жанкүйерліктен алыстау болуы керек деп есептеймін. Фанаттық сезімді жасыра алмайсың, бірақ іштей басып отыра білу қажет. Спортшымен қалай суретке түсемін дегеннен бұрын, сұраққа қалай жауап аламын деп ойлану қажет. Қазақстандық спортшының қарсыласын жау деп қарауға болмайды. Фанаттық сезімге бой алдырсаңыз, негізгі жұмысыңыз да, жазатын материалыңыз да жайына қала береді. Жандос Байділдә:Өзім өліп-өшіп жақсы көретін командалардың ойынын жүргізіп көрдім. Саналы түрде қарсылас команда туралы көбірек айтуға тырысамын. Теңдік сақтап, бір жағына бүйрегім бұрмай, жан-жақты жүргізуге тырысамын. Өйткені, мен жанкүйер емеспін, комментатормын. Тек барды бар, жоқты жоқ деуім керек. «Кешегі матчта ана командаға бүйрегің бұрып отырды» деп әлеуметтік желілерде мәдениетті түрде де, дарақы түрде де пікірін айтатындар көп. Тіпті, телефоныма хабарласып, қоқаңдайтындар да болған. Көппен санасуға тура келеді. Бірақ, маған ең алдымен сын айтатын, түзейтін сол телеарнадағы редакторлар. Қателессем сөгіс береді, шектен шықсам эфирге шығармайды.-Спорт журналистеріне, әсіресе,комментаторларына, сын жиі айтылады көрермен тарапынан. Өзара бір-бірлеріңізге сын айтасыздар ма?
Есей Жеңісұлы: Өзім сын айтпаймын, ақылдасып отырып шешуге тырысамын. Басшы кезімде де, қосшы кезімде де солай болды, бола береді. Ал жұрт айтқан сынға еңірей берсек, жүректен не қалады? Сол сынды айтқан кім, басалқы адам ба, әлде басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген жарнамашы ма? Өзі эфир дегеннің не екенін 0,5 пайыз болса да сезінетін адам ба, әлде даурықпа біреу ме? Жанашырлықпен айтып тұр ма, әлде диванда түк бітірмей жатып жетпіс жеті атамды түгендей ме? Осыған қарай салу керек, сол кезде жүрек өзінен-өзі тынышталады. Ермұхамед Мәулен: Комментаторлар біз бір-бірімізге сын айтып, кем-кетік кеткен жерлерді нұсқап отырамыз. Халық тарапынан сын болған бұрын. Қазір мені сынайтындарды білмеймін. Бәлкім бар шығар, халық арасында. Руслан Меделбек: Маған тілің көркем емес деп айтылған еді. Мен әдеби тілде көркемдеп жаза аламын. Бірақ журналистика ондай қажет етпейді. Киіктің лағындай, ұршықша үйірілген деген тәрізді тіркестерді спорттық сипатттауларды керек емес. Ал 4-5 сөйлемдік ақпаратта тек дерек пен сан болу қажет. Қазақ журналистикасына дәл осы тәсіл қажет. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар бізге ағылшын тілді журналистердің аз екендігіне үнемі сын айтады. Ал спорт комментаторы үшін қажеттісі де: спорт ережесін сауатты білуі, географиялық сауаттылығы және ағылшын тілін меңгеремесе де оқылу ережесін білуі. Хабар жүргізіп отырғанда қазақ комментаторы спортшының есімін бір бөлек, орыс комментаторы есімін бір бөлек оқиды. Жандос Байділдә: Спорт комментаторларын сынаушылар аз десем, өтірік айтқан болар ем. Әрине, біздегі комментаторлардың дені әуесқой. Сынаушылардың деңгейі де әуесқой. Жалпы, біздің қоғамда көп салада әуесқойлық басым. Сондықтан, бұл уақытша дүние. Бәрі түзеледі. Қазірдің өзінде талап күшті. Талап күшейген сайын жауапкершілік те артады. Бір-бірімізге сын айтамыз. Бір-бірімізге көмек береміз. Маған сын көп айтылады. Кейбір қателіктерімді өзім де білем, кейбір қателіктерімді біреу айтқанда бір-ақ байқаймын. Демек, сынды дұрыс қабылдау керек.-Спортшылармен қаншалықты араласыз? Бір командаға жанкүйер болуыңыз матч жүргізгенде кедергі келтірмей ме? Инсайдерлік ақпаратқа қол жеткізген сәттеріңіз болды ма?
Есей Жеңісұлы:«Қайраттың» жанкүйері екенімді мақтан тұтамын, бірақ эфирде тікелей «Қайраттың» тілеуін тілеп, басқаны қаралаған кезім жоқ. Спортшылармен қажет кезде, яғни, сұхбат алу керек болған кезде араласамын. Инсайдерлік ақпарат алуға талпынып көрмеппін. Ермұхамед Мәулен: Мен «өзім жанкүйер болған командалардың ойынын бірнеше мәрте жүргіздім. Мынаған жақтастың, ананы көп айттың дегендей әңгіме естімедім. Жанкүйерлік етсем де оны эфир кезінде ұмытуға тырысамын. Эфир ол басқа дүние, Кішкене жасырып, білдіртпей қулық жасауға да болады. Руслан Меделбек:Әр спортшыны, әр тренерді табу - дереккөз. Мысалы, алғашында Жасұлан Қыдырбаевтың оның допингпен ұсталып, допинг мерзімі біткенн күннің ертеңінде әлем чемпионы болғанын ешкім білген жоқ. Бұл мен үшін экслюзивті ақпарат болғандықтан, баспасөз мәслихаты кезінде сұрамай, жеке сұхбат ретінде алдым. Кейін қазақстандық телеарналар мен сайттарда басты хедлайнер жаңалық болды. Қанат Исламмен, Денис Тенмен, А.Тимощукпен жасаған экслюзивті сұхбаттарым бар. Бастысы, хабарласудан, байланысқа шығудан қорықпау керек. Олимпиада ойындарына, жасөспірім чемпионаттарына баратындықтар жас спортшылармен жиі байланысып тұрамын.-Спортшылардан сұхбат алу кезінде байланыс тез жүреді ме? Федерациялардың баспасөз қызметі қаншалықты жұмыс істейді? Спортшылардың тілін қалай табасыз?
Есей Жеңісұлы: Баспасөз қызметі арқылы ешкіммен сөйлескен емеспін. Спортшылармен тікелей байланыс жасауға тырысамын. Олардың тілін табу оңай емес, ең бастысы, спортшы жайлы ақпаратыңыз мейлінше мол болса, жетеді. Тілінен тартып отырып сөйлетіп аласыз. Ол үшін тиісті нүктесін баса білу керек. Ондай нүктелер өте көп: ең ауыр сәтсіздігі, ең елеуге тиіс, бірақ еленбей қалған деталь, салыстыру, т.б. Мұның бәрі – өзіңіз жинайтын ақпарат. Ермұхамед Мәулен: Футболшылармен сұқбат жасау деген нағыз катастрофа. Әсіресе, қазақ тілді футболшылар. Сөйлеуден қашады. Өйткені, олар команда ішінде, жаттығу кезінде тек қана орысша сөйлеседі. Премьер-лигада қазақша сөйлейтін бапкер білесіздер ме? Жоқ ондай адам. Руслан Меделбек: Спортшылардан сұхбат алу өте қиын. Олар үнемі жарыста жүреді, телефонына тікелей шыға алмайсыз. Спорт саласында баспасөз қызметі жұмысы нақты жолға қойылмаған. Тек 2-3 федерацияның ғана баспасөз қызметін атап өтуге болады. Өзгелерін тіпті танымаймын да. Қызметкерлері жиі ауысады, жалақы аз. Баспасөз хатшыларының өте жабық түрде жұмыс істеуі де кедері келтіреді. Шетелдік журналистер маңызды сұрақтарды қойып болысымен, диктофонын жинап болып, «спортқа қалай келдіңіз» деген сияқты кезекті сұрақтарын қоя салады. Ары қарай қазбалап отырып, сіз осыған дейін естімеген қызықты детальға кезігуіңіз мүмкін. Серік Сәпиевтің жаттығуды бастамас бұрын, жаттықтырушысымен шахмат ойнап алатындығын білуге болады. Сұхбатты ресми түрде алмау қажет. Сұхбат әңгіме болсын. Спортшы мен журналист арасындағы барьерді жоя білу қажет. Зарина Диясқа бірнеше рет хабарластым. Кей журналистердің сөзінше, ол көп сұраққа жауап бере қоймайды. А.Винокуров пен Денис Тен өте ашық. Олардың халықаралық жарыстан тәжірибелері бар. Ауыр атлетикада да қиындау. Ол жерде біраз дау болғандықтан, өте сақтықпен қарайды. Жандос Байділдә: Спортшылармен жақсы араласамын. Спортшылардың арасында жүрсең, матч жүргізу де жеңіл болады. Өйткені, баспасөз беттеріне шықпайтын көп мәлімет аласыз. Ал, оның эфирден айтылатыны бар, айтылмайтыны бар. Сүзгіден өткізу керек, тексерілмеген де ақпараттар болады. Эфир деген – аузым бар деп сөйлей беру емес, тілім бар деп қызыл сөзге салыну емес. Ең бастысы, өтіп жатқан матчтан сауатты репортаж тарату.-Тапсырыс материалдары қаншалықты жиі болады?
Есей Жеңісұлы: Осы уақытқа дейін тапсырыс материал жазғаным жоқ. Жаным қалаған тақырыпты жазамын, басқасына қызықпаймын да. Ермұхамед Мәулен: Тапсырыс материал деген дүниемен таныс емеспін. Руслан Меделбек: Тапсырыс материалдары бар. Жиі кездеседі. Көбінде демеушілікке байланысты болады. Өзіме түсіп көрген жоқ.-Спорт журналистерінің ең үлкен қателігі қандай?
Есей Жеңісұлы: Оқымайды, статистикамен айналыспайды. Ермұхамед Мәулен: Спорт журналисінің қателігі білімсіздігі. Өзге саланы білмеуі. Тарих, Әдебиет, мәдениет салаларын да білуі қажет. жан-жақты болғаны құптарлық. Руслан Меделбек:Ең үлкен қателігі - фанатқа айналу. Ол кезде мақала мен жұмыс ұмтылады. Жанкүйерлік сезіміңізді іштен тұншқтырып тастаңыз. Сұхбатқа дайындықсыз баруы да - үлкен сын.-Халықаралық жарыстарда қалай жұмыс істеу қажет? Қазақ спорт журналистері халықаралық аренаға қалай шығып жүр?
Есей Жеңісұлы: Жүйе жоқ. Халықаралық жарыстарға Құдай жарылқаған кездерде ғана барамыз. Тамашалаушы болып, көп нәрсе үйреніп қайтамыз. Тұрақты барып тұрсақ, «стандарты мынау» деп саусақтарымды бүгіп тұрып айтып берер едім. Ермұхамед Мәулен: Өткен жылы Бразилияда Әлем чемпионатында жұмыс атқардым. Халықаралық жарыстың не екенін көрдік. Футболдан өткен Әлем чемпионатын Олимпиадамен ғана кішкене салытыруға болатын шығар. Әйтпесе, доп додасына жететін жарыс жоқ әлемде. Ал сол жарыста жұмыс жасаған адамдар міндетті түрде мол тәжірибие алады. Руслан Меделбек: Спорт журналистикасының деңгейі Олимпиада ойындары кезінде берілетін аккредитациямен есептеледі. 2012 жылғы Олимпиададан кейін бізге берілетін рұқсат қағазы 4-ден 10-ға дейін көбейді. Ал Ресейден 90, Германиядан 180 журналист барады. Евроспорттың өзіне 20 рұқсат береді.Халықаралық жарыстардан ғана тәжірибе жинауға болады. Барлық ресурс, негізгі мықты ақпарат көздері ағылшын, француз тілдерінде сөйлейді.-Спорттық жаңалық қандай БАҚ-та болмасын екінші орында тұрады. Сұраныс қалай артады? Спорт журналисі қаншалықты табыс табады?
Есей Жеңісұлы:Табысы бәлендей көп емес, орта деңгейде. Жалпы, Қазақстанда табысымен байып кеткен журналист көрмедім. Ал БАҚ-тарда спорт жаңалықтарының екінші, тіпті соңғы орында тұруы – бұл саланың дамымағандығынан. Қазақ басылымдары өлмелі күн көріп жүр, арнайы спорт журналисін ұстаудың өзі үлкен жүк. Телеарналар басшылары жаңалықтардың соңынан бес минутын спортқа қиғанын олжа көреді. Телеарналардағы спорт жаңалықтары тапқан видеосына орай жаңалықтар тізбегін түзеді, яғни, жүйе жоқ. Бүгін Аргентина чемпионатын, ертең бокстан бір ауылдың турнирін айта береді. Сұранысты арттыру үшін әлемдік үздік тәжірибелерге көшу керек. Газет болса, соның 35-40 пайызы – спорт жаңалықтарына, телеарна болса, тікелей трансляциялар ұйымдастыруға көшу керек. Бірақ бәріне ақша қажет. Ермұхамед Мәулен: Спорт жаңалықтары бірнеше жыл бұрын газеттердің тек соңғы бетінен көретін едік. Осы күні елімізде спорт газеттері де, сайттары да жеткілікті. Тіпті телевидениеде ашылды. Спорт журналистикасы дамып келеді. Табыс жағы соншалықты мықты деп айта алмаймын. Айлығым 165 мың теңге. Руслан Меделбек:Қазақстандағы барлық журналистердің табысы бірдей. Спорт қай жерде болмасын екінші орында тұрады. Сондықтан журанлистердің де табысы аз. Спорт сайттарының ішінде табыс тауып жатқан ешкім жоқ. Бізде спортқа лот, тендер жоқ. Комментаторлар бір матч жүргізгені үшін 5-7 мың аралығында деп білемін. Жандос Байділдә:Спорт комментаторының табысы керемет деп айта алмаймын. Кейбір кезеңдер болады, сол кезде күніне 3-4 матч жүргізетін жігіттер бар. Олимпиада, Азия ойындары, кемі 1 аптаға созылатын әлем чемпионаттары кезінде неғұрлым көп жұмыс істеп, соғұрлым жақсы табыс табатын кездер болады. Ал, басқа кездері дәл осы комментаторлықпен мал тауып жүрген ешкімді көрген емеспін. Пайдасы шаш етектен дей алмас ем. Аптасына ары кетсе 2 матч жүргіземін. Қосымша табыс артық етпейді, оның үстіне бұл да тәжірибе. Ақсәуле Әбітай «7»Похожие материалы
Новости
Экономика
Более 13 тыс. казахстанцам назначена специальная социальная выплата
- 26 желтоқсан, 2024
Новости
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024