Экономика
IT, Технология
2014 жылы қолданысқа енген 7 қару
2014 жыл қару-жарақ әлемінде біраз жаңалықтар болған жыл ретінде есте қалады. Алдыңғы қатарлы әлемдік державалар өз әскерлерін заманауи қорғаныс техникасымен жабдықтаудан жалықпайды. 7kun.kz 2014 жылы қолданысқа 7 қару туралы шолумен ұсынады.
HEL MD әскери лазері
Лазерлік қаруларды бұрын кинодан ғана көріп жүрген едіңіз бе? Бүгінде ол шындыққа айналды. Аталған қару түрімен қаруланған алғашқы ел - АҚШ. Лазерлік қару Oshkosh фирмасының жүк көлігіне немесе шағын әскери катердің ішіне орналастырылады. Осы қару түрін жасап шығару үшін L-3 Communications Holdings мамандары мен Пенсильвания Университеті жанындағы Электрооптикалық орталық ғалымдары 40 млн доллар көлемінде қаражат жұмсап, өмірлерінің 7 жылын арнаған.
30 киловаттық құрылғы барлау ісін жүргізетін дрон, тіпті қайықтың көзін жойып жіберуге қауқарлы. Бұл лазердің ең басты артықшылығы - өте арзан. Оның бір оғы бір доллар ғана тұрады.
SMX Ocean сүңгуір қайығы
Француздық ядролық емес SMX Ocean сүңгуір қайығы субмариналар дамуын жаңа деңгейге шығарады: ол - ядролық реакторлармен жабдықталмаған техника. SMX Ocean су астында 90 күн жүзбей-ақ тұра алады. Жүзу алыстығы - 290 мың шақырымдай. Бұл Атлант мұхитын алты рет айналып өте алады деген сөз. Техника ядролық реакторлармен жабдықталған көп мақсатты сүңгуір қайықтарға қарсы тұра алады.
SMX Ocean кемелерге қарсы қолдануға болатын 34 қанатты ракетамен, минамен, торпедамен және зенит ракеталарымен қаруланған. Одан бөлек, қайықта жағада тұрған қанатты ракеталарды іске қоса алатын көлденең қондырғы бар.
Ресейлік қосауыз "Коалиция-СВ" гаубицасы
Бұл гаубица өз бетімен жүретін "Коалиция-СВ" деп аталады.
Қару авторларының айтуынша, "Коалиция-СВ" осыған дейінгі шетелдік баламалардан әлдеқайда басқа. Салыстырып қарасаңыз, біздің жасаған нұсқамыз өзгелерді басып озады деп сендіреді жасаушылар. Қару сынақтан өткен. Тіпті Ұлы Жеңістің 70 жылдығында өткізілген әскери шеруге де қатысқан.
Бір минуттың ішінде-ақ, "Коалиция-СВ" қарсыласына салмағы 47,6 кг болатын 23 снаряд лақтыра алады. Мұндай оқтың түсу жиілігі техниканы зымыран ұшыру жүйесіне ұқсатады. Белсенді реактивті снарядтарды қолдану кезіндегі оқ ату қашықтығы 60-76 шақырымды құрайды. "Коалицияның" қосарланған артиллериялық қондырғысы адамы жоқ танк мұнарасында орналасқан. Снарядтар автоматты түрде оқталады. Оқ ату әрбір ұңғыдан алма-кезек жүріп отырады.
"Коалиция-СВ" гаубицасын ерекше ететін тағы бір режим - "бораған оқ" режимі. Қаруды жоғары көтеру бұрышын өзгерткен кезде барлық снарядтар бір мезетте оқ жаудырып, нәтижесінде қарсыласының күл-талқанын шығарады.
Walther PPQ M2 5-inch
Walther сапалы тапаншаларымен белгілі. Джеймс Бондтың сүйікті қаруы PPK тапаншасын да шығаратын осы компания. Бұрынырақта шыққан Walther-дің полимерлі PPQ тапаншасы туралы қарусүйер қауым оң пікір білдірген болатын.
Компания осы жылы PPQ M2 моделін шығарды. Ол 5 дюймге дейін ұзартылған ұңғысымен, көздеу линиясымен және 9 мм-лік калибрімен ерекше. Тапанша қорабының батырмасы сәл өзгертіліп, американдықтар мәнеріне сәйкестендірілген.
Ruger GP100 Match Champion
Қайта оралған қайран классика дейсің мұны көріп. Ruger компаниясының не істегенін қараңыз: қарапайым GP100 тапаншасын алып, оған жай ғана бірнеше өзгеріс енгізген. Өкініштісі, бұл тек премиум-класстағы модельдерге ғана тән артықшылықтар: оптикалық қарауыл, Hogue компаниясының көздейтін тұтқасы, жалтыраған болат жақтау.
GP100 Match Champion дәлдігі керемет дейді сарапшылар. Тіпті ең қымбат деген S&W 686-мен де бәсекелесуге қауқарлы. Авторлары бұл револьвер сіз тұрмақ, сіздің немерелеріңізден де ұзақ жасайды деп сендіріп отыр.
Leopard 2A7
Krauss-Maffei Wegmann неміс бронды техникасын құрастырушылар Leopard 2A7 танкілерінің алғашқы партиясын Будесверге (ГФР қарушы күштері) жіберді. Танкқұрастыру шеберлері бұл машинаның бойында Leopard 2A5 пен A6-ның ең мықты деген детальдарын біріктіруге тырысқан екен. Сонымен қатар, Канада мен Дания әскери бөлімшелерінің Ауғанстандағы соғыс қимылдары кезінде қолданған тәжірибелерін де ескерген.
Танк тегіс ұңғылы Rheinmetall 120 мм / L55 зеңбірегімен қаруланған. Жарықшақ-фугасты DM12 снарядын да қолдана алады.
Сауыты қалың техникаға қарсы шайқаста заманауи DM33 APFSDS-T снаряды қолданылады. Ол 2 000 метр қашықтықтың өзінен қалыңдығы 700 мм болатын болатты тесіп өте алады.
Wu-14
Қытай АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғанысын бұзып өте алатын жаңа қаруды сынақтан өткізді. Ол ҚХР-дың стратегиялық ядролық бағдарламасының аясында жасалыпты.
Бұл гипердыбысты аппарат құрлықаралық баллистикалық зымыранның көмегімен іске қосылады. Қажетті жердегі қажетті биіктікке жеткен соң Wu-14 дыбыс жылдамдығынан он есе артық жылдамдықпен құлдилап, жердегі қарсылас объектісінің үстінен дәл түсетін болады.
Сарапшылардың пікірлеріне сүйенсек, жаңа қытай зымыраны америкалық әуе соғыс кемелерін жойып жібере алатын күшке ие.
Дайындаған Жадыра Аққайыр "7"