Алматы. 6 қараша. 7kun.kz - 2017 жылғы 9 айда ағымдағы шоттың тапшылығы алдын ала бағалау бойынша өткен жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,4 пайызға төмендеп, 5 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарланған Ұлттық банктің Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 9 айдағы төлем балансын алдын ала бағалау туралы баспасөз релизінде.
Тауарлар экспорты 2016 жылғы 9 айдағы сәйкес көрсеткішпен салыстырғанда 31,1 пайызға немесе 8,3 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 35,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте мұнай және газ конденсаты экспортының құны 36,6 пайызға, қара және түсті металдар экспорты тиісінше 59,1 пайызға және 20,9 пайызға өсті.
Тауарлар импорты 15,6 пайызға ұлғайып, 23,1 млрд АҚШ доллары болды. Импорттың өсімі негізгі тауар номенклатурасының барлық топтары бойынша болды. Ең көп ұлғаю азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларын және аралық өнеркәсіптік тұтыну тауарларын әкелу бойынша орын алды. Нәтижесінде сауда балансының оң сальдосы 77 пайызға өсіп, 12 млрд АҚШ доллары болды.
Шетелдік тікелей инвесторларға кірістерді төлеу 1,5 есеге өсуі салдарынан инвестициялық кірістер балансының теріс сальдосы 2017 жылғы 9 айда 12,3 млрд АҚШ долларын құрады. Шетелдік тікелей инвесторлар бұл кірістердің жартысынан астамын Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарына қайта инвестициялады.
Қаржы шоты бойынша капиталдың таза әкелінуі (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) алдын ала бағалау бойынша 6,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Шетелдік тікелей инвестициялар (ШТИ) бойынша капиталдың таза әкелінуі 3,3 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстандық кәсіпорындар ағымдағы жылғы 3 тоқсанда жүргізген, үлестес тұлғалар алдындағы фирмааралық берешекті өтеу бойынша айтарлықтай төлемдер ШТИ таза әкелінуінің қысқаруына ықпал етті.
Портфельдік инвестициялар бойынша капиталдың таза әкелінуі 8,4 млрд АҚШ долларын құрады, бұл резиденттердің шетелдік бағалы қағаздарға орналастырылған активтерінің төмендеуі, сондай-ақ банктік емес сектордың капиталдың халықаралық нарықтарында еурооблигациялар шығаруы есебінен орын алды.
Басқа инвестициялар бойынша қаржы ресурстарының елден әкетілуі көп жағдайда резиденттердің шетелдік шоттардағы қысқа мерзімді активтерінің өсуіне байланысты болды.
Резервтік активтер (ҚР Ұлттық қорының активтерін есептемегенде) 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 32,2 млрд АҚШ долларына (жыл басында 29,5 млрд АҚШ долл) бағаланды, бұл қазақстандық тауарлар мен қызметтер импортын 9,1 ай қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024