Экономика
IT, Технология
2018 жылы Алматыда жеңіл рельсті көлік жүре бастайды
2018 жылы Алматыда жеңіл рельсті көлік жобасының алғашқы желісі іске қосылады. Бұл туралы бүгін «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Ғалымбек Мамраев мәлім етті.
«Бүгін біз жеңіл рельсті көлік жобасы бойынша Оңтүстік Кореядан келген инвестормен кездесудеміз. Аталған жоба 2013 жылы көтерілген болатын. Қажетті құжаттарға қол қойылған. Жобаның барлық консультанттары мен құрылысы осы жылдың соңына дейін дайын болады. Соған сәйкес біз қазірдің өзінен жобаны тестілеуді нарықтың сұранысын зерттей бастаймыз. Бүгін, 19 мамырда кездесуімізді осы жерде өткізсек, келесі кезеңін 16-17 қыркүйек күндері Сингапурде өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Алматыда жеңіл рельсті көлік желісін салу барысында трамвай желісінің қолданыстағы инфрақұрылысы пайдаланылатын болады. Сондықтан да көп қаржының шығындалуы күтілмейді. Тек, жылжымалы құрам сатып алынып, жаңа депо салынады, рельс төсемдері жаңартылады. Жобаның болжамды құны 500-600 млн. АҚШ долларын құрайды.
Жоба мақсаты - метроны жеңіл рельсті көлік жүйесімен және экпресс автобустар жүйесімен байланыстыру арқылы олардың тұтас жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Жобаның бастапқы кезеңінде Батыс автобекеттен Жетісу көшесіне дейінгі аралықтағы 23 шақырымдық жеңіл рельсті көлік жобасының бірінші желісі құрылады.
Ғ.Мамраевтың айтуынша, жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын аяқтау және оны іске қосу 2018 жылға жоспарланып отыр.
ҚазАқпарат