Экономика
Үміт Шаяхметова БҰЗҚ қаржысының ең жоғарғы көлемі Халық банкіне салынған деген ақпаратты жоққа шығарды
Үміт Шаяхметова БҰЗҚ қаржысының ең жоғарғы көлемі Халық банкіне салынған деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы ол банктің 2015 жылдағы 9 айлық қаржылай есеп қорытындысына арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
"Шын мәнінде олай емес. Тек облигацияға салынған қордың инвестицияларына ғана емес БҰЗҚ-ның депозиттерге салынған жинақтарына да қарау керек. Олар биржа арқылы өтпейді. Қазіргі таңда Халық банкте БҰЗҚ-ның 307 млрд 784 млн теңге және Қазкоммерцбанкте 418 млрд 292 млн теңге қаржысы бар. Егер БҰЗҚ-ның жалпы салатын қаржысы мен банктің капиталына салынған қаржысының қатынасын есептер болсақ, біздің банкімізде ол тек 65 пайызды құрайды. Зейнетақы қорының басқа банктердің капиталына салған қаржысы 100 пайыздан асады",-деп хабарлады Үміт Шаяхметова.
Ол БҰЗҚ инвестициясы аса маңызды көрсеткіш емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, қор қаржысы қайда салынатынына басты назар аудару керек.
"Алдымен банк рейтингтеріне, капитал деңгейіне, банктердің төлем жасау қабілеттілігіне қарау керек. Егер Халық банк туралы айтар болсақ, біз - мемлекеттік ақшаны қайтарған 4 банктің біріміз. Оның ішінде тек біз ғана барлығын инвестициялық кіріспен қайтардық. Мұның өзі - банкке салынған зейнетақы активтеріне деген сенім мен зейнетақы активтерін сақтай алуының, тұрақтылығының көрсеткіші", - деді ол.
Фото: kapital.kz