«Форсаж 7» фильмі 2015 жылы заңсыз жүктелген фильмдердің көшін бастап отыр. Аталған зерттеуді Exipio компаниясы жасады деп хабарлайды Lenta.ru.
Вин Дизель, Пол Уокер, Джейсон Стэйтем және Скала Джонсон ойнаған "Форсаж" фильмінің жетінші бөлімі интернетте 44,8 миллион рет жүктелген. Ал екінші орында "Кек алушылар: Альтрон дәуірі" фильмі көшбасшыға жақынырақ - 42 миллион рет жүктеп алынған. "Юра дәуірінің әлемі" болса 37 миллион рет жүктеліп, үшінші орында тұр.
Одан бөлек, көрерменнің қызығушылығына ие болғандардың қатарында "Ессіз Макс: Қаһар жолы" (шамамен 36,5 миллион рет) және "Сұрдың елу реңі" (32 миллион рет) картиналары бар.
Exipio рейтингінде су жаңа фильмдерден бөлек 2014 жылдың картиналары да іліккен. Мәселен, 2 жыл уақыт ішінде «Интерстеллар» кинокартинасы 46,8 миллион рет жүктелсе «Американ снайпері» — 33,9 миллион рет жүктеп алынған.
Variety сарапшыларының пікіріне сүйенсек, ағымдағы жылы фильмдердің заңсыз таралуы өте қатты көбейген. Себебі, 2014 жылы аталған рейтингте 30 миллион рет жүктеліп бірінші орында болған "Уолл-стрит қасқыры" биыл осындай көрсеткіш көрсетер болса, алдыңғы ондықтың ішінен де орын таппас еді дейді мамандар.