Экономика
Выбор редактора
Ресейде шенеуніктердің отбасына бизнеспен айналысуға тыйым салынуы мүмкін
Ресейде жоғарғы лауазымды шенеуніктер мен министрлердің, губернаторлар мен аймақтық парламент басшыларының жұбайлары мен балаларына бизнеспен айналысуға тыйым салынатын заң жобасы дайындалып жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік Думаның конститутциялық комитет төрағасының орынбасары, КПРФ фракциясының мүшесі Вадим Соловьев хабарлады.
"Біз бас прокурор балаларының бизнесіне қатысты жайтқа және кейбір губернаторлардың балалары мен жұбайлары өз кәсіптерін жүргізген басқа да жағдайларға сараптама жасадық. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет туралы заңға екі түзету енгізу қажет деген қорытындыға келдік",- деді В.Соловьев РИА Новостиге берген пікірінде.
Оның сөзінше, президент жарлығымен немесе оның ұсынысы бойынша тағайындалған жоғарғы лауазымды тұлғаның жұбайы мен балаларына бизнеспен айналысуға тыйым салу қарастырылуда. Сондай-ақ некесін жалған түрде қиып, жаңа өзгерістерді бұзбақ болғандарға миллион рубль көлемінде айыппұл салу немесе қызметінен босату ұсынылып отыр.
Өткен жылдың 1 желтоқсанында Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры Ресейдің бас прокуроры Юрий Чайка мен өзге де жоғары лауазымды қызметкерлердің отбасы мүшелерінің бизнесіне қатысты арнайы зерттеу материалын жариялады. Онда құқық қорғау органы қызметкерлерінің "жемқорлық, бопсалаушылық және рейдерлік" арқылы кәсіптерін құрып, Кущевской бекетінде 12 адамды өлтірген Сергей Цапканың тобымен байланысты болғандықтары туралы айтылған.
Юрий Чайка зерттеу жұмысын "жалған" деп мәлімдеді. Бас прокурордың сөзінше, бұл материалға Ресейде өзіне қатысты қылмыстық іс ашылған британдық кәсіпкер Уильям Браудер тапсырыс берген.
Фото: Ресейдің бас прокуроры Юрий Чайка / sreda-online.ru