Фотоаппарат, обьектив, диктофон, қаламсап, қойын дәптер - журналистер үшін классикалық жиынтық. Енді бұл құрылғыларды бар болғаны бір смартфонмен алмастыруға болады. 7kun.kz тілшілері журналист үшін смартфонның тиімділігін тексеріп көрді.
Диктофон
Қазіргі кезде диктофон көтеріп жүретін журналистер үшін смартфонның дыбыс жазу құралын пайдалану тиімдірек. Себебі жедел түсірілім кезінде диктофонды қосып отырмай-ақ қалтадағы смартфон құрылғысын пайдалана салу оңай. Оның үстіне жазба құралының қуаты таусылған жағдайда гаджетіңіздің диктофоны қиындықтан шығуға көмектеседі.
Диктофонмен бірге смартфонды да қоса салсаңыз, жазбаңызды жоғалып кетпейтіндігіне сенімді боласыз. Видео немесе фотокамераЖыл өткен сайын гаджеттердің камерасы жақсарып келеді, бірақ фотоапарат немесе кәсіби камераны алмастыра алмайды. Десекте белгілі бір оқиға орнына аяқ асты тап болған кезде смартфон камерасы таптырмас құрал болады. 5 немесе 13 мегапиксельдік смартфон қолыңызда болса еш уайымдамаңыз. Сол телефон арқылы оқиға орнынан фоторепортаж немесе түсірілім жасап,сапаға қарамастан, маңызды мәселелерді халыққа жеткізуге мүмкіндігіңіз бар. Моноподтың көмегі
Әлемдегі ең атақты музейлер моноподты пайдалануға рұқсат бермей жатқанымен, журналистер бұл құрылғыны назардан тыс қалдыра алмайды. Монопод оқиға орнынан сізді біреудің түсіруін қажет етпей-ақ, тікелей "stand up" жасауға мүмкіндік береді. Оператордың көмегінсіз жаңалықты жедел жеткізе аласыз.
Монтаж жасау
Телефонда монтаж жасау үшін телефонның маркасына байланысты App Store немесе Play Market арқылы қажетті қосымшаны жазып алса жеткілікті. Бұл өзіңізге маңызды оқиғаларды, дыбыс жазбаларын монтаждап, қажетті жерге жіберуге жағдай жасайды. Ал сапасына қарай аталған онлайн-дүкеннен кез келген монтаждау бағдарламасын көшіруге болады.
Браузер
Компьютер немесе ноутбукты үнемі өзіңізбен алып жүру мүмкін емес. Ал қалта телефоны қолыңыздан түспейді. Саяхаттап жүрген кезде маңызды жағдайлар болып жатса, Chrome браузерін қолдана отырып, сайтқа жаңалықтарды жаза бересіз. Дегенмен мобильді браузерлер арқылы толыққанды жұмыс істеу мүмкін бола бермейді. Тек өзекті мәселелерде тигізер көмегі зор. Ноутбуктің көмегінсіз-ақ жағдайдың алдын алуға болады.
Байланыс орнату
Журналист маманның әрдайым байланыста жүруі - маңызды. Байланыс орнату - редакция үшін тек ішкі қарым-қатынас арқылы ғана емес, сыртқы жағдайлар бойынша да жүзеге асырылу керек. Әлеуметтік желілер арқылы әріптестеріңізбен байланысып қана қоймай, пошта арқылы дайын материалдарыңызды да жібере бересіз.
Жаңалықтар оқу
Әлемдегі, елдегі жаңалықтар тасқынынан тыс қалмас үшін әрдайым қолжетімді ресурс болуы керек. Смартфоныңызға маңызды жаңалықтарды тарататын бірнеше сайттардың мобильді нұсқасын орнатасыз немесе Facebook және Twitter арқылы әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар боласыз.
Пернетақта қолдану
Смартфондағы пернетақта ноутбук немесе компьютер пернетақтасы сияқты ыңғайлы болмағанмен, сайт парақшасында аяқсыз қалған мақалаңызды бос уақытыңызда жазып бітіруге мүмкіндік береді.
Смартфон қарым-қатынас жасауға ыңғайлы құрылғы, әрі қазіргі әмбебап құралға айналғаны анық. Әрине, қойын дәптер немесе қаламсапты пайдаланып, ноутбукті жаныңыздан тастамай жаңалық жазуға да болады. Қағазға жазылған ақпараттар ешқашан жоғалмайды. Бірақ жеделдік өзгерісті талап етеді.
Маржан Нүсіпбек, Дарын Шөкенов "7"