Әр апта сайын елімізде маңызды оқиғалар болады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. Сонымен, 24—28 сәуір қандай жаңалықтарымен есте қалды?
Дүйсенбі, 24 сәуір.
- Назарбаев ЕАДБ басшысына теңгеде берілетін несиені көбейту керектігін айтты.
Осы аптада президент Назарбаев Еуразия даму банкі басқармасының төрағасы Дмитрий Панкинді қабылдады. - Банк Еуразиялық экономикалық одақтың мүддесі үшін құрылды. Жұмыстың таңдалған бағыты дұрыс. Қазақстан жағдайында несиені көбіне теңгемен беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын, – деді президент.
- Миллион доллар пара алған Ни сотталмайтын болды.
Миллион доллар пара алғаны үшін тұтқындалған «Қорғас» халықаралық шекаралық серіктестік орталығының (ХШСО) экс-президенті Василий Ни қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
- «ҚазТрансГаз» Грузия үкіметін сотқа бергені белгілі болды.
«ҚазТрансГаз» АҚ төрелік Грузия үкіметінің үстінен сотқа талап-арыз түсірді. Ондағы мақсат «ҚазТрансГаз-Тбилиси» (ҚТГТ) еншілес компаниясын өзіне қайтарып алу.
Сейсенбі, 25 сәуір.
- Қазақ тілін меңгергендер саны 82 пайыздан асты.
2016 жылы электронды БАҚ-тың қазақ тілді контенті 13 пайызға артты. Ал халықтың 20 пайызы қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілін меңгерген.
- Президент Назарбаев қаржы министріне бюджеттің кірісін көбейтіп, шығысын азайту қажет деген тапсырма берді.
ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановты қабылдаған Назарбаев үш міндетті жүктеді:
Біріншіден, тиісті тетіктер қалыптастыру арқылы бюджет кірісін арттыру керек. Қажет болған жағдайда, шетелдік тәжірибе зерттелуге тиіс.
Екіншіден, мемлекеттік шығыстарды азайту керек.
Үшіншіден, бөлінген бюджетті тиімді пайдаланған жөн.
- Алматыда кәмелетке толмаған «террорист» анықталды.
Алматы метросына мина қойылды деп хабарлаған жалған террорист ұсталды. «Алматы қалалық ішкі істер ұйымының және арнайы қызметтің күшімен метроға мина қойылғандығын хабарлаған азамат ұсталды», — деді полицейлер. Жалған ақпарат таратушы Алматы облысы Сарқант қаласының кәмелет жасқа толмаған тұрғыны болып шықты. Ол мұндай іске бұзақылық мақсатта барған.
Сәрсенбі, 26 сәуір.
- Досым Сатпаев, Рақым Ошақбаев және Бота Жұманова БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестен шығып кеткені белгілі болды.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев, экономист Рақым Ошақбаев, сондай-ақ «Қаржылық еркіндік» қамқоршылық кеңесінің басшысы Бота Жұманова БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңестен шығып кетті. Бұл туралы Досым Сәтпаев Facebook-тегі парақшасында жазды.
- Осы аптада қазақстандықтар доллар сатып алуды азайтты.
Қазақстанда валюта сұранысқа иелігін жоғалтуда. 2017 жылғы қаңтар-наурызда айырбастау пункттерінде АҚШ долларын өткен жылға қарағанда, небәрі 1,2 пайызға көп сатып алған.
- Delta Bank биржа саудасына қатысудан шеттетілді.
KASE басқармасының шешімімен «валюталық» және «қор» санаттары бойынша биржаның мүшесі болып келген «Delta Bank» АҚ саудаға қатысудан шеттетіп, оның құнды қағаздарын сатуды тоқтатты.
Бейсенбі, 27 сәуір.
1.«Самұрық-Қазына» кеңесшілерге қанша қаржы жұмсайтынын айтты.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2016 жылы кеңесшілерге қанша қаражат жұмсағанын айтты. Компания өкілінің мәлімдеуінше, кеңесшілерге берілетін қаржы жалпы құны 345 млрд теңгеге жететін әкімшілік шығынның 7-8 пайызына тең.
- Қазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккен ақмолалықтарға 22 млн теңге аударды.
Ақмолалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Қазақ тілі және мәдениет» қоғамдық бірлестігінің арнайы есепшотына еліміздің қайырымды азаматтарынан түскен ақша аударымдарының жалпы сомасы 22 миллион теңгеге жетті.
- Журналистика саласында тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығы тағайындалатыны хабарланды.
Баспа, радио және интернет БАҚ арасында арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығы жарияланды. Бұл туралы Ақпарат және коммуникация министрі қызметіне Дәурен Абаев Facebook парақшасында жазды.
Жұма, 28 сәуір.
1. Алматыда толассыз жауыннан 60 нысанды су басты.
ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің ақпараты бойынша, 28 сәуір күні түнгі сағат 00.15-те Алматыда 60 су басу жағдайы тіркелген. Олардың 11 жеке тұрғын үй, 37 үй ауласы және тоғызы көше. Сонымен қатар, «Азия» базарындағы үш нысан мен «Алматы Оптика» дүкені және жекеменшік «Ботагөз» балабақшасы аумағын да су басты.
- Сарапшылар банк секторын сауықтыру шараларының нәтижесіне қатысты болжамдарын айтты.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары қаржы реттеушісі сауықтыру шараларынан кейін банк капиталы сапасының жақсаруын күтуге болатынын айтты. Дегенмен, реттеуші банктерді тәуелсіз бағалау процесін жүргізбек, нәтижесінде сауықтыру үшін нақты қандай сома қажет екендігі белгілі болады. Банк акционерлері сауықтыру үшін барлық қаражатты мемлекет бөледі деп үміттенбей-ақ қойсын. Енді олар банк капиталын ұлғайту үшін өз ақшаларын “қоятын” болөады. Егер институт иелері өз қаражатын салуға дайын болмаса, басқа инвестор табуына немесе басқа банкпен бірігуіне тура келеді.
- Алматыда жер сілкінісі сезілді.
28 сәуірде сағат 11.01 шамасында Алматыда жер сілкінісі сезілді. ҚР БҒМ Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының мәліметінше қаладағы сілкіну деңгейі 2 балл шамасында болған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024