Мен өзімнің манкуниандық болғанымды мақтан тұтамын (Манчестер тұрғындарын осылай атайды), бірақ мен он сегіз жасқа толып, жоғарғы оқу орнына түскенімнен бері ол жерде тұрмаймын. Мен қала орталығына жақын Сент-Мэри ауруханасында дүниеге келіп, оңтүстік Манчестердің жағымды аймағында өстім; бастауыш мектебім жағдайы қиындау ауданда орналасып, ал содан кейін Бернаж ауданында оқыдым.
Мен оқыған Бернаждағы мектепке, менен отыз сегіз жылдан соң, спорт және концерттік комплекс Manchester Arena-да теракт жасады деп күдікке ілінген Салман Абеди де барған шығар.
Ислам мемлекеті өзіне алған Абеди жасаған қатыгез іс 21 жыл бұрын Ирландияның республикалық армиясының қала орталығының көп бөлігін қиратқан қорқынышты жарылыстарынан да сұмдық іс (көптеген адамдар бұл жағдай Манчестердың қайта жандануында маңызды рөл атқарды деп санайды). Кем дегенде, ол кезде лаңкестер лаңкестік әрекеттің алдында 90 минуттық ескерту жасады, және бұл көп адамдардың өмірін сақтап қалды. Абединың айуандық ісі керісінше, арасында балалар да бар, кем дегенде 22 адамның қазасына апарды.
Соңғы жылдары, мен осы ұлы қаланың экономикалық жаңғыру саясатына қатысты шараларда белсене қатысып жүрмін. Мен Үлкен Манчестер Кеңесінің экономикалық консультативтік тобының төрағасы, содан кейін «Солтүстік локомотив» идеясын ұсынған қалалардың экономикалық дамуы бойынша комиссияның да төрағасы болдым. Бұл солтүстікке орналасқан британ қалаларының экономикалық тұрғыдан біртұтас болуына бағытталған бағдарлама. Кейіннен, мен «Солтүстік локомотив» бағдарламасының жүзеге асыруының бастапқы кезеңдерінде көмектесу үшін Дэвид Кэмерон басқарған үкіметте жұмыс жасадым.
Мен Manchester Arena-да концерттерге ешқашан бармағанмын, бірақ ол қала үшін жақсы бір орын болып табылады. Манчестер әуежайы Солтүстік локомотив аймағына қызмет көрсететін көлік орталығы болғандай, бұл арена да ойын-сауық тұрғысынан ұқсас рөл атқарады. Зардап шеккендерге қатысты деректерде көрсетілгендей, қонақтар солтүстік Англияның көптеген аймақтарынан келген (және одан тыс жерден келгендер бар).
Соңғы бірнеше жыл ішінде, Манчестер Солтүстік локомотив аймағындағы географиялық орталығындағы өз ұстанымы, және экономикалық жаңғыртудағы үлесі үшін мадақтар алды, және мен оның табыстары жалғасатынына сенімдімін. Жұмыспен қамту деңгейлері және аймақтық PMI бизнес сауалнамалары бойынша, соңғы екі жылда экономикалық даму тұтастай елде, соның ішінде, Лондонға қарағанда солтүстік-батыс Англияда мықты болды. Бұл, Солтүстік локомотив саясаты арқасында болды деп қорытындылау қиын; бірақ себебі қандай болғанына қарамастан, бұл табыс қуантарлық және оны сақтау өте маңызды болып табылады.
Мені көптеген адамдардың әлі күнге дейін Солтүстік локомотив туралы бейхабар болуы ашуландырады. Негізі, ол ортасында Манчестер бар, солтүстік-шығыста Лидс, шығыста Шеффилд, батыста Ливерпульді қамтыған экономикалық зонаны білдіреді. Осы қалалардың кез келгенінің орталығына дейін Манчестерден қашықтық 40 мильден (64 шақырым) аспайды, ал бұл Лондондағы метроның Орталық, Пикадилли немесе Дистрикт тәрізді желілеріне қарағанда қысқарақ болып табылады. Осы қалалар, және олардың арасындағы көптеген ауылдар мен қалашықтарда, өмір сүретін 7-8 миллион адамды инфрақұрылым арқылы қоссақ, олар тұтынушылар мен өндірушілер ретінде экономикалық рөлі тұрғысынан біртұтас бірлік ретінде әрекет етуі мүмкін.
Болашақта Солтүстік локомотив Ұлыбританияның экономикасы үшін шынайы құрылымдық даму болар еді. Шынында да, Лондонмен қатар, жаһандық маңыздылығы бар екінші серпінді экономикалық аймақ пайда болар еді. Осы себептен алдыңғы үкімет менің ойларымды оның экономикалық саясатын өзегіне орналастырды, және Солтүстік локомотив Ұлыбритания мен шетелдік бизнес үшін де тартымды болғаны ды осыдан.
Бұл керемет үміт беретін жоба және кемінде үш жыл болғанына қарамастан, ол прогресс белгілерін көрсетіп жатыр. Шын мәнінде, агломерация жасаудың кең экономикалық пайдасын ескере отырсақ, Солтүстік локомотив идеясы Халл мен Солтүстік-Шығыс аймағын қоса алғанда, Англияның солтүстігіне де жайыла алады. Бірақ мен жиі Маншеффилдспул деп әдемі емес сөзбен атап жүрген аймақ, яғни орталығында Манчестер бар Солтүстік локомотив зонасы осы прогресстің ең алдыңғы бенефициары болып табылады.
Осыған қарамастан, мен аймақтық сәтті динамикадан орталық Манчестерден тыс жатқан аудандар пайда көрмесе, Үлкен Манчестер табысы толық аяқталмаған болады деп жергілікті саясаткерлер, іскер адамдар, қайырымдылық әлемі өкілдері мен басқаларға да жиі айтып келемін. Олдхэм немесе Рочдейл тәрізді алыс аудандар емес, Манчестердегі орталық Альберт алаңынан оңтүстік, шығыс, батыс, солтүстік аудандарына сәл ары көз тіккен кез келген адам онда білім беру, кәсіби дайындық және инклюзивтік тұрғысынан жетілдіруді қажет ететін көп қажеттіліктерді көре алады, ал бұл ұзақ мерзімді табысты қамтамасыз етуде өте маңызды.
Жазықсыз құрбандармен бірге өзін-өзі жарып жіберген 22 жастағы Абедидің мақсаты қандай болса да, оның қылмыстық әрекеті Манчестердің жарқын, үміті зор болашағына кір түсіре алмайды. Мен терроризм әлемін түсінуге тырысып жатқан жоқпын, бірақ мен Манчестер және оның айналасында немесе басқа қалаларда өмір сүретін тұрғындардың өздерін қоғамның бөлігі ретінде сезінуге және оның ұмтылысын бөлісуге қажет екенін білемін. Өздерін айналасындағы қоғаммен бірлестікте көретін тұрғындар қалаға зиян келтірмей, керісінше, оның жаңартылуына белсенді үлес қосуы неғұрлым ықтимал.
Қазір, Манчестерге Солтүстік локомотив тұжырымдамасы беретін болашақ қажет болып тұр. Бұл пайымдауға басқа қалалар мен аймақтар да назарын бөліп, оны іске асырса, нұр үстіне нұр жауар.
Автор туралы: Джим О’Нил - Goldman Sachs Asset Management бұрынғы төрағасы және Ұлыбритания Қазынашылығының бұрынғы сауда бойынша хатшысы, Манчестер университетінің құрметті экономика профессоры, британдық үкіметтің микробқа қарсы препараттардың төзімділігіне байланысты шолуының төрағасы.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024