АҚШ президенті Дональд Трамптың 2015 жылғы Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Париж келісіміне шүйлігуі - бір жағынан оның білімсіздігі мен нарцистігінің белгісі. Бірақ мұнда бұдан да маңызды нәрсе бар. Бұл – АҚШ-тың саяси жүйесінің қатты бүлінгенінің белгісі, жақында жасалған зерттеуге сенсек, оны «толық демократиялық жүйе» деп атауға келмейді. Американың саясаты ықпалды корпоративтік мүдделердің ойыншығына айналды: енді ол байлардың салығын қысқарту, ауаны ластаушы алпауыттарға жеңілдік беру, әлемнің басқа бөлігіне соғыс пен ғаламдық жылыну тауқыметін әкеліп жатыр.
G7-ге мүше жеті елдің алтауы өткен аптада Трампты климаттың өзгеруі мәселесі бойынша мәмілеге келтіруге тырысып көрген, бірақ Трамп айтқанынан қайтпады. Еуропалықтар мен жапондар АҚШ-ты басты мәселелер бойынша одақтас деп қабылдайтын. Трамп билікке келгелі бұл үрдіс өзгере бастады.
Бірақ, мәселе тек Трампта емес. АҚШ-та тұратын адамдар Американың демократиялық институттары соңғы бірер онжылдықтың ішінде қожырап бара жатқанын жақсы біледі. Америкалықтар, бәлкім, 1960-жылдардан бастап саяси институттарға деген сенімді жоғалта бастаған. АҚШ-тағы саясат барған сайын қожырап, арсызданып, қоғамдық пікірден алшақтап кетті. Трамп – осы бір ауыр саяси дерттің қауіпті де қорқынышты симптомы ғана.
Трамптың саясаты АҚШ Конгресіндегі Республикалық партия өкілдерінің сараңдық принциптерін жақтайды: олар кедейлер мен жұмысшы табына арналған бағдарламаларды қысқару есебінен байлардың салығын азайтуды, дипломатияның есебінен әскери шығындарды арттыруды, «қайта реттеу» мақсатында қоршаған ортаны қиратуды көздейді.
Трамптың көзқарасымен қарасақ, НАТО-ның басқа мүшелерін әскери шығындарға ақша аз бөлді деп кінәлап, АҚШ одақтастарының ғаламдық жылынумен күресуге шақырған үндеуіне құлақ аспай, есесіне Сауд Арабиясымен 110 миллиард доллардың қару-жарақ келісіміне қол қоюы – оның жақында шетелге жасаған сапарының басты жетістігі болды. Конгрестегі республикалық партия өкілдері бұл үрейлі саясатты кеңінен қолдады.
Осы күні Трамп пен республикалықтардың бақылауындағы Конгресс ең бай америкалықтардың салығын азайту үшін 20 миллионнан астам адамды денсаулық сақтау қызметінен айыратын заң жобасын өткізуге күш салып жатыр. Трамп ұсынған жаңа бюджет жобасы бойынша Medicaid (кедейлерді медициналық сақтандыру), Қосымша азық-түлікпен қамтамасыз ету (кедейлерге тамақ беру) шетелдерге көмектесу (әлемнің ең кедей елдеріне жәрдемдесу) бағдарламаларына, Біріккен Ұлттар Ұйымын қаржыландыруға, ғылым мен технологияға бөлінетін қаржы қысқарады. Бір сөзбен айтсақ, Трамп білім, біліктілікті арттыру, табиғатты қорғау, ғылым, дипломатия, тұрғын үй, азық-түлік және басқа да халық үшін маңызды салаларға қаражатты аз бөледі.
Бірақ, бұл бағытты америкалықтардың көпшілігі құптамайды. Халықтың көбі байларға салықты арттырып, денсаулық сақтау қызметінің ауқымын кеңейтіп, Американың соғыстарын тоқтатып, ғаламдық жылынумен күресуді қалайды. Соңғы сауалнама нәтижесіне қарасақ, америкалықтардың басым көпшілігі Трамп шығамын деп уәде берген Париж климат келісімінде қала беруді құптайды. Трамп пен оның шабармандары қоғамдық пікірдің ығына жығылудың орнына онымен күресіп жатыр.
Олар мұны тек бір ғана себеп – ақша үшін істеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Трамп саясаты сайлау науқанының есеп-шоттарын төлейтін, АҚШ үкіметін тиімді түрде басқаратын корпоративтік мүдделерге қызмет етеді. Ықпалды корпоративтік лоббистер билікке баратын жолды сатып алды, ал Трамп - осы ұзақ процестің шарықтау шегі. Осы күні ExxonMobil, Koch Industries, Continental Energy сияқты ластаушы алпауыттарға лоббидің қажеті де жоқ, себебі Трамп оларға Мемлекеттік департаменттің, Табиғатты қорғау агенттігінің және Энергетика департаментінің кілттерін беріп қойған. Олар, сондай-ақ, Конгрестегі басшылық орындарға ие болып отыр.
Корпоративтік қаржының көбін бақылауға болады, ал қалғанды «лас ақша» түрінде халықтың назарынан тыс, жасырын түрде ағылып жатыр. Корпоративтік донорлармен жиі дастарқандас болатын Жоғарғы Сот судьяларының өздері атышулы «Біріккен азаматтар» шешімімен бұл жемқорлық ағындардың жасырын жүруіне рұқсат берген.
Журналист Джейн Мейер дәлелдегеніндей, лас ақшаның ең қомақты бөлігі кезінде Германияның нацистік режиміне мұнай өңдеу зауытын салып берген әкелерінен мұраға алған Koch Industries-тың қожайындары Дэвид пен Чарльз Кох тандемінен келіп жатыр. 100 миллиард доллар байлығы бар ағайынды Кохтар оңшыл корпоративтік мүдделерді жұмылдыра отырып, ондаған жылдар бойы АҚШ-тың саяси жүйесін жаулап алу үшін ақшаны еркін жұмсап келеді.
Салық саясаты мен климаттың өзгеруі мәселелері бойынша Республикалық партия толығымен ағайынды Кохтар мен олардың мұнай өнеркәсібіндегі қолшоқпарларының қарамағында тұр. Олардың моральға жат қарапайым мақсаты – ғаламшарға зияны қандай болса да, корпоративтік салықтарды азайтып, мұнай-газ саласын қайта реттеу. Осы мақсаттарына жету үшін олар миллиондаған кедей-кепшікті денсаулық сақтау жүйесінен ысырып тастауға, тіпті одан да қорқыныштысы – бүкіл ғаламшарды ғаламдық жылынудың шеңгеліне тастауға әзір отыр. Бұл зұлымдық – қорқынышты, бірақ шынайы зұлымдық. Ал Трамп – олардың қолбаласы.
Трамп шетелге сапарға шығардың алдында Республикалық партияның 22 сенаторы АҚШ-ты Париж климат келісімінен шығарып алуды сұрап, оған хат жазды. Олардың барлығы дерлік – мұнай және газ өнеркәсібі саласынан сайлау үшін қаржы алғандар. Бәлкім, олардың барлығы дерлік ағайынды Кохтардың қайырымдылық қаражатына немесе оларды құпия түрде қаржыландыратын басқа да лобби компанияларға тікелей тәуелді сияқты. Қоғамдық пікірді зерттейтін «Жауапты саясат орталығының» мәліметіне қарағанда, 2016 жылғы сайлаудағы мұнай-газ компанияларының федералдық кандидаттарға жұмсаған шығындары 103 миллион долларға жеткен, оның 88 пайыз республикалықтарға кетіпті. Әрине, бұл – тек нақты донорлардан келгенін анықтай алатын қаржы көзі ғана. Олар өз мүддесін қорғайтын алғы шептегі ұятсыз шабуылшы мен тележұлдызды Трамптың бойынан тапты.
Әлемнің қалған бөлігінің қазіргі міндеті - Американың ессіз корпоративтік сараңдығына тосқауыл қою, ал америкалықтардың міндеті – лас ақша мен корпоративтік арам пиғылды ысырып, демократиялық институттарды орнына қайтару. Сенатта Республикалық партияның басым көпшілік емес екенін ескерсек (52 республикалық және 48 демократ), демократтар мен үш адал республикашыл сенатор Трамп пен Кох жоспарына тосқауыл қоя алады. Тығырықтан шығар жол бар, бірақ ол жол әлі де қауіпті. Америкалықтар да, әлем халқы да бұдан жақсы өмірге лайық.
Автор туралы: Джефри Сакс – тұрақты даму, денсаулық сақтау саясаты және менеджменті профессоры, Колумбия университеті Жер институтының директоры. Ол, сондай-ақ, Біріккен ұлттар ұйымы Тұрақты даму шешімдері желісінің директоры.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024