Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй күтпеген жерден «Брекзит сайлауын» тағайындағанда мен Британиядағы еуропашылдар жеңіліп тұрып, жеңісті жұлып әкетеді деген едім. Бірақ бұл бес апта емес, бес жылда жүзеге асады деп болжағанмын.
Мэйдің қанша уақыт премьер-министрлікті сақтап қалатынын болжау қиын. Оның тағдыры жеке вендетталарына және тек Лондондағы ғана емес, Эдинбург пен Белфасттағы византиялық саяси текетіреске байланысты болмақ. Бірақ Брекзит бойынша келіссөздердің тағдырын болжағанда маңызды мәселелер Мэйдің саяси талайына онша байланысы болмай қалды.
Британияның парламенттік арифметикасы мен қоғамдық пікірі сайлауға дейін Мэй ұсынып жүрген иммиграцияны қатты шектеп, Еуроодақтың кеден одағынан, ортақ нарықтан және құқықтық юрисдикциядан шығатын «қатаң Брекзитті» қолдай ма, әлде бұған қарсы ма? Егер британдықтар Мэйдің бастамаларына қарсы болса, онда Еуроодақ басшылары оның абырой-беделін сақтап қалатын Норвегиянікі сияқты компромисс ұсына ала ма? Норвегия Еуроодақтың институционалдық құрылымдарынан тыс тұрғанымен, ол ортақ нарықтың коммерциялық пайдасы үшін ғана Еуроодаққа мүшеліктің міндеттері мен шығындарының көбін мойнына алып отыр.
Еуроодақпен қарым-қатынастың оның принциптеріне көп қауіп төндірмейтін, екі тарапқа да көп экономикалық шығын келтірмейтін Норвегия моделі – Британия халқы мен саяси ортасын қызықтыра алатын жалғыз үлгі болатын сияқты.
Мұның институттық нұсқасы қазірдің өзінде бар: бұл – Еуроодаққа толық мүшеліктің кіреберісі іспетті Еуропа Экономикалық аймағы (ЕЕА). Қазір бұған Еуропаның шағын болғанымен жоғары дамыған елдері – Норвегия, Исландия және Лихтенштейн кіреді.
Бұл елдер 1980-жылдардың соңында Еуроодаққа өту туралы ойланды, бірақ белгілі бір себептермен ұйымға кірмей қалды. Елдің бәрі экономикасы мен еңбек нарығын Еуропамен интеграциялағысы келді. Ал Брекзит сайлауынан соң жұрттың көбі енді Британия Мэй айтқандай, байланысты шорт үзуді емес, Норвегиянікіндей Еуропалық экономикалық аймақты талқылайды деп күткен.
Өткен қыркүйекте ғана премьер-министрлікке сайланғанына үш ай болған Тереза Мэй ЕЕА ұсынысынан түбегейлі бас тартып, елді таң қалдырған. Консервативтік партияның жылдық конференциясында ол «өздерін әлемнің азаматымыз деп жүргендер іс жүзінде ешқандай жердің азаматы емес» деп, ЕЕА келісімі шеңберіндегі халықтың еркін көшіп-қонуын қолдай алмайтынын мәлімдеген. Қаңтарда ол Британияның Еуроодақтың ортақ нарығына қосылмайтынын айтты, себебі бұл еркін жүріп-тұруды талап етеді. Бұл ұстаным Торилардың сайлау бағдарламасына да енгізілді.
Алайда, 8 маусымдағы сайлаудан соң ақсақ үйрек болып, парламенттегі жағдай тұрақсызданып, Брекзит келіссөздеріне ықпал ететін қоғамдық пікірдің ауаны басқа арнаға бұрылған қазіргі жағдайда Мэйдің иммигранттарға әлі жонын беріп отыруы орынды ма?
Алдағы айларда халықтың иммиграцияға қатысты көзқарасы Британияның Еуропаға қатысты саясатының ең шешуші факторына айналмақ. Сайлаудың күтпеген нәтижемен аяқталуы, сауланама қорытындыларының да мұны мақұлдауы халықтың еркін көшіп-қонуына қатысты елдің пікірі Мэйдың риторикасы мен Консервативтік партияның бағдарламасындағыдай тым қатал емес, шетін мәселе екенін аңғартады.
Іс жүзінде шетелдік бюрокаттардың демократияға қайшы әдіспен күштеп түсіруі емес, Британия мен Еуроодақ азаматтарының өзара тиімді әріптестігі түрінде ұсынылса, онда Британ сайлаушылары халықтың еркін қозғалуын қалайды. Сайлау нәтижелеріне өте жақын қорытынды жасаған YouGov қоғамдық пікірді зерттеу компаниясы мамыр айында 1875 сайлаушыға «Британияның Еуроодақ құрамынан шығуына байланысты келіссөздерде біздің үкімет егер британ азаматтарына да дәл сондай құқықтар берілсе. Еуроодақ азаматтарына Ұлыбританияға келу, мұнда жұмыс істеу, оқу және зейнетке шығу құқығын беруі керек деп ойлайсыз ба?» деген сұрақ қойған. (Нақтырақ айтсақ, бұл сұрақты мен құруға қатысып, төрағалық еткен Best for Britain компаниясы ұсынған).
Жауаптар жалпы қалыптасқан пікірге қайшы болып шықты. Мұқият екшеліп таңдалған респондеттердің басым көпшілігі (4:1) еркін көшіп-қонуды қолдады. 62 пайызы «иә» деп жауап берсе, 17 пайызы «жоқ», 21 пайызы «білмеймін» деп пікір білдірген. Сауалнамаға жасы, тұратын аймағы, қолдайтын саяси партиясы бойынша таңдалып алынған топтардың әрқайсысында көпшілік еркін көшіп-қонуды қолдаған. Тек Ұлыбританияның иммиграцияға қарсы Тәуелсіздік партиясы ғана бұл тізімге кірмейді.
Бұдан шығатын басты қорытынды – халықтың еркін қозғалысымен бірге ЕО-ның кеден одағы мен ортақ нарығының басты артықшылықтарын пайдалануды көздейтін ЕЕА моделі қатаң Брекзитке қарағанда экономикалық тұрғыда жеңіл болады, әрі сайлаушылардың басым көпшілігі мұны қолдайды. Ортақ нарықтың құрамдас бөлігі болу және адамдардың еркін жүріп-тұруы әсіресе өткен аптада алғаш рет сайлауға келген жастардың көпшілігіне ұнайды, олар Еуропаның кез келген жерінде тұрып, жұмыс істеп, оқу мүмкіндігін Еуроодаққа мүшеліктің кемшілігі емес, артықшылығы деп санайды.
Британиядағы саяси көзқарас тұрғысынан алып қарағанда алдағы айлардағы Брекзит келіссөздерінде ЕЕА-ға мүшелік мәселесі негізгі бағдар болады. Ал Еуроодақ бұған қалай жауап береді?
Еуроодақтың басқа мүшелері үшін ЕЕА-ға мүшелікке негізделген келіссөздер өте оңтайлы болмақ, тіпті олар мұны қуана құптайды десе болады. ЕЕА-ға мүшелік Британияның «өз қалауын шертіп таңдап», одақтың тек артықшылықтарын пайдалануына мүмкіндік бермейді. Басқа елдер мұндай еркелікке жол бермейтінін ашық айтқан, әрі бұлары орынды да.
Мұның себебі, қандай стандартпен алып қарасақ та, ЕЕА-ға мүшелік ЕО-ға мүшелікке жетпейді. Адамдардың еркін қозғалысы ережесін қабылдаумен қатар ЕЕА мүшелері Еуроодақтың коммерциялық заңдарына, Еуропа Әділет сотының шешімдеріне бағынуы керек. Бірақ олар бұл заңдар мен шешімдерді қабылдауға мүлде қатыспайды.
Сол себепті, ЕЕА 1994 жылы құрылғанда ол Австрия, Швеция, Финляндия және Норвегия сияқты Еуроодаққа мүше болғысы келгенімен, оның құрамына өтуге дайын болмаған елдер үшін өтпелі ережелерді енгізген уақытша ұйым саналған. Австрия, Швеция мен Финляндия мақсаттарын орындап, толық мүшелікке өтті. Ал Норвегия халқы референдумда Еуроодаққа өтуге қарсылық білдірді, әлі де қарсы болып келеді. Норвегияның ЕЕА-ға «уақытша» мүшелігі 23 жылға созылды. Бұл Британияға үлгі болар ма екен?
Автор туралы: Анатоль Калецкий - Gavekal Dragonomics-тің бас экономисі және тең төрағасы, «Капитализм 4.0, жаңа экономиканың тууы» еңбегінің авторы.
Похожие материалы
Более 13 тыс. казахстанцам назначена специальная социальная выплата
- 26 желтоқсан, 2024
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024