Көліктің қауіпсіздік жастығын шығаратын Takata компаниясы өндірісін тоқтатады
Алматы. 26 маусым. 7kun.kz - Компанияның банкротқа ұшырағаны туралы хабардан кейін, Takata-ның биржадағы акциялары 55 пайызға құлдырады.
Автомобильдің қауіпсіздік жастықтарын шығарушы жапондық компания Жапония мен АҚШ-та банкротқа ұшырағандығы жайлы өтініш берді. Бұл туралы Nikkei басылымына сілтеп, Қазақпарат хабарлады.
Басылымның мәліметінше, банкротқа ұшырау туралы шешім компанияның директорлар кеңесінің таңғы отырысында қабылданған. Өтініш Токионың аудандық сотына тапсырылды.
Такатаның америкалық еншілес компаниясы TK Holdings те банкротқа ұшырағандығы жайлы АҚШ билігіне жеке өтініш білдірген. Таката бұғанға дейін америкалық автобөлшектер шығарушы Key Safety Systems-пен (KSS) қаржылай қолдау көрсету жөнінде келісім жасаған.
Takata акцияларының басым бөлігі америкалық компанияның үлесіне өтеді. Келісімнен түскен ақшаны жапондық өндіруші бүлінген қауіпсіздік жастықтарынан зардап шегушілердің өтемақысына жұмсайды.