ЛОНДОН – Жақында «Болашақ конгресіне» қатысу үшін әдемі ел – Чилиге барып, Латын Америкасының ең қиыр шетіне сапарлаудың сәті түсті. Оның үстіне жақында BBC-ге «Жаһандануды реттеу» деген тақырыппен деректі хабар жаздым. Онда қоғамның түрлі салаларын дамыту жөнінде идея жинау үшін Ұлыбританияны түгел аралап, белгілі мамандармен пікірлестім. Екеуінде де мен жаһандануды қорғап өзеуреудің өткен шаққа айналғанына көз жеткіздім.
Бүгінде Чили – Орталық Америкадағы ең бай мемлекет, оның жан басына шаққандағы ЖІӨ-сі 23 мың АҚШ доллары шамасында, ал бұл – Орталық Еуропа елдерімен парапар көрсеткіш. Мыс өндірісіне соншалық тәуелді ел үшін бұл – үлкен жетістік, Чилиді басқалардан даралап тұратын да – осы. Басқа көп ел сияқты Чили де экономикалық қиындыққа тап болып отыр, ондағы өсім де көңіл көншітерліктей емес, ал шекараның сыртында үлкен мүмкіндіктер жатыр.
Мәселен, «Микробқа қарсы тұрушылық» жобасы аясында мыстың бактерияға қарсы тұрарлық қасиеттері көп екенін байқадым, сондықтан ол – бактерия көп таралатын денсаулық сақтау мекемелері үшін таптырмас материал. Демек, Чили, Австралия, Канада сияқты мыс өндіруші елдер бүкіл әлемдегі ауруханалар мен емдеу мекемелеріне мыстан әзірленген қолжетімді инфрақұрылым ұсыну арқылы ғаламдық денсаулық сақтау саласын жақсартып, экспорттарын да арттыра алады
Бұған қоса Чили – жер сілкінісі мен цунамиді басқару ілімінің ордасы. Сапар кезінде 2015 жылы жер бетіндегі бұрын-соңды тарихтағы алтыншы жойқын жер сілкінісін бастан кешірген Ла-Серенаға бардым. Алапат цунамиден тек 11 адам қаза тапқан, ал басқа жерлерде болса, адам шығыны бұдан әлдеқайда көп болар еді. Чили басшыларының алдын-ала дайындығы мен әбжіл қимылы көп үлес қосқан тәрізді. Жерасты дүмпулерінен қауіп етіп отырған көп ел үшін Чилидің институтталған тәжірибесі өте құнды ресурс болар еді.
Сондай-ақ Ла-Серена әлемдегі жұлдызды бақылауға ең ыңғайлы орындардың біріне жақын орналасқан, мұнда әлемнің ең мықты деген астрономдары келіп тұрады. Шындығында, Чили әлем ғылымына қомақты үлес қосып отыр, оның бір себебі – ол ғылым және табиғат мәселелері бойынша ынтымақтастықтың ерекше нысаны - Антарктиканың дәл қасында тұр.
Чилиден былай қойсақ, биыл Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Давостағы Әлемдік экономикалық форумның жыл сайынғы жиынына қатысқанының өзі ерекше жаңалық. Дональд Трамп АҚШ-тың президенті болып сайланып, Ұлыбритания Еуропа одағынан шығып жатқан қазіргі кезде мұндай элиталық жиындардың заманы өтті деп ойлап едім. Си Цзиньпин қатысса, демек, Батыстағы державалар томаға-тұйықтыққа ұмтылып жатқанда, Қытай әлемдік сахнада өз ұстанымын іздеп, жаһанданудың қай игілігін өз мақсатында пайдаланып қалуды ойластырып жатса керек.
Шынымен, Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі менің радиохабарыма айтқанындай, Қытай қазірдің өзінде ірі импорттаушыға айналды. Иә, ол - кемінде 70 елге тауар импорттаушы ел, және әлемдегі жалпы импорттың 10-11 пайызы Қытайға тиесілі. Басында болуы мүмкін экономикалық қиындықтарына қарамастан, Қытай осы онжылдықтың соңына дейін импорт көлемі жөнінен Еуроодақтан асып түсетін сияқты, одан кейін көп ұзамастан АҚШ-ты да басып озуы мүмкін.
Оның үстіне соңғы 20 жыл ішінде, бір жағынан Қытайдың бас көтеруі, екінші жағынан Азия, Латын Америкасы және басқа аймақтардағы экономикалық дамудың арқасында елдер арасындағы экономикалық теңсіздік күрт кеміді. Іс жүзінде, БҰҰ 2015 жылға дейін кедейлікті екі есе азайтуды көздейтін «Миллениум даму мақсатына» 2010 жылдың өзінде-ақ қол жеткізіп қойған. Ал қазіргі болжамдар бойынша, 2050 жылғы қарай Африкадан басқа әлемнің барлық бөлігінде кедейлік мүлде жойылады.
Жаһандану болмаса, мұны жүзеге асыру мүмкін емес. Әсіресе, Африка елдері бір-бірімен көбірек сауда-саттық жасасуы керек, сондықтан қазір Африкада еркін сауда аймағын құру туралы сөз болып жатыр. Саудаға қарсы пікірлер айтылып жатқан қазіргі тұста бұл процесс қиындап кетуі мүмкін. Жаһандануды бір жақ қана жеңетін ойын деп қате түсінетін оның сынаушылары әлемдегі кедейшілікті жоюға қарсы ма?
Саясаткерлер жаһанданудан қорқатындарды сабасына түсіретін шараларды қолға алуы керек. Ең алдымен әлемдік ЖІӨ-дегі үлестен үздіксіз табыс табуға тосқауыл қойылуы тиіс. «Бұл – тым қатты кету» деп санайтындар экономикаға жан бітіру керектігін ойлауы қажет. Жоғары табыс нарыққа жаңа ойыншыларды тартуы тиіс, бәсекенің арқасында дәстүрлі ойыншылардың табысы азаяды. Олай болмай жатса, демек кей нарықтарда әділетсіздік болды немесе олардың қолынан келмеді деген сөз. Саясаткерлер кей салаларды мұны қаталырақ әдіспен реттеуі керек. Мәселен, мұның алдында айтқанымдай, қазіргі жағдай қайта сатып алуға көп мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, саясаткерлер аз ақша табатындардың табысын ұлғайтуы керек, еңбекке қарағанда капиталдың құны анағұрлым арзандайтындықтан, бұл өнімділікті арттыруға да ықпал етеді. Сонымен бірге, жақында Дүниежүзілік банк президенті Джим Ен Ким айтқандай, сауда келісімдерін басқаратын заңдарды күшейтіп, сол келісімдердің кесірінен көп нәрсені жоғалтып, қиындыққа душар болып жатқан ішкі секторға көмектесуіміз керек.
Осы тұста Англияның Уэст-Мидлендс аймағы, Вулверхэмптон қаласында орналасқан Goodyear дөңгелек компанияның шығып қалған жұмысшыларының күйінішті оқиғасы еске түседі. Олардың айтуынша, олар шығып қалған жұмыс орындары туралы хабарландырулар арнайы тақтаға ілінген, бірақ олар тек Мексикаға көшуге дайын болса ғана қайта өтініш бере алады екен. Олардың пайымдауынша, компанияға Франция мен Германиядағы өнімі бұдан да төмен зауыттан гөрі Ұлыбританиядағы зауытты жабу ыңғайлырақ болғанға ұқсайды. Әрине, мұндай мәселелерді бұдан жақсырақ етіп шешу керек.
Ақыр соңында, саясаткерлер Ұлыбританияның «Солтүстік энергиясы» және «Мидландс моторы» сияқты даму жобаларын маңызы бойынша тізіп шығуы керек. Басқа жерлерде де осындай бастамалар көтерілуі тиіс.
Көрсеткен көп қиындығына қарамастан, жаһандану әлемді күткендегіден жақсы ете түсті. Ал біз әлі де кедейшілікті жойып, барша жұрттың өмір стандарттарын көтеруіміз қажет.
Автор туралы: Джим О`Нейл - Goldman Sachs Asset Management-тің бұрынғы төрағасы, Ұлыбритания Қаржы министрлігінің бұрынғы коммерция жөніндегі хатшысы, Манчестер университетінің құрметті профессоры, Британия үкіметінің «Микробка қарсы тұрушылық» жобасының төрағасы.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024