Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Нарықтық экономикадағы жұмыссыздықтың себептерi мен түрлерi

Нарықтық экономикадағы жұмыссыздықтың себептерi мен түрлерi

Жұмыссыздық макроэкономикалық мәселелердiң бiрi болып табылады. Жұмыссыздық әр адамға тiкелей және күштi әсер етедi. Жұмысты жоғалту көпшiлiк адамдарға қатты психологиялық зақым тигiзедi және де өмiр деңгейiнiң төмендеуiн бiлдiредi. Сондықтан жұмыссыздық мәселесi саяси талқылауларда жиi кездесетiн тақырыптардың бiрi болып келетiнi таң қаларлық жағдай емес. Көптеген саясатшылар экономиканың жағдайын бағалау немесе экономикалық саясаттың жетiстiктерiн көру үшiн жұмыссыздық пен инфляция деңгейiнiң қосындысын көрсететiн "кедейшiлiк индексiн" пайдаланады.

Экономистер жұмыссыздықтың себептерiн анықтау және жұмыспен қамтуға әсер ететiн мемлекеттiк саясат шараларын жетiлдiру үшiн жұмыссыздықты зерттейдi.

Жұмыссыздықты жою және халықтың жұмыспен толық қамтылуына жету - мемлекеттiң макроэкономикалық саясатының басты мақсаттарының бiрi болып табылады.

Бұл жұмыстың бiрiншi бөлiмiнде жұмыссыздықтың мазмұны, түрлерi және оның себептерi аталып кетiлдi. Әрине, жұмыссыздық басты макроэкономикалық мәселелердiң бiрi болғандықтан, оның бiздiң республикамыздағы ерекшелiктерiн қарастырып кетуге мақсат қойдық. Жұмыссыздықтың өтпелi кезең экономикасында ерекшелiктерi, мәселелерi және қандай жағдайда болатыны қарастырылды. Жұмыссыздық жалпы еңбек ресурстарының толық пайдаланбауы болғандықтан, оның салдары, оған әсер ететiн факторлармен, оның деңгейiн қалай анықтайтындығы көрсетiлген.

I-БӨЛIМ. Нарықтық экономикадағы жұмыссыздықтың  мәнi

  • Жұмыссыздық: мазмұны және түрлерi.

Қазiргi экономикалық оқулықтарға сүйенсек жұмыссыздыққа мынандай анықтама беруге болады: Жұмыссыздық - еңбек рыногында еңбекке сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдiктiң бұзылу салдарынан пайда болатын адамдардың амалсыз  жұмыспен қамтылмауы[1].

"Жұмыссыздық" терминi бiрiншi рет 1911 жылы Британиялық энциклопедияда берiлген. Содан кейiн 1915 жылы АҚШ-ның еңбек министрлiгiнiң есеп беруiнде қолданған. Қазiргi кезде дүние жүзiнiң барлық елдерiнде әртүрлi көлемде, түрде, әртүрлi ұзақтықта жұммыссыздық кездеседi.

Экономикалық теорияда жұмыссыздықтың қажеттiгi мен бар болу мүмкiндiктерiн түсiндiруде әртүрлi тәсiлдер бар.

Маркстiк теория жұмыссыздықты жеке меншiкке және өндiрiс құралдарына негiзделген қоғамға тән тарихи өткiншi құбылыс деп қарастырады. Жұмыссыздықтың пайда болуы капитал қорланудың циклдық процестерiмен және ұдайы өндiрiспен, капиталдың органикалық құрылысының өсуiмен байланысты.

Неоклассикалық мектеп жұмыссыздықты табиғи құбылыс деп атайды. Бұл мектеп айтуынша, жұмыссыздық еңбекке белсендi адамдардың жұмыспен қамтылмаған бөлiгiнiң айналым қызметiн атқарады.

Кейнсиандық мектеп келесi сұрақтарға жауап iздеген: жұмыспен қамтылу деңгейi қандай факторлармен анықталады; неге еңбекпен қамтылу өндiрiс көлемi мен инвестициялармен бiрге кей уақытта кенет өзгерiстерге ұшырайды; неге еңбекпен

қамтылу деңгейi толық еңбек қамтылу деңгейiне жетпейдi? Бұл мектептiң айтуы бойынша, еңбекпен қамтылудың негiзгi факторы - инвестициялардың оптималды көлемi.

Монетаристiк мектеп өкiлдерi болса, жұмыссыздықтың нақты жалақы динимикасымен және инфляциямен өзара байланысын зерттеген.

Соңғы жылдары жұмыссыздықтың "табиғи", "нормалы" деңгейлерi деген копцепциялар аса әйгiлi болып жатыр. Бұл концепциялар жұмыссыздықтың инфляциямен, ақша айналымымен өзара байланысын зерттейдi. Жұмыссыздықты түсiндiру үшiн экономикалық-математикалық моделдеу және графикалық анализ тәсiлдерiн қолданады. Осыған дәлел ретiнде Филлипстiң қисық сызығын қарастырайық:

Инфляция жұмыспен қамтуға айтарлықтай әсер етедi. 1958 жылы ағылшын экономисi А.Филлипс оның ықпалын көрсететiн "сұраныс инфляциясы" деген үлгiнi ұсынды. 1861-1956 жылдардағы ұлыбритания санақтары деректерiн пайдалана отырып, ол жалақы ставкасы өзгеруi мен жұмыссыздық деңгейiнiң арасындағы тәуелдiлiктiң керi әсерiн қисық сызығы арқылы көрсеттi. Сөйтiп, Англиядағы жұмыссыздықтың 2,5-3 проценттен артық көбейуi баға мен жалақы өсуiн күрт баяулататынын дәлелдейдi.

А.Филлипс есебiнiң теориялық негiзiн экономист Р.Липси жасады. Бұдан әрi американ экономистерi П.Самуэльсон және Р.Солау Филлипстiң қисық сызығына өзгерiстер енгiзiп, жалақы ставкасын тауар бағалары өсуi қарқынымен ауыстырды. Үкiмет Филлипстiң қисық сызығын сол күйiнде экономикалық саясатты жасаудың құралы ретiнде қолданды. Әсiресе ол толық жұмыспен қамту және өндiрiс бағасының тұрақтылығын анықтайтын жағдайда пайдаланылды.

Абцисса өсiнде жұмыссыздық деңгейi, ординат өсiнде тауар бағаларының өсу қарқыны бейнелендi. Қисық сызық

өсi параметiрлердiң  көрi -

нiсi. Егер үкiмет жұмыс-

сыздық деңгейi И1(оған

баға өсу қарқыны Р

келедi) төтенше жоғары

деп есептесе онда оны

төмендету үшiн бюджеттiк

және ақша-несие шара-

лары қолданады,олар өз

кезегiнде сұранысты күшейтедi. Бұл өндiрiстiң ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына әкеледi. Жұмыссыздық нормасы И2 мөлшерiне дейiн төмендейдi, бiрақ дәл сол мезгiлде инфляция қарқыны Р2-ге дейiн жоғарлайды. Мұндай жағдайлар экономиканың "қызып" кетуiне, дағдарысқа ұшырауына әкелуi мүмкiн, сондықтан үкiмет несие берудi тежеу, мемлекеттiк бюджеттiң шығыстарын кемiту және т.б. шаралар жүргiзедi. Нәтижесiнде бағаның өсу қарқыны Р3 деңгейiне төмендеп, ал жұмыссыздық өсiп, оның нормасы И3 болады. Филлипстiң концепциясы бойынша инфляцияның өсуi (мұнымен байланысты номиналды жалақының өсуi) жұмыссыздықты азайтуы мүмкiн.

Филлипстiң қисық сызығын экономикалық талдау үшiн тек қарқыны төмен, баяу инфляцияға ғана қолдануға болады деген де сөздер бар.  Күтпеген экономикалық күйзелiсте (мысалы 70-жылдардағы энергия көздерiне бағаның кенеттен өсуi) инфляцияның қарқыны кенеттен өседi және ол жұмыссыздықтың көбеюiмен қабаттасады. Басқа сөзбен айтқанда Филлипстiң қисық сызығы көрсететiн статистикалық қатынас, ұзақ уақытқа тұрақты экономикалық заңдылық бола алмайды.

Мұның орнына жұмыссыздықтың табиғи деңгейi деген теория шыққан. Ол 1979 жылдан АҚШ-тың (Рейган және Дж.Буштың Республикалық әкiмшiлiгi) және Англияда (М.Тэтчер үкiметi) экономикалық талдауында қолданылды.

Бұл теорияның мәнi мынада: қарқыны баяу, орта, яғни қоғамға қолайлы инфляция деңгейi тек жұмыссыздықтың табиғи дәрежесiнде ғана мүмкiн болады. Ал табиғи жұмыссыздық дәрежесi әр түрлi кәсiп иелерiн жұмыспен қамту жөнiндегi ақпараттарға сүйене отырып, олардың фрикциондық және құрылымдық түрлерiн есептеу арқылы анықталады. Жұмыссыздықтың табиғи дәрежесi мен инфляция қарқынын баяулатуға, тұрақтандыруға бағытталған экономикалық саясат мақсатына жете бермейдi. Оның оңды нәтижелерiмен қатар (80-жылдардың екiншi жартысында АҚШ-та инфляция қарқыны едәуiр төмендедi), мынаны атап өту керек, жұмыссыздық табиғи деңгейiне жеткенде инфляция бiраз уақыт инерциямен қозғалады да, содан кейiн оның қарқыны жедел төмендейдi. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейi соңғы онжылдықта барлық батыс елдерiнде дерлiк өстi (АҚШ-та 60 жылдары 4% болса, 80-жылдары 6-7%-ке дейiн өстi).2

Жұмыссыздықтың түрлерi

Қазiргi экономикалық теория жұмыссыздықтың негiзгi үш түрiн бiледi.

Фрикциондық жұмыссыздық: жұмыс күшiнiң аймақтық, кәсiптiк және жасына қатысты қозғалысымен (жаңа орынға көшуi, басқа кәсiпке бейiмделуi, оқуы, бала бағу) байланысты. өзiнiң мазмұны жағынан фрикциондық жұмыссыздықты өз еркiмен болатын жұмыссыздарға жатқызуға болады. Экономистер жұмыс iздеп жатқандар немесе жақын арада жұмысқа қабылданатын адамдарды фрикциондық жұмыссыздыққа жатқызады. Фрикциондық жұмыссыздық сөзсiз болатын және белгiлi бiр мөлшерде қажеттi деп саналады. Неге қажеттi? Себебi, кейбiр жұмысшылар жалақысы төмен жұмыстан басқа жалақысы көп жұмысқа ауысады. Бұл жұмысшының табысы көбiрек болатынын бiлдiредi. Жалпы фрикциондық жұмыссыздық адамдардың жұмысты iздеумен және жұмысты күтумен байланысты болып келедi.

Құрылымдық жұмыссыздық. Фрикциондық жұмыссыздық байқаусыз екiншi категорияға өтедi. Бұндай жұмыссыздықты құрылымдық жұмыссыздық деп атайды. Белгiлi бiр уақыттан кейiн тұтынушы сұранысының құрылымында және технологияда маңызды өзгерiстер болады. Әрине, бұл өзгерiстер жалпы жұмыс күшiне сұраныстың құрылымына әсер тигiзедi. Сондықтан осындай өзгерiстерге байланысты  кейбiр мамандарға сұраныс азаяды немесе тiптi болмайды. Еңбек нарығында жаңа мамандықтарға сұраныс көбейедi. Жұмыссыздық пайда болады, себебi жұмыс күшiнiң құрылымы жаңа жұмыс орындарына сәйкес келмейдi. Құрылымдық жұмыссыздық жекелеген аймақтар мен халық шаруашылығы салаларының даму ерекшелiктерiмен байланысты. Экономикалық бiр секторындағы немесе аймақтағы жұмысшы күшiнiң артуы басқа жерде оның жеткiлiксiз болуымен қатар жүредi. Төменде құрылымдық жұмыссыздыққа бiрнеше мысал келтiрейiк:

Мысалдар. 1. Көптеген жылдар бұрын шыны жасайтын станоктарды ойлап шығарғанның нәтижесiнде көптеген аса бiлiктi шыны үрлеушiлер жұмыссыз қалды. 2. 1980 жылдары халықаралық мұнай бағасы күрт төмендеген кезде АҚШ-ның "мұнайлы" штаттарындағы көптеген мұнайшылар құрылымдық жұмыссыздар қатарына қосылды. Мұнай бағасы қатты төмендеген кезде мұнай өндiрумен байланысты жұмыстар қысқарды. Соның нәтижесiнде жұмыстан босатулар көбейдi.

Фрикциондық және құрылымдық жұмыссыздық арасында айырмашылық өте аз. Негiзгi айырмашылық "фрикционды" жұмыссыздарда сата алатын дағдысы бар, ал "құрылымдық" жұмыссыздар қайта даярлаусыз, қосымша үйренусiз, тiптi тұратын жерiн ауыстырусыз тез жұмыс таба алмайды. Фрикциондық жұмыссыздық кысқа мерзiмдi сипатта келедi, ал құрылымдық жұмыссыздық ұзақ мерзiмдi болып келедi. Сондықтан құрылымдық жұмыссыздық қиындау болып табылады.

Құрылымдық және фрикциондық жұмыссыздықтар оның "табиғи" деңгейiн бiлдiредi. Бұл жағдайда инфляция орташа көлемде жүредi.

Циклдық жұмыссыздық. Бұл жұмыссыздық экономиканың конъюнктураның өзгеруiмен анықталады. Ол циклдық жұмыссыздық өрлеу кезiнде азайып, дағдарыстар тұсында керiсiнше көбейiп отырады.

Жұмыссыздықтың регионалды түрi бар. Ол белгiлi бiр территорияда жұмыс күшiнiң сұранысы мен ұсынысы арасындағы диспропорцияның нәтижесiнде пайда болады.  Территорияның бiр қалыпты емес экономикалық дамуының әсерiнен регионалды жұмыссыздық қалыптасады. Регионалды жұмыссыздыққа демографиялық, тарихи, мәдени және басқа да спецификалық факторлар әсер етедi.

Жұмыссыздықты ұзақтығына қарай үш түрге бөлуге болады: тоқтаған, ағымдағы және маусымдық.  Жұмыссыздық ұзақтығы жұмыс орнын жоғалту мен жаңа жұмыс орнына тұру арасындағы уақыт аралығымен өлшенедi.

Жасырын жұмыссыздыққа жұмыспен қамту қызметiнде жұмыссыз ретiнде тiркелмеген, жұмыс iстеуге дайын және оған қабiлеттi жұмыс iздеп жүрген адамдар жатады. Бұл адамдар ресми жұмыссыздық туралы мәлiметтерде есептелiнбейдi. Егер мұндай адамдарда жұмыссыз ретiнде тiркелуге айқын себептер болмаса (мысалы, жұмыспен қамту қызметiнде тiркелгеннен кейiн жұмыссыздарға арналған жәрдемақы алу), онда жұмыссыздықтың шын деңгейi ресми мәлiметтерде айтарлықтай  төмен болуы мүмкiн.

  • Жұмыссыздықтың пайда болу себептері.

Көптеген экономикалық мектептер жұмыссыздықтың себептерiне анализ бередi. Олардың негiзгiлерiне тоқталып кетейiк.

Ағылшын экономисi Т.Мальтус (XVIII ғасыр аяғы) "Опыт о законе народонаселения" еңбегiнде жұмыссыздыққа түсiнiктеме бередi. Мальтус жұмыссыздықтың себептерiн демографиялық жағдайлармен байланыстырады. Яғни халықтың өсу қарқыны өндiрiстiң өсу қарқынынан көп болғандықтан, жұмыссыздық пайда болады. Ағылшын экономисi А.Пигу "Жұмыссыздық теориясы" (1932 ж.) атты еңбегiнде еңбек рыногында жетiлдiрiлмеген бәсекелестiк орын алады дедi. Бұл еңбектiң бағасының көтерiлуiне алып келедi. Яғни, Пигудiң айтуы бойынша кәсiпкер 5-6 жалақысы төмен жұмысшыларды жалдағанша, бiр жоғары бiлiктi адамға үлкен жалақы төлеп отырады. Сондықтан жұмыссыздық арттады.

Жұмыссыздықты туғызатын әртүрлi себептер бар. Бұл себептердi негiзгi үш топқа бөлуге болады:

  • Жалпы сұраныстың жеткiлiксiз деңгейi (циклдық жұмыссыздық);
  • Сұраныс құрылымының өзгеруi (құрылымдық жұмыссыздық);
  • ұсыныс факторларымен байланысты жұмыссыздық (табиғи жұмыссыздық)

Еңбек рыногындағы сұраныстың жеткiлiксiз деңгейi болғанда циклдық жұмыссыздық орын алады. Тағы да жұмыссыздық сұраныс құрылымындағы өзгерiстердiң болуымен байланысты.

ұсыныс факторларымен байланысты жұмыссыздықтың бiрнеше түрлерi бар. Бiрiншi түрi - "технологиялық жұмыссыздық". Жаңа технологияны енгiзгеннен кейiн жұмыс орындары қысқарады. Сондықтан жұмыссыздық пайда болады. Екiншi түрi "фрикциондық жұмыссыздық" болып табылады. Бұл жұмыссыздық адамдардың бiр жұмыс орнынан екiншi жұмыс орнына ауысуымен байланысты болады. Үшiншi түрi "мәжбүрлi жұмыссыздық". Адамдардың еңбекке жарамсыздықтың салдарынан жұмысқа орналасу қиыншылыққа түседi. Осы кезде мәжбүрлi жұмыссыздық пайда болады. Ұсыныс факторларымен байланысты жұмыссыздықтың тағы бiр түрi - "ерiктi жұмыссыздық". Бұл адамдардың жұмыс iстеуге стимулы немесе тiлегi жоқ екендiгiн бiлдiредi. Бесiншi түрi - "реалды жалақымен байланысты жұмыссыздық" немесе "классикалық жұмыссыздық".

Халықаралық саудаға кiретiн мемлекеттер халықаралық бәсекелестiктiң нәтижесiнде жұмыссыздықтың көбеюiмен соқтығысуы мүмкiн. Егер мемлекет азық-түлiк өнiмдерiн шығаруға көп ресурстарын негiздейтiн болса, әлемдiк сұраныс өнiмдерге төмендесе немесе жаңа өнiм шығаруға, жаңа зауыт салуға мемлекет көп инвестициялар салуының салдарынан шығындары көбейедi. Мемлекеттiң әлемдiк саудада бәсекелестiгi төмендейдi, импорттық тауарлар үлесi артады. Кейiн бұл мемлекеттiң бүкiл экономикасында жұмыс орындарының қысқаруына әкеледi.

Сұраныс құрылымының өзгеруiмен және ұсыныс факторларымен байланысты жұмыссыздықты азайту үшiн әртүрлi әдiстер пайдалануға болады. Олар: Инвестицияларға стимулдар (гранттар, субсидиялар, салыққа жеңiлдiктер т.б.), мысалы, жаңа өндiрiс орындар мен салалар пайда болуына, өндiрiстiң кеңейуiне әкеледi. Жаңа жұмыс орындар пайда болады. Мұндай жағдайда "құрылымдық" және "технологиялық" жұмыссыздық азаяды. Тағы да жұмыссыздықты азайту үшiн мемлекет кәсiптiк-техникалық даярлау программаларын жүргiзедi. "Ерiктi жұмыссыздықты" азайту үшiн әлеуметтiк қамтамасыз ететiн жәрдемақы жүйесiнде өзгерiстер енгiзуге болады. Бұл өзгерiстер адамдарды жұмыс iздеуiне әкеледi.

Жоғарыда жұмыссыздықтың әр түрлi себептерiн атап кеттiк. Ендi осы себептердiң бiреуiне тоқталып кетуге жөн болар.

Жұмыссыздықтың пайда болуының бiр себебi - жалақының қаталдығы. Яғни, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты жалақының икемдi өзгеруге қабiлетсiздiгi.Төмендегi суретте жалақының қаталдығы жұмыссыздыққа әкеп соғатыны көрсетiлген. Егер нақты жалақы деңгейi ұсыныс пен сұраныс тепе-теңдiгiнен жоғары болса, онда еңбек рыногында еңбек ұсынысы сұраныстан көп болып келедi. Сондықтан бос жұмыс орындарының саны жұмыссыздардың санымен сәйкес келмейдi,

Мұндай жұмыссыздықты күтiм жұмыссыздық (безработица ожидания) деп атайды. Яғни, жұмысшылар жұмысты iстегiсi келмегендiктен емес, осы жалақы деңгейiнде еңбек ұсынысы еңбекке сұраныстан көп болғандықтан жұмыссыз болады. Жұмыссыздар жұмыс орын табу мүмкiндiгiн күтедi.

Егер еңбек рыногында ұсыныс сұраныстан көп болса, онда фирма иелерi жалақыны неге төмендетпейдi деген сұрақ туады. Себебi егер де фирма жалақыны төмендетсе, онда жұмыссыздарға жаңа жұмыс орындар пайда болады. Қатал жалақы болуының себептерi: минималды жалақы туралы заңдар, кәсiптiк одақтың күштiлiгi және фирмалардың жұмысшыларды ынталандыру үшiн жалақыны көбейтуi.

Жұмыссыздықтың себептерiн қарастыра отырып, оның әлеуметтiк-экономикалық салдарын атап кетуге болады. Бiрiншiден, қоғамның еңбек ресурстарының толық пайдаланбауы. Адамдардың өмiр сүру деңгейi төмендейдi, жұмыспен қамтылғандардың еңбек жалақысының көлемiне қысым жасалады. Жеке адамның өзiнiң мамандығын өзгерту үшiн немесе мамандығын қайта даярлау үшiн шығындары көбейедi.

Жұмыссыздықтың динамикасына әсер ететiн факторлардың негiзгiлерi мыналар:

  • Демографиялық факторлар: халықтың туу және өлу, жастық құрамы, адамдардың орташа өмiр сүру ұзақтығы және басқа да көрсеткiштерiнiң өзгеруiнiң нәтижесiнде экономикалық белсендi халықтың көлемiнiң өзгеруi;
  • Техникалық-экономикалық факторлар: ғылыми техникалық прогресстiң қарқыны мен бағытының дамуы жұмыс күшiнiң аз мөлшерде пайдаланылуына алып келедi.
  • Экономикалық факторлар: ұлттық өндiрiстiң жағдайы, инвестициялық активтiк, қаржы-несие жүйесi, баға деңгейi және инфляция. А.Оукеннiң заңы бойынша жұмыссыздық деңгейi мен жалпы ұлттық өнiм көлемiнiң арасында терiс байланыс бар дейдi. Яғни, жұмыссыздықтың күрт көтерiлуi жалпы ұлттық өнiмiнiң нақты көлемiнiң азаюымен байланысты. Жұмыссыздық бiр процентке көтерiлгенде, нақты жалпы ұлттық өнiм екi процентке төмендейдi. Жыл сайын жалпы ұлттық өнiмнiң (ЖҰӨ) көлемi 2,7% өскенде, жұмыссыздардың үлесi тұрақты қалыпта болады. Демек, ЖҰӨ 3%-ке өсiп тұрмаса, онда жұмыссыздардың үлесi көбейедi.
  • Ұйымдық-экономикалық факторлар: кәсiпорынның ұйымдық-құқықтық нысанының өзгеруi, мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру, кәсiпорынды акцияландыру және т.б. кәсiпорындағы өзгерiстер жұмыссыздыққа қатты әсер етедi.

1.3. Жұмыспен толық қамту, жұмыссыздықтың "табиғи" деңгейi

Жұмыссыздықтың түрлерi мен себептерiн қарастырғаннан кейiн жұмыссыздықтың деңгейiн қалай табатынын және жұмыспен толық қамту мәнiн қарастырып кетуге болады.

Жалпы жұмыспен толық қамту - мемлекеттiң барлық еңбек ресурстарын толық пайдалануды бiлдiредi. Шынында, 100%-тiк жұмыспен толық қамту болуы мүмкiн емес. Әрқашанда кiшкентай болсын жұмыссыздық деңгейi болады. Себебi, адамдар жұмысты iздеуге және оны таңдауға белгiлi бiр уақыт жiбередi.

Толық жұмыспен қамтылу жұмыссыздықтың абсолюттi жоқтығын бiлдiрмейдi. Экономистер фрикциондық және құрылымдық жұмыссыздықтарды сөзсiз болатын құбылыс деп есептейдi. Сондықтан толық жұмыспен қамтылу кезiнде жұмыссыздық деңгейi құрылымдық және фрикциондық жұмыссыздықтардың деңгейлерiнiң қосындысына тең. Басқа сөзбен айтқанда, жұмыссыздық  деңгейi толық жұмыспен қамтылу жағдайда болады, егер циклдық жұмыссыздық нөлге тең болса. Толық жұмыспен қамтылу кезiнде жұмыссыздық деңгейiн тағы да жұмыссыздықтың "табиғи" деңгейi деп атайды. Жұмыссыздықтың "табиғи" деңгейiмен байланысты нақты ұлттық өнiмнiң көлемi экономиканың өндiрiстiк потенциалы деп аталады. Бұл экономика ресурстарды "толық пайдалану" жағдайда өндiруге мүмкiншiлiгi бар нақты өнiм көлемi.

Жұмыс iздеп жүргендер саны бос жұмыс орындарының санына тең болған кезде жұмыссыздықтың "табиғи" деңгейi пайда болады.

Қазiргi кезде экономистер жұмыссыздықтың табиғи деңгейi шамасында 5-6%-ке тең болуы керек дейдi.

Статистикада жұмыссыздықтың деңгейiн жұмыссыздарды жұмыс күшiне қатынасы арқылы есептеп алады.

Жұмыссыздық деңгейi - жұмыс күшi iшiндегi жұмыссыздардың процентi.

Көптеген экономистер жұмыссыздықтың деңгейiн есептеу кезiндегi тәсiлдерге қарсылық бiлдiредi. Себебi, жұмыссыздарға тек қана 16 жастан үлкен және де жұмысты iздеп жүрген адамдар жатқызылады. Ал экономистердiң айтуы бойынша, жұмыссыздар санына көптеген жұмысты табу үмiтiнен айрылған адамдар кiргiзiлмейдi. Сондықтан жұмыссыздықтың деңгейi нақты табылмайды.

Қорыта айтқанда, жұмыссыздықтың деңгейi деген түсiнiк экономикалық саясатты анықтау кезiнде өте үлкен роль атқарады. Бiрақ оның белгiлi бiр кемшiлiктерi бар. Жұмыссыздық деңгейi мемлекеттiң экономикалық жағдайының басты бiр көрсеткiшi болғанымен, оны тура қатесiз деп есептеуге болмайды.

II-БӨЛIМ. Қазақстан республикасындағы нарықтық экономикадағы жұмыссыздық мәселесі

2.1. Қазақстандағы еңбек рыногының қазіргі жағдайына талдау.

Қазақстан республикасының "Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы" заңы бойынша жұмыссыздарға жұмыс iстеуге қабiлеттi және дайын, еңбекпен қамту қызметтерiнде жұмыссыз болып тiркелген адамдарды жатқызады. Соңғы жылдары республикамыздың еңбек рыногында айқын өзгерiстер болды: халық саны азайды және соның салдарынан экономикалық белсендi халықтың саны төмендедi.

Өтпелi кезең экономикада жұмыссыздық мәселесiне өте үлкен көңiл бөледi. 1991-1996 жылдар арасындағы көрсеткiштерге сүйенсек, Қазақстанда жұмыссыздық дамуын екi этапқа бөлуге болады:

  • Бiрiншi этап (1991-1993 ж) - жұмыссыздық деңгейiнiң шамалы өсуi - 0,05%-ке 1991 жылы және 0,95%-ке 1993ж.
  • Екiншi этап - 1993 жылдан бастап бiрте-бiрте жұмыссыздық көбеюi. Экономикада реформалар жүргiзiлдi. Мемлекеттiң негiзгi жұмыс берушi рөлiнiң азаюы.

Жұмысшылардың саны азаюы және мемлекеттiк емес секторларда: акционерлiк қоғамдарда, бiрiккен кәсiпорындарда, шағын және орта бизнесте, жеке меншiк кәсiпорындарда жұмысшылар санының көбеюi айқын көрiнедi.

Жұмыссыздықтың өсуiнiң негiзгi себептерi:

  • өндiрiстiң қысқаруын және жабылуын туғызған экономикалық дағдарыс.
  • Рыноктық талаптарға сәйкес келмейтiн жұмыс күшiнiң бiлiктiлiгi.

 Соңғы жылдары жасырын және жастардың жұмыссыздығы артуда.

Бүгiн жұмыссыздық еңбек рыногында аса ауыр мәселе болып келедi. Жұмыссыздық экономикалық және психологиялық қиыншылықтармен жүредi.

Қазақстанда жұмыссыздық туралы мәлiметтер 1991 жылы июньде "Халықтың жұмыспен қамту туралы" Заңы қабылданғаннан берi жиналып келедi. Барлық мәлiметтердi Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң» еңбекпен қамту қызметтерi дайындайды. 1991 жылдың басында бiрiншi рет 4 мың адам жұмыссыз болып тiркелдi. Оның iшiнде 75% процентiн әйелдер құрады. Өткен жылдардың iшiнде ең үлкен жұмыссыздықтың ресми деңгейi 1996 жылдың соңына келедi - 4,2% (1997ж - 3,8%).

1998 жылдың қаңтар-қараша айларында еңбекпен қамту қызметiне жұмысқа орналастыруға 537,3 мың адам көмек сұрады, оның iшiнде 296 мың (55%) әйелдер.

Жастық құрамына қарай еңбек рыногы: көбiнесе 30-50 жас аралығындағы адамдар, бұл жұмыспен қамту қызметiнде тiркелгендердiң жартысынан көп бөлiгi. 16-30 жас аралығындағы жастар 34% құрады, пенсияға жақындағандар - 0,9%, пенсионерлер - 0,5%. Жұмыс iздеп жүргендердiң жұмысшы боп iстегендер 340,2 мың адам (63%), әрбiр төртiншi қызметшi болып iстеген (138,6 мы» адам).

Адамдардың көбiсi кәсiпорындардың жабылуының немесе оларды жұмыстан босатудың себебiнен жұмыссыздар қатарына қосылды (29,2%). Айтып кететiн жағдай жұмыстан босатуда көбiнесе әйелдер кездеседi. Штаттың қысқаруымен байланысты жұмыстан шығарылған адамдардың 60%-тiн әйелдер құрайды.

1998 жылы 105,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, ол барлық жұмыс сұрағандардың 19,6%-тiн құрайды. Демек, жұмыспен қамту қызметiне келгендердiң әрбiр бесiншiсi жұмысқа орналастырылды. Олардың iшiнде 46,8% әйелдер, 34,5% 16-30 жас аралығындағы жастар және тек 2,6% - оқу орындарын бiтiргендер жұмысқа орналастырылды.

1998 жылдың соңында республика бойынша тiркелген жұмыссыздардың саны 251,9 мың адам болды, оның iшiнде 62%-тен көбiсi әйелдер болды.

1998 жылғы республика бойынша ресми жұмыссыздық деңгейi 3,7% құрады. 1998 жылдың соңына жұмыссыздарға арналған жәрдемақы алатындардың саны 149,2 мың адам болды (59,2% барлық жұмыссыздардан), олардың iшiнде 53,4 мың адам шамасында ауылда тұратындар.

Жұмыссыздарға арналған жәрдемақының орташа көлемi республика бойынша 2751 тенге (1998 ж) болды.

Қазiргi кезде жұмыссыздықтың нақты деңгейi белгiсiз. Өтпелi кезең экономикада жасырын жұмыссыздық көп болады. Қ.Р Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң жұмыспен қамту қызметтерiнiң мәлiметтерi бойынша 1999 жылдың 1 қаңтарында республикада әртүрлi экономикалық себептерге байланысты 584 кәсiпорын өндiрiстi толық тоқтатты, 939 - жарым-жартылай өндiрiстi тоқтатты, 308- толық емес жұмыс уақыт режимына көштi. 137,4 мың адам амалсыздан демалысқа шықты, олардың iшiнде 110,1 мың адам демалысы төленбеген. Жасырын жұмыссыздық деңгейi 1998 жылдың желтоқсан айының соңына 3,2% (экономикалық белсендi халықтың iшiнде).

Жұмыссыздық адамдардың өмiр сүру деңгейiнiң төмендеуiн және халықтың ауқатсыз жiктерiнiң көбеюiн туғызатын жаппай құбылыс.

Қазақстан республикасының стастикалық мәлiметтерiне сүйенсек, ауыл халқының iшiнде жұмыссыздық өте үлкен боп келедi. Бес жыл iшiнде (1991-1996жж.) ауыл халқында жұмыссыздық 106 есе рет көбейдi (1991ж. - 1,6 мың, 1996ж. - 170,8 мың).

Ауыл халқында жұмыссыздықтың көбеюiнiң негiзгi себептерiне мыналарды жатқызуға болады:

  • Ұлттық экономика дамуында ауыл шаруашылығын пайдалануының стратегиясының қалыптаспауы;
  • жаңа заманға сай келетiн аграрлық кадрлар даярлау жүйесiнiң жоқтығы;
  • iшкi және сыртқы рыноктардағы ауыл шаруашылық өнiмдерiне сұраныстың зерттелмеуi;
  • жалпы ауыл шаруашылық өндiрiсiнiң төмендеуi, әсiресе мал шаруашылығында;
  • аграрлық-өнеркәсiптiк кешен кәсiпорындарының құрылымының өзгеруi;
  • ауыл шаруашылық өндiрiсте меншiктiң өзгеруi.

Ауыл халқының iшiндегi жұмыссыздықты азайту үшiн мемлекет шағын және орта бизнестi дамыту программаларын жүргiзуде.

Жетi жыл бұрын басталған экономикалық реформалар қазiргi кезге дейiн Қазақстан экономикасында белсендi жүргiзiлiп жатыр. Бұл период iшiнде республикада жұмыс күшiнiң сапасы және жұмыс iстеудiң жаңа шарттары анықталды.

Еңбек рыногының құрылуына және оның ерекшелiктерiне өтпелi экономика кезеңiнде үлкен көңiл бөлу керек. Өйткенi өтпелi экономикаға өндiрiстiң күрт төмендеуi, инфляцияның үлкен деңгейi, жұмыстан көп шығарылғандар, жұмыс күшiнiң көп бөлiгi өндiрiстiк саладан қызмет көрсету саласына ауысуы және жекешелендiру мен мемлекетсiздендiруге байланысты мәселелер сияқты ерекшелiктер сай. Осыған байланысты жұмыспен қамтуды зерттеу үшiн жаңа методикалар мен тәсiлдер және Қазақстанның еңбек рыногының дамуының мәселелерi мен негiзгi тенденцияларын айқындау қажет.

Жалпы еңбек рыногын жетiлдiрiлмеген рыноктардың қатарына жатқызуға болады. Себебi, оның механизмi жиi өзгерiп тұрады, жұмысшылар көбiнесе рыноктағы еңбекке сұраныс туралы ештеңе бiлмейдi.

Еңбек рыногында да сұраныс пен ұсыныс заңдары әрекет етiп,  жұмыс күшiн сатып алу және сату жетiлген және жетiлмеген бәсеке жағдайларында жүредi.

Еңбек рыногы толық қызмет ету үшiн бiрқатар шарттар орындалуы керек:

  • еңбек рыногында сұраныс пен ұсыныс жасайтын көптеген тәуелсiз субъекттер;
  • экономикалық субъекттердi рынокқа сай ынталандыру;
  • экономикалық бостандық және субъекттердiң таңдауға бостандығы және т.б.

Республикамыздағы еңбек рыногындағы өзгерiстердi көру үшiн Қазақстан Республикасының ұлттық Статистика Агенттiгi жасайтын Еңбек ресурстарының балансының мәлiметтерiне сүйенуге болады.

Халықаралық Еңбек ұйымының ұсынысына сәйкес Еңбек ресурстарының балансына мынадай көрсеткiштер енгiзiлдi:

  • Экономикалық белсендi халық;
  • Экономикалық белсенсiз халық;
  • Өздiгiнше жұмыс iстейтiндер;
  • Жұмыссыздар (жалпы саны)

Халықаралық стандарттарға сәйкес экономикалық белсендi халыққа барлық жұмыспен қамтылған халық пен жұмыссыздар жатады. Жұмыс қамтылғандарға жалданып жұмыс iстейтiндер (мейлi ол жұмыс тұрақты ма, уақытша ма, маусымдық па немесе бiр рет қана ма, оларға қарамай) де, сондай-ақ өзiнiң жеке iсiмен айналысатындар да жатады.

Экономикалық белсенсiз халыққа оқушылар мен, үй шаруасындағы әйелдер және әртүрлi себептермен жұмыс iстемейтiн басқа да адамдар жатады.

Әдетте өз бетiнше немесе компаньондармен жұмыс iстейтiндер және жұмыскерлердi тұрақты негiзде жалдамайтындар өздiгiнше жұмыс iстейтiндер деп саналады. Бұл топқа сауда делдалдықпен және қызмет көрсетумен шұғылданатын, өз есебiнен жұмыс iстейтiн, отбасына жәрдем беретiн, отбасылық кәсiпорындарда ақысыз жұмыс жасайтын адамдар, т.с.с. жатады.

Жұмыссыздардың жалпы саны (жұмыспен қамту қызметiнде тiркелгендер мен тiркелмегендердi қоса) еңбекке жарамды жастағы еңбекке қабiлеттi адамдардан үлестiк салмағын есептеу жолымен анықталады.

Жұмыссыздық статистикасы кез келген адамды үш топтың бiреуiне жатқызады. Адам жұмыспен қамтылған, жұмыссыз және жалпы жұмыс күшiне жатпайтын бола алады.

Жұмыспен қамтылғандар мен белсендi жұмыс iздеп жатқан жұмыссыздар жұмыс күшiн құрайды. Ал жұмыс күшiне жатпайтындарға:

  1. 16 жасқа дейiнгi балалар;
  2. Арнайы мекемелердегi адамдар. Мысалы, психиатриялық ауруханалар мен түзейтiн орындардағы адамдар;
  3. Пенсионерлер мен бiлiм алып жүргендер;
  4. Әртүрлi себептерге байланысты жұмыс iстемейтiндер мен жұмыс iздемейтiн адамдар.

1997 жылы Қазақстанның халқы орташа 15,7 млн. адам болды. Еңбек ресурстарының балансы бойынша республиканың еңбек ресурстары 8,8 млн. адам болды немесе жалпы халықтың  56%-тiн құрады. Экономикалық белсендi халық 7,4 млн адам болды.

1991-1997 ж.ж. аралығындағы Қазақстанның еңбек рыногындағы жағдайды бағалау.

Қазiргi кезде Қазақстанның еңбек рыногында, облыстарды қосқанда, өте қиын деп айтуға болады. Себебi ол экономика жағдайымен: өндiрiстiң одан әрi төмендеуi, экономикалық көпшiлiк салаларындағы тұрақсыздық және т.б. жағдайлармен байланысты.

1991 жыл.

1991 жылдың басында бiрiншi жұмыссыздар тiркелiндi. 4000 мың адам жұмыссыз болып саналды, оның iшiнде 75% әйелдер құрады. 1000 адам немесе 24% жұмыссыздарға арналған жәрдемақы алды. 1991 жылы жұмыспен қамту қызметi әрбiр үшiншi адамды жұмысқа орналастырды.

1991 жылда жұмыспен қамту орталығына Қазақстан бойынша жұмыс iздеп келгендер 185 мың адам болды. Сол кезде өндiрiстiк саладан өндiрiстiк емес салаға жұмысшылардың ауысуы басталды. Жалпы бұл кезеңде Қазақстанда жұмыс күшiнiң жаңадан бөлiну құбылыстары байқалды:

МЕМЛЕКЕТТIК                         ЖЕКЕ МЕНШIК

КӘСIПОРЫНДАР                       КӘСIПОРЫНДАР

              АУЫЛ                            ҚАЛА

      ӨНДIРIСТIК                          ӨНДIРIСТIК ЕМЕС

      САЛА                                     САЛА

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ                            САУДАЛЫҚ

ЕҢБЕК                                         ҚЫЗМЕТ

1992 жыл.

1992 жылы өндiрiстiң төмендеуi әрi қарай жалғасты. Жұмыссыздар көбейе басталды. өндiрiстiк салада адамдарды жұмыстан шығару көбейдi. Бұрынғы Совет кезiндегi байланыстардың нашарлауы 205 мың адам жұмыс iстейтiн 200-ден астам кәсiпорындарының жабылуына әкеп соқты. Он сегiз кәсiпорын толық емес жұмыс тәртiбiне көштi, 40 мыңнан астам адам ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болды. 1992 жылы жасырын жұмыссыздық күрт өстi. Жұмыссыздық әсiресе әйелдер мен жастардың арасында көп болды.

1992 жылы жұмыспен қамту қызметiне 264 мың адам өтiнiшпен келдi, 70,5 мың адам жұмыссыз боп тiркелдi. Бұл жалпы республикада жұмыспен қамтылғандардың 1%-тiн құрады.

1993 жыл.

Бұл жылы жағдай өзгерген жоқ. Жұмыспен қамту қызметiне ай сайын шамасында 29 мың адам келiп отырды. Оның iшiнде әрбiр екiншi адам жұмыспен қамтылды, ал 6-8 адам жұмыссыз болып тiркелдi. Сонымен қатар жұмыс күшiне сұраныс өсе бастады. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көбейдi.

Әсiресе 1993 жылдың ноябрь айында жағдай күрт қиындады. Жабылған және уақытша өдiрiстi тоқтатқан кәсiпорындардың саны 3 есе артты, ал мәжбүрлi демалыстағылардың саны 2,6 есеге көбейдi.

1994 жыл.

Жасырын  жұмыссыздық артты. Жұмыссыздық негiзiнен жеңiл және азық-түлiк өнеркәсiбiнiң орта және шағын кәсiпорындарында, құрылыста, транспортта, ауыл шаруашылығында көбейдi. Жасырын  жұмыссыздық деңгейi   5-8% арасында болды.

1994 жылы еңбек рыногының негiзгi мәселелерi: еңбекке сұраныстың төмендеуi және де жұмыс күшiнiң сандық пен сапалық жағынан сұранысқа сай келмеуi.

1994 жылы жұмыспен қамту қызметiне шамасында 260 мың адам келдi, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,4%-ке көбейдi. 113 мың адам жұмыссыз болып тiркелдi.

1995 жыл.

Жұмыссыз болып тiркелгендердiң саны 143 мың адамға жеттi. Оның 43%-i ауылдық халқы болды. Торғай облысында 4,5 есе, Қызылордада 3,9 есе, Ленинскiде 6,2 есе жұмыссыздардың саны көбейдi. Жасырын жұмыссыздық өткен жылмен салыстырғанда 2,4%-ке артты, ал ресми жұмыссыздық деңгейi 1,2%-ке жеттi.

1996 жыл.

Жұмыссыздық деңгейi 2,4%-ке ұлғайды. Әйелдер мен жастардың жұмыссыздығы көп болды. 1996 жылы жұмыссыздардың 40%-iнде арнаулы бiлiмi жоқ  болды. Жұмыссыздықтың жоғары деңгейiне қарамастан көптеген жұмыс iстейтiн адамдар бiрнеше жұмыс орындарда жұмыс iстеп жүрдi. Бұған себеп -  жалақының  төмен болуы.

1997 жыл.

Бiрiншi жарты жылдық iшiнде республиканың экономика саласында жұмыс iстейтiн адамдардың саны 4,05 млн. адам болды. Бұл 1996  жылға қарағанда 15,6%-ке кем болды.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау Министрлiгiнiң мәлiметтерi бойынша 1997 жылдың iшiнде 258,5 мың адам жұмыссыз болып тiркелдi. Бұл экономикалық белсендi халықтың 3,8% - тiн құрады.

1997 жылдың бiрiншi кварталында жұмыспен қамту қызметiнен 151 мың адам көмек сұрады. Оның iшiнде 46 мың (30,4%) ауылда тұратын адамдар болды. 1997 жылы жұмыспен қамту қызметi жұмыссыздардың 18%-тiн жұмысқа орналастырды.

Жоғарыда айтылған материалдар бойынша қорыта айтқанда, Қазақстанда 1991-1997 жж. аралығында жұмыссыздық динамикасы төмендеген жоқ.

Кәсіпорындар мен ұйымдар экономиканы реформалаудың алғашқы сатысында жұмыспен қамтылуды қадағалаудың әр түрлі жағдайларын: жұмыс графигін қысқарту, мезгілдік жұмыспен қамтылмау жұмыс санының қысқаруын қолданды. Бұл жұмыс деңгейінің  өсуіне себеп болды. Жұмыссыздар саны 1994 жылғы 534,4 мың адамнан, 1996 жылда 970,6 мың адамға жетті. Келесі 3 жылда жұмыссыздар саны 925-968 мың адам шамасында қала берді, ал жұмыссыздық деңгейі 13%-13,5% болды. (6 сурет). Мемлекеттегі экономикалық қызметтің жандандырылуы, жаңа өндірістердің құрылуы рыноктық инфрақұрылымның дамуы, шағын бизнесті қолдау жұмыссыздық деңгейiн 1999 жылғы 13,5%-тен 2001 жылы 10,4% төмендетуге мүмкiндiк бердi. 2001 жылы жұмыссыздар саны 780,3 мың адам болды. 1996 жылы жұмыспен қамтылу органында жұмыссыз деп тiркелген азаматтар саны 282,4 мың адамды құрады, ал олардың үлес салмағы 4,2%. Соңғы жылдарда  жұмыссыздар саны мен олардың экономикалық активтi халықтың iшiндегi үлес салмағының төмендеу тенденциясы байқалады. 1997 жылдан бастап ол 3,7-3,9% аралығында өзгерсе, ал 2001 жылы 2,9% құрады. 2001 жылы тiркелген жұмыссыздар санының жартысынан көбiн әйелдер құрайды: 118,3 мың адам. Соның iшiндегi үштен бiрi ауыл тұрғындары 133,7 мың адам. Жұмыспен қамтылу органдарының тiркелген әр 3-шi адам 16-24 жас (237,1 мың) аралығында.

2000-2002 жылдарда болжамдарға сәйкес еңбек рыногындағы ахуал мынадай факторлардың әсер етуiмен қалыптасатын болады:

1) қалған мемлекеттiк ұйымдарды жекешелендiру процестерiнiң жалғасуы, экономиканың аграрлық секторындағы реформалардың күшеюi;

2) бюджет саласындағы реформалар, мемлекет функцияларының едәуiр көлемiнiң жеке секторға аударылуы;

3) дәрменсiз өндiрiстердiң банкроттығы және тарату рәсiмдерiнiң

жеделдетiлуi, жұмыс күшiн босату ауқымының өсуi;

4) тiкелей шетелдiк инвестициялар мен сыртқы заемдар тарту жолымен жоғары технологиялық және еңбектi көп тiлейтiн жаңа өндiрiстердi, инфрақұрылым және әлеуметтiк сала объектiлерiн салуға және құруға бағытталған инвестициялық белсендiлік;

5) жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған импорт алмастыру тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын жандандыру;

6) Қазақстан Республикасындағы шағын кәсiпкерлiктi дамыту-дың және қолдаудың 1999-2000 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру;

7) Шағын несие беру бағдарламасын кеңейту;

8) ауыл тұрғындарының қалаға көшуi, урбанизация процестерiн дамыту.

ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ

(жыл аяғына)

Ақмола облысы

Жылдар Еркектер Әйелдер Жастар (16-29 жас) Барлығы Жәрдем ақы алатын-дар
1997 3335 10677 4670 18682 9577
1998 3432 6401 3189 13022 6045
1999 5422 10066 3544 19032 -
2000 6701 9441 3986 20128 -

Алматы облысы

Жылдар Еркектер Әйелдер Жастар (16-29 жас) Барлығы Жәрдем ақы алатын-дар
1997 6353 10542 5703 22598 12196
1998 4236 5685 3126 13047 7199
1999 3982 4055 1572 9609 2935
2000 5156 5407 2365 12928 2053

Қазақстанның еңбек рыногының жағдайын қарастырып, келесi қорытынды жасауға болады:

  1. өтпелi кезең Қазақстан экономикасында еңбек рыногында негiзiнен көп қиыншылықтар кездестi;
  2. Халықаралық стандартқа сай жұмыссыздықтың табиғи деңгейi фрикциондық және құрылымдық жұмыссыздықтың нәтижесi, ал Қазақстанда көбiнесе өндiрiстiң төмендеуiнiң нәтижесiнде пайда болған циклдық жұмыссыздық орын алады;

Басты   материалдық  өндiрiсте  жұмысшылардың азаюы, жасырын  жұмыссыздық пен толық емес жұмыспен қамтылу   көлемiнiң  өсуi  және  т.б.  факторлар,  нәтижесiнде республиканың ЖҰӨ-нiң төмендеуi мен халықтың материалдық   деңгейiнiң   төмендеуiне   алып   келедi.”

2.2 Мемлекеттiң халықты жұмыспен қамту шаралары

Жұмыссыздық ол кез келген мемлекетте кездесетiн үлкен  мәселе болып табылады. Сондықтан да әр мемлекет жұмыссыздықық деңгейiн азайту үшiн көптеген саясаттар жүргiзедi, МЫС:1)мемлекеттiк жұмысбастылық қызметi бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды таратады.2)жұмысшылардың бiр маманнан екiншi  маманға қайта даярлау саясатын жүргiзедi  3)«жұмыссыздық бойынша сақтандыру» программасы бойынша жұмыссыздар белгiлi уақыт аралығында жалақысынын белгiлi пайызын ала алады.Бұл саясат жұмысты жоғалтқанмен экономикалық зардаптарын кiшiрейтедi,сонымен қатар Фикциондық жұмысшылар санын көбейтедi.

Мемлекеттiң халықты жұмыспен қамту шараларына  Қазақстандағы  мысал ретiнде  Қазақстан Үкiметiнiң 2000 жылғы 3-шi маусымда №833 қаулысымен бекiтiлген Кедейлiкпен және жұмыссыздықпен күрес жөнiндегi 2000-2002 жылдарға арналған бағдарламаны алуға болады.

Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн нәтижелер: Кедейлiк ауқымын 1999 жылмен салыстырғанда 2002 жылға қарай 8,7 %-ға қысқарту. Жұмыссыздық деңгейiн 2000 жылғы 13,5%-дан 2002 жылдың аяғында 9%-ға дейiн төмендету.

Төменде Қазақстан Республикасының халықтың саны, еңбек ресурстары және жұмыссыздықты азайту туралы 2001-2002 жылдарға арналған мәліметтер келтіріледі, (мың адам).

---------------------------------------------------------------------------------------------

Көрсеткіштер                          ! 2000 жыл     ! 2001 жыл    ! 2002 жыл

---------------------------------------------------------------------------------------------

Халықтың саны                        14869,1        14847,8       14848,5

Еңбек ресурстары, барлығы      8530,5         8534,3        8540,8

Экономикалық белсенді халық    7106,5         7100,7        7118,9

Экономикада еңбек ететіндер    6200,1         6295,2        6416,4

Жұмыссыздар                               906,4          805,5         702,6

---------------------------------------------------------------------------------------------

Бағдарламаны iске асырудың есебiнен 2000-2002 жылдары 400,4 мың жұмыс орнын құру, бұрыннан бар жұмыс орындарының санын азайтуға жол бермеу көзделедi. Квоталаудың есебiнен 82 мың жұмыс орны сақталатын болады. Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды жүзеге асыру 295,1 мың адам үшiн жұмыс орнын құруға мүмкiндiк бередi.  52,8 мың жұмыссыз адам кәсiптiк оқуға және қайта даярлауға  тартылады.

Жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жөніндегi шаралар

Еңбек нарығында белсендi түрде жұмыс iздеп жүрген азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесудiң негiзгi өлшемi - бос қызмет орындары банкiн қалыптастыру, ұлғайту және пайдалану болып табылады.

Белсендi жұмыс iздеудiң нақты қадамдарына: халықты жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк уәкiлеттi органдарда немесе жеке меншік агенттiктерде тiркелу, жұмыс берушiлерге өтiнiш жасау, бұқаралық ақпарат құралдарына жұмыс iздеу туралы хабарландыру беру, өзiнiң жеке iсiн ұйымдастыруға әрекет ету немесе еңбек рыногындағы сұраныстарды ескере отырып, кәсiби даярлықтан өту жатады.

Қалалар мен аудандардағы халықты жұмыспен қамту жөнiндегi уәкiлеттi органдар мынадай қызметтердi көрсетедi:

1) азаматтарды жұмысқа орналастырудың мүмкiндiктерi туралы және осы немесе басқа бiр жұмысқа орналасқысы келген адамдарға қойылатын талаптар жөнiнде хабардар етедi;

2) жалпы бiлiм беру мекемелерiнiң түлектерi мен әлеуметтiк қорғауға аса мұқтаж азаматтарға лайықты жұмыс таңдауда, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарына, вахталық әдiспен, шетелде жұмысқа орналасуға жәрдемдеседi;

3) жұмыс iздеуде қиындық көрiп жүрген азаматтарға консультация бередi;

4) қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады;

5) жұмыссыз азаматтарды оқытады және қайта оқытады;

6) шағын несие беру арқылы жұмыссыздарға өзiнiң жеке iсiн ұйымдастыруға жәрдемдеседi;

7) кәсiби даярлауға, iскерлiк машықтарын үйретуге мемлекеттiк тапсырысты кәсiби білім беру оқу орындарының желiсi арқылы анықтайды;

8) бастауыш және орта кәсiптiк оқу орындарының түлектерiн жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседi.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорыта келгенде, жұмыссыздық мемлекеттiң еңбек ресурстарының толық пайдаланбауы. Егер жұмыссыздар жұмыс iстеген кезде мемлекеттiң ұлттық табысының көбеюiне алып келетiн едi. Экономика тұрақсыздығының нәтижесiнде өндiрiс төмендеуi мүмкiн, соның салдарынан жұмыссыздық өседi. Өкiнiшке орай, жұмыссыздықты жай қысқарту тәсiлдерi жоқ. Жұмыссыздық экономикалық және психологиялық қиыншылықтармен жүредi.

Жұмыссыздықтың тек қана терiс жақтары емес, жақсы жақтары бар деген қорытындыға келуге болады. Себебi, жұмыссыздықтың бiркелкi деңгейi экономикалық өсуге қажеттi деп есептелiнедi. Бiрiншiден, жұмыссыздық жұмыс күшiнiң резервi болып келедi. Екiншiден, жұмыссыздықтың болуы кәсiподақтардың жалақыны көбейту талаптарын, яғни агрессиясын басып отырады. үшiншiден, жұмыс iстеп жүргендердiң алдында жұмысты жоғалтып, жұмыссыздар қатарына қосылуы мүмкiн деген қорқыныш пайда болады. Ал бұл болса, өндiрiсте тәртiп пен жұмыс күшiн тиiмдi қолдануға алып келедi.

Жұмыссыздықтың келесi терiс жақтарын атап кетуге болады:

  1. Жұмыссыздық кезiнде қоғамның экономикалық потенциалы толық пайдаланылмайды;
  2. Жұмыссыздық көп уақытқа созылса, адам өзiнiң бiлiктiлiгiн жоғалтады;
  3. Жұмыссыздықтың өсуi, медицина жағынан қарасақ, адамдардың психологиялық жағына зақым тигiзедi;
  4. Жұмыссыздықтың көбеюi қылмыстардың артуына әкеп соғуы мүмкiн;
  5. Жұмыссыздықты қоғамның жоғалтулары деп қарастырсақ, онда мынандай экономиканың тұрақсыздану факторларын атап кетуге болады:
  6. сатып алу сұранысының төмендеуi;
  7. қорланудың қысқаруы;
  8. инвестициялық сұраныстың төмендеуi;
  9. ұсыныстың қысқаруы және өндiрiстiң азаюы.

Жұмыссыздықтың түрлерiне келетiн болсақ, адамның жұмыс орнын iздеуге, таңдап алуға  уақыт кететiнi белгiлi болғандықтан, фрикциондық жұмыссыздық сөзсiз болатын құбылыс деп атап кету керек. Жалпы фрикциондық және құрылымдық жұмыссыздықтарды өз еркiмен болатын жұмыссыздыққа жатқызуға болады.

Еңбек рыногында да сұраныс пен ұсыныс заңдары әрекет етiп, жұмыс күшiн сатып алу және сату жетiлген және жетiлмеген бәсеке жағдайларында жүредi. Бiрақ көбiнесе еңбек рыногы жетiлмеген болып келедi.

Жұмыссыздыққа күптеген факторлар әсер етедi. Бұл факторлардың негiзгiлерiне бiрiншiден, демографиялық факторларды жатқызуға болады. Яғни халықтың өлу, туу, өмiр сүру ұзақтығы және т.б. көрсеткiштердiң әсерiнен экономикалық белсендi халықтың көлемi өзгерiп отырады. Екiншiден, әртүрлi экономикалық факторларды жатқызуға болады. Мысалы: инвестициялардың көлемi, жалпы экономикадағы жағдай, инфляция деңгейi, баға және т.б.  Тағы бiр басты факторлардың бiрi - техниканың дамуының нәтижесiнде, жұмыс күшi аз пайдаланылады.

Қазақстандағы жұмыссыздықтың ерекшелiктерiне келетiн болсақ. Бiрiншi жағынан жұмыссыздықтың өсуi өндiрiстiң тоқтап қалуына алып келетiн экономикалық дағдарысқа байланысты деп айтсақ, екiншi жағынан жаңа заманғы жоғарғы талаптарға сай келмейтiн адамдардың мамандығы болып келедi. Мемлекетiмiз тәуелсiздiгiн алғаннан қазiргi кездерге дейiн республикада жұмыссыздықтың деңгейi көтерiлуде. Жұмыс күшiнiң өндiрiстiк саладан өндiрiстiк емес салаға ауысуы байқалуда.

Республикамызда әйелдер мен жастардың арасындағы жұмыссыздық ауыр мәселелердiң бiрi болып табылады. Жасырын жұмыссыздықтың көлемi көбейiп жатыр. өйткенi, көптеген кәсiпорындар жабылып жатыр немесе толық емес жұмыс уақытына көшiп жатыр. Көпшiлiк адамдар ақысыз демалысқа шығарылып жатыр. Қазақстанда көп мөлшерде жасырын және циклдық жұмыссыздық орын алуда.

Республикамызда жұмыссыздықты қысқартуға негiзделген бағдарламалар жүргiзiлуде. Жұмыспен қамту қызметi жұмыс iстейдi.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТIЗIМI:

  1. Кэмпбелл Р. Макконнелл, Стэнли Л.Брю. Экономикс: Принципы, проблемы и политика. Пер. с англ.
  2. Казахстан. Отчет о человеческом развитии,1995, 1997.
  3. Н. Грегори Мэнкью. Макроэкономика// -М; 1994 г.
  4. Теоретическая экономика. Политэкономия// Под редак. Г.П.Журавлевой. -М, 1997 г.
  5. С.Фишер, Р.Дорнбуш, Р.Шмалензи. Экономикс// -М; Дело, 1995 г.
  6. Экономикалық теория негiздерi. Оқулық// Алматы. "Санат", 1998 ж.
  7. Борисов А.С. Теоретическая экономика// -М;1997
  8. Камаев В.С. Теоретическая экономика // -М;1998
  9. К.Пасс, Б.Лоуз, Л.Дэвис. Словарь по экономике Коллинза// Санкт-Петербург, 1998 г.
  10. Краткий статистический ежегодник КАЗАХСТАНА-1998// Нацстатагенство, Алматы, 1999.
  11. Егемендi Қазақстан //Қаратаев Ж. Жұмыссыздық сейiле түстi/28 қараша 2000 жыл
  12. Статистический пресс-бюллетень // Нацстатагенство, 1999, №1, с.72
  13. Региональный статистический сборник ежегодник Казахстана 2001.
  14. Е.Б.Жатканбаев, К.С.Мухтарова. Безработица как фактор снижения уровня жизни населения//Вестник КазГУ. Серия экономическая, 1999, №1.
  15. Л.М.Сембиева. О социальных аспектах безработицы//Вестник КазГУ. Серия экономическая,1995, №2.
  16. Жанайдаров У.А., Байгелова А.И. Рынок труда и занятость в переходном времени//Вестник Казгу. 1999, №2.
  17. «Законодательство» версия 4.0

1 - Теоритическая экономика. Политэкономия. Под редакцией Г.П.Журавлевой. Москва-1997. 280 б.

2 - Экономикалыє теория негiздерi. Окулыє. Алматы. "Санат", 1998.

Похожие материалы