Алматы. 22 мамыр. 7kun.kz - Валюталық реттеу қағидаларының өзгерістері туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев бүгін Алматы қаласында өткен ҚЕУРО БҚ өкілдерімен кездесуде айтып берді.
«2017 жылы біз шетелдік инвесторлармен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасадық және бірлескен күш-жігеріміздің арқасында келісілген шешім таба алған сияқтымыз. Резиденттік мәртебесі бойынша филиалдардың мүддесі барынша ескеріліп, олар үшін валюталық режимнің ырықтандырылған қағидаттары сақталды», - деп түсіндірді Д. Ақышев.
Атап айтқанда, ол филиалдар валюталық шарттарды тіркеуден және шетел валютасын сатып алу мақсаттары бойынша шектеулерден босатылғанын атап өтті. Филиалдар басқа филиалдармен және бас компаниямен есеп айырысуларды кез келген валютада жүргізуге құқылы.
«Олардың қазақстандық резиденттермен есеп айырысуларын теңгеге аудару жалғыз өзгеріс болып табылады. Біз Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялар біздің экономикамыздың субъектілері болып табылатындықтан, біздің ұлттық заңнамамызға сәйкес жұмыс істеуге тиіс екендігін ақылға қонымды деп санаймыз», - деді Д. Ақышев.
Қорыта келе Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы өзгерістер мемлекет атынан жасалған келісімдермен қызметі реттелетін компанияларға қатысты емес екендігін баса айтып берді. Олар бейрезидент мәртебесінде қалады.