Адамдардың, компаниялардың не болмаса банктердің ақша алаяқтарынан зардап шеккендігі туралы оқиғаларды естіген боларсыздар. Мәселен, 2013 жылы Қазақстанда экономикалық қылмыс түрлерінен болған шығын 1,7 млрд доллар болған екен. 7kun.kz осы материалда ең кең тараған ақша алаяқтығының түрлерін баян етеді.
Жалған ақша жасау
Алаяқтық "іскери" қарым-қатынастар орнап бастағаннан пайда болды. Саудагерлер сатып алушыларды жарамсыз тауарды (құндыз жүнін мысықтікімен араластыру) жоғары бағамен сатып алдаса, сатып алушылар тауар үшін бүлінген тиынмен немесе тауармен есептескен.
Ежелгі Римде жалған ақша жасаушыны тауып берген азаматты өмір бойы салықтан босатқан, ал осындай ізгі әрекетті жасаған құлдарға еркіндік берілген. Жалған ақша жасаушылардың өздерін өртеп, аңға талататын болған. Үндістанда мұндай қылмыскерлерді ұстарамен тілімдеп тастаса, Францияда тірідей қайнаған суға тастапты.
Жалған ақша жасаудың ең өршіген кезі - 90-жылдар, бұл компьютерлік технологиялардың пайда болуына байланысты еді. Әр елде әр түрлі, бірақ орта есеппен алғанда әр мемлекетте ақшаның қорғаныс белгілері әр 7-10 жыл сайын жаңарып отырады. Қылмыскерлер осындай мерзімде сапасы жақсы жасанды ақшаны істеп үлгереді екен.
Қазіргі таңда елімізде жалған ақша жасау үлесіне экономикалық қылмыстардың 15%-ы тиесілі. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жалған ақша жасаған адам немесе топ 5-тен 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, бұған қоса мүлік тәркіленуі ықтимал.
Қаржы қызметтерінің нарығы жоғары қарқынмен дамып келеді, төлем жасаудың жаңа түрлері - карталар пайда болуда. Алаяқтар да қол қусырып отырмай, бөтен ақшаны алудың жаңа жолдарын тауып жатыр.
Кардинг
Кардинг - банк карталарына байланысты алаяқ операциялардың бейресми атауы, мұнда картаның өзі немесе оның реквизиттері пайдаланылады. Кардингтің бірнеше түрі бар. Біріншісі - бұл жоғалған немесе ұрланған карталардың пайдалану, мұндайда банк осындай картаны бұғаттап үлгірмей, алаяқ оны "босатып" тастайды. Екіншісі - жалған карта жасау, мұнда бөтен карта туралы заңсыз жолмен алынған ақпарат (яғни, карта нөмірі, клиенттің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және т.б.) пластикке (ақ пластикке) механикалық түрде басылады немесе жасанды картаның не болмаса шын картаның магниттік жолағына жазылады.
Төлем карталарының реквизиттері, әдетте, интернет-дүкендердің, төлем және есеп жүйелерінің бұзылған серверлерінен, сонымен қатар дербес компьютерлерден (тікелей, не болмаса "троян" және "құрт" деп аталатын қашықтықтан алу бағдарламалары арқылы) алынады.
Тағы бір түрі - пошта, телефон, Интернет арқылы түрлі тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беру, мұндайда картаның иесі емес адам төлем картасының деректерін пайдаланады.
Кардингтің екі нұсқасы бар - скимминг және фишинг.
Скимминг
Банкоматтар желісінің артуына байланысты оларға шабуыл жасап жатқандар қаптап кетті. Шабуыл үшін түрлі құрал-сайман жүреді: сүймен, ара, балға, балта, тіпті газ жанарғысын да қолданатындар бар.
Банкоматтардың ашылуы банктердің проблемасы болса, несие ұйымы клиенттерінің мұңы - алаяқтықтың жетілген тәсілдерінің пайда болуы, ең кең таралғаны - скимминг. Бұл бәле былай жұмыс істейді: банкоматтың үстіне арнайы оқып тұратын құрылғы - скиммер орнатылады, ол картаның магнит жолағын көшіріп алады, сонымен бірге бейнекамера орнатылады, оның міндеті пин-кодты біліп алу.
Қазақстанда да скимминг оқиғалары болып тұрады. Мысалға, 2013 жылы Болгария азаматы Алматыдағы бір қазақстандық коммерциялық банктің банкоматтарына скиммерлерді орнатып, клиенттер карталарының деректерін көшіріп отырған. Ол бес жылға бостандығынан айырылып, мүлігі тәркіленген.
Скимминг туралы толығырақ білгіңіз келсе, 7kun.kz бұл жайтты жан-жақты қамтыған мына материалды ұсынады.
Фишинг
Фишинг (ағыл. - балық аулау) - бұл компьютерлік алаяқтықтың ерекше түрі. Фишинг-шабуыл келесідей ұйымдастырылады: киберқылмыскерлер жалған сайт жасайды, ол сайт банктің, интернет-дүкеннің сайтынан және Интернет арқылы қаржылық есеп айырысуға мүмкіндік беретін басқа сайттан аумай қалады. Содан соң алаяқтар алдау арқылы пайдаланушының жасанды сайтқа кіргізіп, жеке мәліметтерін, мысалы тіркеу есімін, құпиясөзін немесе пин-кодын енгізуін күтеді, соны жасатуға тырысып бағады. Сол деректерді пайдаланып, қаскүнемдер пайдаланушылар шотынан ақша ұрлайды.
Көп жағдайда пайдаланушыны жасанды сайтқа тарту үшін электронды хабарламалардың жаппай таратылуы қолданылады, мұнда бұл хабарламаларды шынымен де банк немесе басқа бір қаржылық мекеме таратып отырғандай көрінеді, бірақ ішінде жасанды сайттың сілтемесі болады. Сілтемемен өтіп, сіз жасанды сайтқа өтесіз, онда сізден есептік деректерді енгізуді сұрайды.
Фишинг-хабарламалар шын банктер пайдаланатын логотип пен рәсімдеулерді пайдаланады, сілтемелері де Интернеттегі банктің шынайы мекенжайына ұқсас. Бұған қоса, шынымен сізге жөнелтілгендей хабарламада сіздің есіміңіз болуы мүмкін. Алаяқтардың хаттарында "банктің" сайтына өз деректеріңізді енгізуді талап ететіндей шындыққа жанасатын себептер айтылуы мүмкін. Мысалы, сіздің банкіңіз таңдап-таңдап жеке жазбаларды тексеріп жатыр немесе компьютерлік инфрақұрылымын өзгерткен, осыған байланысты клиенттерге өздерінің жеке мәліметтерін қайта енгізу қажет.
Қазақстанда 2013 жылы mobile500.kz алаяқтар сайты анықталған еді. Бұл сайт арқылы алаяқтар Қазақстандағы төлем карта иелерінің деректерін жинап отырған.
Смишинг
Смишинг - фишингтің бір нұсқасы. Бұл жағдайда алаяқтық Интернет арқылы емес, СМС-хабарлама арқылы жүреді.
Банктің клиенті банк атынан хабарлама алады, онда оның картасымен бір проблема туындап, "жасанды" сайтқа кіру немесе көрсетілген нөмірге қоңырау шалу туралы өтініш айтылады. Осындай СМС-тің бір түрі - "банк" клиентке акцияға қатысуды ұсынады. Осылайша, алаяқтар сіздің картаңыздың реквизиттерін алады.
Тіпті ұятсыздары тікелей қоңырау шалып, өздерін банк өкілі ретінде таныстырады. Содан соң, алдын-ала паспорттық мәліметтерді хабарлап, "салықты", "сақтандыру жарнасын" немесе "мемлекеттік бажды" дереу төлеу қажеттігін ескертеді.
2010 жылы i-Free Kazakhstan компаниясына қатысты болған дау - Қазақстандағы смишингтің ең жарқын мысалы. Алаяқтар жүздеген абонентке "Айфридом" ЖШС атынан СМС жолдаған. Оларға дыбыстық хабарлама тыңдау үшін белгілі бір нөмірге бос СМС жіберу қажет болған. Жіберілген СМС үшін 75 пен 700 теңге аралығында ақша алынған, бірақ дыбыстық хабарлама келмеген.
Несие алаяқтары
Алаяқтардың ең сүйікті ісі - бөтен кісінің атынан, әрине оны ескертпей, несие алу немесе несие картасын рәсімдеу. Соның салдарынан банк несиені сіз алды деп есептеп, оны қайтару жөніндегі тиісті талаптарды қоя бастайды.
Алаяқтық жолмен несие алу тәртібі күрделі емес. Алаяққа не бары "қарыз алушының" жеке мәліметтері керек, атап айтқанда паспорт деректері, тіркелген мекенжайы және осыған ұқсас мағлұмат.
Алаяқтықтың тағы бір түрі - "қара" брокерлер. Негізгі бұл әрекет жылжымайтын мүлік нарығына мәлім. Брокерлер банкте несие рәсімдеуді уәде етеді, барлық мәліметтерді жинайды, сіздің атыңызға несие алады, бірақ сізге банк несие беруден бас тартты деп айтады. Осылайша, несиені бейшара қарыз алушы төлейді, ал оның жазықсыз екендігін дәлелдеу қиынға соғады.
ҚР Ішкі істер департаменті ұсынған статистикаға сүйенсек, елімізде несиелік алдап-арбау алаяқтық түрлерінің арасында ең кең тарағаны.
Өкінішке орай, бұл алаяқтар қолданатын барлық тәсілдер емес. Технологиялар дамыған сайын қаржы ұйымдарының қорғаныс құралдары да күшейе түсуде, бірақ олармен бірге алаяқтық әдістері де жетілуде. Алайда, бұрынғыша адамдар ең қарапайым қауіпсіздік шараларын ұмытып, ең қарапайым "қақпандарға" түсіп қалады.
Жақын арада сайтымызда осылардың әрқайсысын тарқатып жазып, қорғану жолдары мен әдістерін баяндайтын материалдар сериясы шығады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024