Алматы. 27 мамыр. 7kun.kz — Астана халықаралық қаржы орталығының қызметін қаржыландыруға 56,1 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Қаржы министрлігі ұсынған бюджеттік бағдарлама жобасында 2019 жылы «АХҚО-ға нысаналы аудару» бағдарламасына 20 млрд теңге бағытталатыны хабарланады.
Ал 2020 жылы инвестиция сомасы 13,1 млрд теңгені, 2021 жылы - 12,5 млрд теңгені және 2022 жылы - 10,5 млрд теңгені құрайды.
Бұдан басқа, жобаның ақпаратына сәйкес, алдағы төрт жылда үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге 2,9 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2019 жылы – 694,6 млрд теңге, 2020 жылы – 709,7 млрд теңге, ал 2021 және 2022 жылдары 770,5 млрд теңгеден бөлінеді.
2019-2022 жылдарға арналған Үкімет резервіне 312,2 млрд теңге мөлшерінде шығыстар көзделген. Ағымдағы жылы 67,8 млрд теңге, 2020 жылы – 4,4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. 2021 және 2022 жылдары бұл сома жалпы алғанда 240 млрд теңгеге дейін өседі.
Сонымен қатар, саяси партияларды қаржыландыруға 27,1 млрд теңге бөлінеді. 2019 жылы шығындар 6,4 млрд теңгені құрайды. 2020 жылы бұл сома 6,7 млрд теңгеге дейін ұлғайып, 2021 және 2022 жылдары 14 млрд теңгеге жетеді.
«Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындау» бағдарламасына келер болсақ, жалпы төрт жылға оған 10,9 млрд теңге бөлінеді: ағымдағы жылы - 1,04 млрд теңге, келесі үш жылда - 3,3 млрд теңге.