Алматы. 6 наурыз. 7kun.kz — Бүгін республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетіне 13 жыл толды. Аптасына 5 рет шығатын күнделікті газеттің негізгі тақырыбы — саясат, экономика, мәдениет, спорт және қоғамдағы әлеуметтік мәселелер.
Алғаш газет 2004 жылы 6 наурызда жарық көрген. 2004-2007 жылдар аралығында Серік Жанболат, 2007-2008 жылдар аралығында Бауыржан Омарұлы редактор болған. Қазір Нұртөре Жүсіп басқаратын газеттің таралымы 40 000 данаға жуық, бейсенбі күні 32 беттік «Айқын-апта» қосымшасы жарық көреді.
2005 жылы газет Президент сыйлығын жеңіп алды. 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын иемденді.
Алғашқы нөмірге «Литер Медиа» ЖШС директоры Ерлан Бекхожин: «Қадірлі оқырман! Биылғы наурыздың айтулы жаңалығының бірі қолыңыздағы – «Айқын». Еліміздің ақпарат саласында қазіргі заманғы оқырман талғамына сай келетін, қазақ тіліндегі объективті газетті шығаратын уақыт баяғыда келген. Кез келген күрделі мәселені халыққа түсіндіріп отыру, қарама-қайшы пікір туғызған проблемаға объективті ақпарат беру, елең еткізерлік жаңалықты бұрын жеткізу – көктеммен бірге келген «Айқын» газетінің басты мақсаты», — деген құттықтау жазған екен. Назарларыңызға айқындықтардың өздері бөліскен, басылым туралы қызықты деректерді ұсынамыз.
«Айқынның» болашағы қандай болады? Басылымның құрылғанына бір жыл толған уақытта редакция ұжымы тәжірибелі жұлдызшы Назарбек Қожамсейітке осындай сауал жолдаған екен. – Менің болжамым бойынша, қарапайым оқырманнан бастап жоғары лауазымды шенеуніктерге дейін ә дегеннен өзін мойындатып үлгеріп, зор беделге ие болған «Айқынның» алдағы жылдарда БАҚ майданында ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Оған «Айқынның» әр санында жарияланған мақалалары толық дәлел болады деп айта аламын. Дәл қазір басылымның таралымы да ең іргелі, тарихы тереңде жатқан бірқатар газеттерден әлдеқайда жоғары, көш ілгері. Ал «Айқынның» жұлдызының орналасуына жүгінсек, ХХІ ғасыр – «Айқын» газетінің ғасыры болмақ. Басылым жұлдызының жанатын уақыты алыста емес. Бұл – көк тәңірі, жұлдыздарға сүйенгендегі жорамал-болжам, – депті болжамшы. Рас, одан бері «Айқын» газетінің жұлдызы жанған сәттері аз болған жоқ. Әлі де болса, бірқатар басылымдардың арасында озық тұратыны анық.
«Айқынның» арнайы беттері «Айқынның» аяғынан тік тұрып кетуі үшін редакция ұжымы күрделі тақырыптарды көтеріп, тың айдарлар ашып, арнайы беттер дайындауда көп ізденеді. Сол мақсатта «Айқынның Дидар TV газеті», «Ғажайып ғалам» – басылымның ғылыми, діни, танымдық газеті және «Құн» атты арнайы беттері дайындалады. Қарапайым газет нөмірі 8 беттен жарық көрсе, бұл қосымшалар аптасына 1 рет сол сегіздікке 4 бет болып қосылып отырды. Тіпті әрқайсысының өз редакторлары да болған. «Дидар TV» – сол кездегі телевизиялық жобалар, журналистік этика, сөз бостандығы және тағы басқа көрерменге айтары көк жәшіктің проблемаларын көтереді. Ал «Құн» – қаржы, нарық, экономика және адам капиталына қатысты бірқатар түйткілді мәселелердің түйінін тарқатқан. «Ғажайып ғаламда» аты айтып тұрғандай, діни және мистикалық тақырыптарды ғылыми, танымдық тұрғыда жазылып отырған. Кейінірек, аптасына 1 рет А3 форматында «Айқынның» арнайы қосымшасы жарық көрген. Бұл қосымша күні бүгінге сенбілік нөмірде басылып келеді.
Дизайн жайында… «Айқын» газетінің 13 жылдық тарихында төрт рет стилі мен дизайны өзгерген екен. Алғашқы дизайнның авторы сол кездегі жауапты хатшы – Мақсат Әділхан. Бұл уақытта басылымның сыртқы пішінін күлгін және сұр түстерді сәйкестендіру арқылы қалың оқырманға ұсынған. Бұдан кейін 2006 жылы газеттің сыртқы келбеті қанық қызыл сары және қара түстермен безендірілген. «Айқын» 9 жасқа толғанға дейін жаңа дизайнмен оқырманға жол тартқан. Мұндағы өзгеріс ашықтау қызыл сары мен қара түс. Ал қазіргі уақытта газет заманауи тың дизайнмен жарық көруде. Мұнда басылым атауының дизайны мен шрифті өзгерген және жалпы газеттің сыртқы келбетіне ұлттық ою-өрнек элементтері қосылған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024