Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Айқын» мүшел жасқа толды

«Айқын» мүшел жасқа толды

Алматы.  6 наурыз. 7kun.kz — Бүгін республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетіне 13 жыл толды. Аптасына 5 рет шығатын күнделікті газеттің негізгі тақырыбы — саясат, экономика, мәдениет, спорт және қоғамдағы әлеуметтік мәселелер. 

Алғаш газет 2004 жылы 6 наурызда жарық көрген. 2004-2007 жылдар аралығында Серік Жанболат, 2007-2008 жылдар аралығында Бауыржан Омарұлы редактор болған. Қазір Нұртөре Жүсіп басқаратын газеттің таралымы 40 000 данаға жуық, бейсенбі күні 32 беттік «Айқын-апта» қосымшасы жарық көреді.

2005 жылы газет Президент сыйлығын жеңіп алды. 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын иемденді.

Алғашқы нөмірге «Литер Медиа» ЖШС директоры Ерлан Бекхожин: «Қадірлі оқырман! Биылғы наурыздың айтулы жаңалығының бірі қолыңыздағы – «Айқын». Еліміздің ақпарат саласында қазіргі заманғы оқырман талғамына сай келетін, қазақ тіліндегі объективті газетті шығаратын уақыт баяғыда келген. Кез келген күрделі мәселені халыққа түсіндіріп отыру, қарама-қайшы пікір туғызған проблемаға объективті ақпарат беру, елең еткізерлік жаңалықты бұрын жеткізу – көктеммен бірге келген «Айқын» газетінің басты мақсаты», — деген құттықтау жазған екен.  Назарларыңызға айқындықтардың өздері бөліскен, басылым туралы қызықты деректерді ұсынамыз.

«Айқынның» болашағы қандай болады? Басылымның құрылғанына бір жыл толған уақытта редакция ұжы­мы тәжірибелі жұлдызшы Назарбек Қожамсейітке осындай сауал жол­даған екен. – Менің болжамым бойын­ша, қарапайым оқырманнан бас­тап жоғары лауазымды шенеу­ніктерге дейін ә дегеннен өзін мойын­датып үлгеріп, зор беделге ие болған «Айқынның» алдағы жылдарда БАҚ майданында ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Оған «Айқынның» әр санында жария­ланған мақалалары толық дәлел болады деп айта аламын. Дәл қазір басылымның таралымы да ең іргелі, тарихы тереңде жатқан бірқатар газеттерден әлдеқайда жоғары, көш ілгері. Ал «Айқынның» жұлдызының орналасуына жүгінсек, ХХІ ғасыр – «Айқын» газетінің ғасыры болмақ. Басылым жұлдызының жанатын уақы­ты алыста емес. Бұл – көк тәңірі, жұлдыздарға сүйенгендегі жо­рамал-болжам, – депті бол­жамшы. Рас, одан бері «Ай­қын» газе­тінің жұл­­дызы жан­­ған сәттері аз бол­ған жоқ. Әлі де бол­са, бір­­қатар басы­лымдардың ара­сында озық тұратыны анық.

«Айқынның» арнайы беттері «Айқынның» аяғынан тік тұрып кетуі үшін редакция ұжымы күрделі тақырыптарды көтеріп, тың ай­дарлар ашып, арнайы беттер дайын­дауда көп ізденеді. Сол мақсатта «Айқынның Дидар TV газеті», «Ғажайып ғалам» – басылымның ғылыми, діни, танымдық газеті және «Құн» атты арнайы беттері дайын­далады. Қарапайым газет нөмірі 8 беттен жарық көрсе, бұл қосымшалар аптасына 1 рет сол сегіздікке 4 бет болып қосылып отырды. Тіпті әрқай­сысының өз редакторлары да болған. «Дидар TV» – сол кездегі телевизиялық жобалар, журналистік этика, сөз бостандығы және тағы басқа көрерменге айтары көк жәшіктің проблемаларын көтереді. Ал «Құн» – қаржы, нарық, эко­номика және адам капиталына қа­тысты бірқатар түйткілді мәсе­ле­лердің түйінін тар­қат­қан. «Ға­жайып ғаламда» аты айтып тұр­ғандай, діни және мистикалық тақырыптарды ғылыми, танымдық тұрғыда жазы­лып отырған. Кейі­нірек, аптасына 1 рет А3 форматында «Айқынның» арнайы қосымшасы жарық көрген. Бұл қосымша күні бүгінге сенбілік нөмірде басылып келеді.

Дизайн жайында… «Айқын» газетінің 13 жылдық та­рихында төрт рет стилі мен ди­зайны өзгерген екен. Алғашқы дизайнның авторы сол кездегі жауапты хатшы – Мақсат Әділхан. Бұл уақытта басылымның сыртқы пішінін күлгін және сұр түстерді сәйкестендіру арқылы қалың оқырманға ұсынған. Бұдан кейін 2006 жылы газеттің сыртқы келбеті қанық қызыл сары және қара түс­термен безендірілген. «Айқын» 9 жас­қа толғанға дейін жаңа дизайн­мен оқырманға жол тартқан. Мұн­дағы өзгеріс ашықтау қызыл сары мен қара түс. Ал қазіргі уақытта газет заманауи тың дизайн­мен жарық көруде. Мұнда басылым атауының дизайны мен шрифті өз­гер­ген және жалпы газеттің сырт­қы келбетіне ұлттық ою-өрнек эле­мент­тері қосылған.

Похожие материалы