Экономика
"Қайрат" клубының ойындарына билет бағасы қымбаттайды
"Қайрат" футбол клубының ойындарына билет бағасы қымбаттай түседі. Жаңа өзгеріс 19 тамыздан бастап күшіне енеді деп жазылған клубтың ресми сайтында.
Енді Premium VIP ложасындағы орын үшін 5 мың теңгенің орнына 7 мың төлеу қажет. VIP ложадағы орын 3 мыңнан 5 мыңға дейін қымбаттады. D ложасындағы орын үшін 2 мыңның орнына 3 мың теңге төлеуіңіз қажет. Отбасылық сектордағы билеттер 2500 теңгеден сатылады. Батыс трибунадағы бірінші санат орындары 2 мың теңгеден, екінші санат орындары 1000 теңгеден тұрады. Шығыс трибунадағы бірінші санат үшін де жанкүйерлер 2000 теңге, екінші санат үшін 1000 теңге төлейді. Оңтүстік және Солтүстік трибунаға билет құны 200 теңгеден 500 теңгеге қымбаттайды.
Осыған дейін алынған маусымдық абоненттер 2015 жылдағы "Қайрат" футбол клубының барлық ойындары үшін жарамды.
Еске салайық, "Қайраттың" кезекті ойыны 24 тамызды павлодарлық "Ертіс" футбол клубына қарсы өтеді. Аталған матчтың билеттері жаңа бағамен сатылады.